Болашақ әскерилер «Clean & Green» іс-шарасына белсенді атсалысты

Болашақ әскерилер «Clean & Green» іс-шарасына белсенді атсалысты
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Сенбілікке 100 ден астам курсант қатысты.

«Clean & Green» жалпықалалық сенбілігіне Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының және Алматы әскери-техникалық мектебінің 100-ден астам курсанттары қатысты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Жалпықалалық сенбілікке ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектеп директорының орынбасары Мұрат Сахратов шәкірттерімен бірге келді. Жігіттер аумақты күл-қоқыстан тазартып, шырша мен ағаш көшеттерін отырғызды. 

Алматы Әскери-техникалық мектебі директорының орынбасары Мұрат Сахратов қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялауға бағытталған мұндай акциялардың тәрбиелік мәні зор дейді. 

«Бүгін сенбілік болатынын естіп, курсанттарымызбен бірге Баум тоғайын абаттандыруға келдік. Біздің жігіттер өзімізге бөлінген аумақты түгел тазалап, қоқысын жинап, көшеттер отырғызды. Қала тұрғындары тәртіп сақтайды, тазалық сақтайды деп сенемін. Жігіттер білектерін сыбанып, ағаш отырғызып жатыр, әр плантацияда оқушылардың аты-жөні жазылған тақтайшалар ілініп тұр. Апта бойы олар келіп, суғарып, көшеттерді күтіп отыруға міндетті. Сүйікті қаламызды көркейтуге атсалысып жатқанымызға өте қуаныштымыз».