Кино арқылы қоғамда көптеген мәселені шешуге болады - актер

Кино арқылы қоғамда көптеген мәселені шешуге болады - актер
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Кино - өнердің төресі.

Кино арқылы қоғамдағы көптеген мәселені шешуге болады. Шешіліп те жатыр. Бұл туралы актер, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Мамытбеков Almaty-akshamy.kz-ке берген сұхбаты барысында айтты.

Егер жақсы жағына қарай жұмыс жасай білсе, киноның адамзатқа пайдасы зор екендігін айтады актер. Оның айтуынша, қазіргі таңда кино саласында, кино индустриясында көптеген жақсы жаңалық болып жатыр. Бүгінгі таңда елімізде жылына үш жүз-төрт жүздей фильмдер жарық көруде.

«Қазақстан ғарыштап дамыған сайын, кино өнері де дамып келе жатыр», - дейді актер.

Бүгінгі «Томирис» фильмдері кезіндегі «Қыз Жібек» сияқты әлемге танылып жатқанын айтқан ол, қазіргі кино саласындағы актер, режиссерлердің жұмысы шетелдік мамандардан еш кем еместігін алға тартты. Кино саласы мамандарының, тіптен шетелдік әріптестерінен асып түсетін де тұстары бар екен.

«Киноны қолға алғанда әркім өзінің мақсатына қарай жұмыс істейді. Бірі киноны қаржы табу мақсатында түсірсе, енді бірі керемет тарихи туынды жасауды мақсат етеді», - деді актер. 

Ол өзінің негізгі мақсаттарының бірі адамзатқа ой салатын, ізгілікке бастайтын кино түсіру, тарихи туынды жасау екендігін де жасырмады. 

«Менің негізгі мақсат-мүддем тарихи туынды жасау. Актер болғаннан кейін түрлі кино жанрларына ұсыныстар түсіп жатады. Комедия жанрларында ойнадым. Бұның бәрі әрине, тәжірибе жинауға, өзіңді дамытуға, бір орында тоқтап қалмауға үлкен қызмет жасайды. Кейде, тіпті жасыратыны жоқ, қаржы көзі үшін де рөлдерді сомдауыңа тура келеді», - дейді ол. 

Ол студент кезден Шәкен Аймановты көп зерттеген. Айманов ойнаған рөлдерді сомдап көру оның басты армандарының бірі.

«98 жылдар екінші курста оқып жүрген кезімде менде Шәкен Аймановтың 100 жылдығында не спектакльден, не кинодан орын аламын деген арман пайда болды. Бірақ әзірге ол арманыма жете алмадым. Ол болашақтың еншісінде деп үміттенемін. Шәкен Айманов  ойнаған рөлдерді, бейнелерді сомдап көргім келеді. Айманов – ұлы режиссер, жан-жақты кемелдікке жеткен адам. Сол кісідей болуды армандаймын», - дейді Болат Мамытбеков.

Мәдениет қайраткері Болат Мамытбеков кино фильмдерде рөлдерді сомдаумен қатар, режиссерлікпен де айналысып, спектакльдер де қояды, театрда да ойнайды. Өзінің айтуынша, мұндай шығармашылықпен айналысу оған ойын шыңдауға септігін тигізеді. Кейінгі төрт-бес жылда шәкірттер тәрбиелеп жүрген ол драматургияны да қолға алғанын айтты. Тек оны әзірге құпия сақтағанды жөн көрді. Уақыты келгенде жарыққа шығып, көрерменмен қауышатын сәтті күтуде. 


Оның осынау мамандықты таңдаған сәттен бері, санасының түкпірінде сақталып тұрған негізгі мақсаттары да бар. Ол мақсаттарына жететініне де сенім артады.

«Ең алдымен, «Көкшетау» поэмасы бойынша кино түсірсем деген ой бар. Бұл поэма толған даналық, терең философия. Осыны кинода көрсеткім келеді. Одан кейін Оралхан Бөкейдің «Атау кересіне» кино жасағым келеді. Санамның түкпірінде сақталып тұрған тағы бір арман-мақсатым Оспан батыр туралы фильм жасау», - деді мәдениет қайраткері.

Айта кетейік, Болат Мамытбеков алғашқы рөлін «Мектеп» сериалында химия пәнінің мұғалімін сомдаудан бастаған. Кейін «Хабар» теле арнасы түсірген «Менің тағдырым» киносына және «Ата-ана. Бала-шаға.» комедиясына, «Алпыстан асып барамын», «Әділет алаңы», т.б. фильмдерге түскен.

Еске сала кетсек, бүгін елімізде Кино күні аталып өтуде.