Блогосферадағы алыпқашпа әңгімелерге қатысты Берік Уәли мәлімдеме жасады

Блогосферадағы алыпқашпа әңгімелерге қатысты Берік Уәли мәлімдеме жасады
Cурет: Baq.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли кейінгі шешімдері мен үндеулері бойынша блогосферада әртүрлі сипаттағы алыпқашпа әңгімелерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі BAQ.KZ тілшісіне телефон арқылы хабарлады.

- Мемлекет басшысының кейінгі шешімдері мен үндеулері бойынша блогосферада әртүрлі сипаттағы түсіндірмелер жариялануда. Осыған байланысты мынадай мәлімдеме жасау қажет деп санаймын: Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекетіміздегі ең жоғары лауазымды тұлға және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Сондықтан Мемлекет басшысы дербес шешім қабылдайды, – делінген Берік Уәлидің мәлімдемесінде.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының барлық үндеуді өзі жазатынын атап өтті.

Конституциялық құрылымға нұқсан келтіруді көздеген содырлардың Қазақстанға шабуыл жасаған қайғылы күндері де осылай болған. Қасым-Жомарт Кемелұлы отандастарымызға өзінің үндеулерін кеңесшілердің көмегінсіз әдеттегідей өзі жазды, – деді Берік Уәли.