Бүгін "Астана кештері" ХI халықаралық өнер фестивалі ашылады

Бүгін "Астана кештері" ХI халықаралық өнер фестивалі ашылады
Сурет: Ort.com

Жыл сайынғы «Астана кештерi» халықаралық өнер фестивалі аясында 30 мамыр мен 4 маусым аралығында төрт концерт қойылады. Олар «Астана опера» мен «Астана балет» театрларында өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz сілтеме жасап.

«Жоба аясында көрермендер классика, халық, эстрада музыкасын Қазақстанға және барша әлемге танытып жүрген үздік орындаушылардың өнерін тегін тамашалай алады. Фестивальдің қонақтары әлемдік сахналарды бағындырған өнер жұлдыздары болғанына қарамастан, концерттерге барлық билеттер тегін таратылады. Фестивальдің ерекше қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар», - делінген мәлімдемеде.

Алғашқы концерт 30 мамыр күні сағат 19:00-де «Астана операның» камералық залында өтеді. Көрермендер белгілі композитор Пьер Тиллуаның (Франция) шығармашылық кешін тамашалай алады. Концертке қатысушылар: Тимур Урманчеев, фортепиано (Қазақстан), Анна Серова, альт (Италия), Квентин Фогель, скрипка (Франция), Шолпан Манкеева, скрипка (Қазақстан), Айгерим Ерсаинова-Шустер, қобыз (Франция), Мурат Нарбеков, виолончель (Қазақстан), Дина Мирманова, фортепиано (Қазақстан).