Бизнеске көмек көрсету қорына бір тәулікте 1 миллиардқа жуық қаражат жиналды

Бизнеске көмек көрсету қорына бір тәулікте 1 миллиардқа жуық қаражат жиналды
Сурет: Ulysmedia.kz

Қазақстандық кәсіпкерлер зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарына қаржылай көмек көрсету үшін арнайы қор құрды

Оған тәулік ішінде 1 миллиардқа жуық қаражат жиналды. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, барлық қаржы операциясы цифрландырылып, жұртқа жарияланып отырады. Ал 30 кәсіпкерден тұратын арнайы комиссия ақшаның бөлінуін мұқият қадағалайды. Бүліктен бизнеске келген залал 100 миллиард теңгеден асты. Соңғы мәліметтер бойынша, бір жарым мыңнан астам кәсіпкер шығынға батты.

«Зардап шеккен кәсіпкерлер инфоқазақстан.кз сайтына кіріп, өтініш қалдыра алады. Онда келген шығын ауқымы мен көлемін фото және видеодеректер арқылы тіркеу керек. Қорға түскен қаражат арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінеді», - дейді Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.