Бокстан АЧ-2023: Төртінші финалистің есімі белгілі болды

Бокстан АЧ-2023: Төртінші финалистің есімі белгілі болды
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстан боксшысы Абзал Серік Тайландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында жартылай финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

67 келіге дейінгі салмақта финалға шығу үшін Абзал Серік Камбоджа спортшысы Вантхунгпен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Қазақстан спортшысының жеңісімен аяқталды. 

"Осылайша, Абзал Серік турнирдің финалына шығып, құрлық біріншілігінің алтын жүлдесі үшін күреседі", - деп жазды Sports.kz.

Бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы сапында Санжар Тәшкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) және Махмұд Сабырхан (57 келі) Азия чемпионатының финалына шыққан еді. Сондай-ақ бүгін Қазақстан атынан Сабыржан Аққалықов (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Ерхат Бекзат (92 келі) және Аманат Сабырғали (+92 келі) сынға түседі.