Бүгін қазақстандық десантшылардың кәсіби мерекесі

Бүгін қазақстандық десантшылардың кәсіби мерекесі
Сурет: Inform.kz

Биыл отандық десанттық-шабуылдау әскерінің құрылғанына 22 жыл толып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

2000 жылғы 6 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Қарулы күштерінде ұтқыр күштер құрылды, олар кейін аэроұтқыр әскерлері болып өзгерді. Ал 2017 жылы заман талабына сай десанттық-шабуылдау әскерлері болып қайта жасақталды. Қазіргі уақытта десанттық-шабуылдаушы әскерлер – жоғары мобильді және соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, негізгі күштерден, оның ішінде жау тылында басқа да тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті әскер тегі. Олардың жауынгерлік қуатын десанттық-шабуылдау, артиллериялық, барлау, бітімгерлік құрамалары, бөлімдер мен бөлімшелер құрайды.

Десанттық-шабуылдау әскерлері барлық оқу-жаттығуларға, соның ішінде халықаралық жаттығуларға үнемі қатысады. Атап өтсек, олар армия халықаралық ойындарында нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Десантшы-жауынгерлер әрдайым өздерінің жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберліктерін, аса күрделі тапсырмаларды орындауға қабілеттілігін көрсетіп келеді.

Әуе-десанты дайындығы – бұл әскер тегінің маңызды құрамдас бөлігі. Көк тарландары күндіз де, түнде де, тіпті күрделі метеорологиялық жағдайларда да парашютпен секіру тапсырмасын орындайды.

Бітімгерлік қызмет атқаруда да десанттық-шабуылдау әскерлерінің қосқан үлесі зор. «Қазполк» әскери қызметшілері 2003-2008 жылдар аралығында Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысты. 2018 жылдан бастап «Қазполк» және «Тілендиев» бітімгерлік дайындық орталығы базасында қазақстандық бітімгерлерді, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштер контингентінің құрамында миссияларға қатысу үшін даярлау жүріп жатыр.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету қашанда абыройлы міндет. Бөлімдер мен бөлімшелерді жасақтауға қатаң іріктеу жүргізіледі. Мұнда отан алдындағы борышын өтеуге келген мерзімді әскери қызметшілердің спорттық разрядтары бар және психологиялық тұрақтылық деңгейі жоғары. Десантшылар қандай тапсырмаларды орындаса да, анық әрі шебер іс-қимыл жасап, батылдық пен ептілік көрсететін, шыдамдылығы мен жауынгерлік машығы мықты, кез келген сәтте егемен Қазақстанды қорғауға әзір нағыз жауынгерлер.