Бүгін – Дүниежүзілік ұйқы күні

Бүгін – Дүниежүзілік ұйқы күні
Сурет: Stolica-s.su

Адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді.

Дүниежүзілік ұйқы күні алғаш рет 2008 жылы 14 наурызда Халықаралық ұйқы комитетінің бастамасымен өтті. Содан бері жыл сайын көктемгі күн мен түн теңелердің алдындағы жұма күні аталып келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Calend.ru-ға сілтеме жасап. 

Ұйқы – ағзаның өмір сүруі үшін қажет ерекше форма. Дұрыс ұйқы кезінде ағза күні бойы жұмсалған күшін қалпына келтіреді, осылайша «өзін ретке келтіреді». Сол себепті де дені сау адам ұйықтап тұрғаннан кейін тыныққан әрі жаңадан күш жинағандай болады.

Теңгерімді тамақтану, күнделікті режимді дұрыс ұйымдастыру, ұйқыға жеткілікті уақыт бөлу — көптеген жылдар бойы физикалық және психикалық денсаулықты сақтау үшін қажетті жағдайлар.

Орташа алғанда, әр адам өмірінің үштен бір бөлігі ұйқымен өтеді. Ұйқы кезінде бізде ми белсенділігі төмендейді және оның реакциясы да бәсең болады.

Ұзақ уақыт бойы «ұйқының қанбай» жүруі адамның өмір сапасына әсер етеді: әзіл-қалжың азайып, көңіл-күй жоғалады, ашушаңдық пайда болады, адам өзінен өзі тұйықтала бастайды және бір ғана мәселеге шұқшия береді. Небәрі 4 сағаттық ұйқының аздығы реакцияны 45%-ға төмендетеді. Есте сақтау қабілеті нашарлап, түрлі аурулардың асқынуы мүмкін.

Дәрігерлер ұйқының бұзылуын болашақ инстульттар, инфаркттар, гипертония және басқа да күрдері аурулардың болуына әкелетін баспалдақ деп атайды. Сондай-ақ дұрыс ұйқы - жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың, семіздіктің алдын алудың әсер ете алатын әдістерінің бірі. Ұйқы мидың барлық артық ойлардан арылуы үшін нейрондық байланыстардан керексіз ақуыздарды «тазалайды».

Ұйқының қанық болуы үшін қарапайым әдістерді ұстанса жеткілікті. Ең алдымен, «ұйқының қанбай қалатын» кездерін жинай бермеу керек. Ұйықтар алдында алкоголь және кофеині бар өнімдерді ішпеген жөн – олар жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Тамаққа тойып алып немесе керісінше іш қабысып қалатындай аш жату да зиянды екені белгілі. Кешкі тамақтен кейін және ұйқыға дейін шамамен 4 сағат өту керек.

Алайда, көп ұйықтаудың да зиянды тұстары бар. Ғалымдардың пайымынша, ересек адам үшін тәулігіне 7-8 сағат ұйықтау ең жақсы әрі жеткілікті уақыт. Кейбір мамандар әйелдерге қосымша бір сағат ұйықтау артық болмайды деп санайды. Себебі олар эмоцияға әлдеқайда берілгіш келеді. Балалардың ағзалары қалыпты жұмыс істеуі үшін тәулігіне кемінде 10 сағаттан аз ұйықтамау керек.

Бұл күн өзіміздің ұйқымызға тағы бір рет мән беріп, яғни денсаулығымызға да көңіл бөлуге себеп болар күндердің бірі болсын. Ұйқыларыңыз қанық, көңілдеріңіз көтеріңкі, дендеріңіз сау болсын!