Борис Джапаров: Еліміздің әр азаматын референдумға белсене қатысуға шақырамын

Борис Джапаров: Еліміздің әр азаматын референдумға белсене қатысуға шақырамын
Сурет: Facebook.com

Маусымның 5 күні Қазақстанда Конституцияға түзетулер бойынша референдум өтетін болды.

 Алматы қаласы Қоғамдық Кеңес мүшесі Борис Джапаров қазақстандықтарды маусымның 5 күні өтетін референдумға  белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Құрметті отандастар, Қазақстан халқы тарихи дамудың шешуші кезеңінің алдында тұр. Ескі коммунистік режимнің күйреуінен соң тәуелсіздігін алған еліміздің суперпрезиденттік басқару жүйесі бүгінгі күн талабына сай еместігін «қаңтар қырғыны» айқын көрсетті. 

Суперпрезиденттік билік 30 жылда Қазақстанды «супер мемлекетке» айналдыра алмады, керісінше ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кетті. Осы уақыт ішінде жоғары билікке етене жақын 160-қа жуық олигархиялық топтар пайда болып, ел дәулетінің қызығын, халық емес, тек солар көрді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Президент болып сайлануынан кейін етек ала бастаған демократиялық өзгерістер Қазақстан халқының қолдауына ие бола бастаған кезде, ұзақ жылдар шексіз билік пен байлыққа дағдыланған, осы топтың «марқасқалары» төңкеріс жолымен мемлекеттегі саяси билікті өз қолдарына қайта алуға қарулы әрекет жасап, тәуелсіздік тағдырына қауып төндірді. 

Міне осындай күн ел басына қайтадан төнбеу үшін, елімізді дамыған дәулетті де, әділетті, шын мәніндегі демократиялық мемлекеттер қатарына қосу мақсатта Президент Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы мен бағдарламасын ұсынып, бұқара халықтың көңілінен шықты. 

Бағдарламада көрсетілген игі мақсаттарға қол жеткізу үшін ең алдымен өзгерістердіің заңдық негіздерін құру қажет. Сол себептен үстіміздегі жылы маусым айының 5-і күні Қазақстанда Конституцияға түзетулер бойынша референдум өтетін болды. Референдумға қатысушылар ұсынылған әрбір түзетулер бойынша өз пікірін білдіре алады. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деген халық. Сондықтан, еліміздің әр азаматын референдумға белсене қатысып, батылдық танытып, ел болашағын айқындайтын Ата Заңымыздың сапалы да мазмұнды болып шығуына жеке үлесін қосуға шақырамын», - деп жазды Борис Джапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.