Бүгін Бейжің Олимпиадасының алғашқы іріктеу сындары басталады

Бүгін Бейжің Олимпиадасының алғашқы іріктеу сындары басталады
Сурет: Elorda.info

Бейжіңде Ақ Олимпиаданың алғашқы іріктеу сындары басталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Олимпиада ойындарының ресми ашылу рәсімі 4 ақпанға жоспарланған. Алайда, бүгін керлинг, шайбалы хоккей, фристайл сынды спорт түрлерінен алғашқы іріктеу жарыстары басталады. Ал 3 ақпан күні қазақстандық фристайлшылар жарыс алаңына шығады.

Естеріңізге сала кетсек, фристайл-могулдан Олимпиадаға Қазақстаннан Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков жолдама жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдаманы жеңіп алды. Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің байрағын биыл алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады. Оның бірі – шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі – конькиші Екатерина Айдова. Екеуі де - құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.