«Бозоқтан Ботайға дейін» салт аттылар экспедициясы жолға шықты

«Бозоқтан Ботайға дейін» салт аттылар экспедициясы жолға шықты
Сурет: Qazaqtv.com

Бабалар ізімен ежелгі қоныстарға саяхат.

Атқа қонған белсенді топ Сарыарқа төріндегі 1250 жылдық тарихы бар көне Бозоқ қалашығынан экспедицияға аттанды. Сәйгүлігін баптап, тұлпарын тақымға басқан 15 азамат теріскейдегі ежелгі Ботай қонысына бет алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Мақсат – дәуірлерді тоғыстырған тоғыз жолдың торабындағы Ұлы Жібек жолының тармақтарын жаңғырту, төл мәдениет пен ұлттық дәстүрді насихаттау.     

"Әр аялдамада тек қана атпен  жүру емес, сол жердің мәдениетін тарихын бүгінгі жастарға өнеге ету. Негізгі мақсатымыз – кешегі жүріп өткен батырлардың ізін жаңғырту, атқа міну мәдениетін, дәстүрін дәріптеу, сонымен қатар Қазақстан Республикасы рәміздерінің 30 жылдығының аясында, сонымен бірге белгілі археолог Виктор Зайберттің еңбегіне арналады", - дейді экспедиция мүшесі Дидар Оралбекұлы.

Сапар барысында салт аттылар Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінің киелі мекендеріне табан тірейді. Жол-жөнекей Домбыралы өзені, Имантау, Абылайхан қорымы, Ағынтай-Қарасай батырлар кешені сынды бірқатар қасиетті жерге ат тұяғын тигізбек.

Тамыры терең тартқан тарихи-мәдени орындарды бір аптаның ішінде аралап шығу жоспарланған. Экспедиция мүшелері күніне 60-70 шақырымды жүріп өтіп, бас-аяғы 450 шақырымды бағындыруды көздеп отыр.