БИЗНЕС ЖОБАЛАР БАЗАРЫНЫҢ ҚЫЗҒАН ШАҒЫ…

Ербол ТҰРЫМБЕТ

«Даму» КДҚ-ның «БЖК – 2020» бағдарламасына арналған баспасөз-туры турасында

Жүзеге асып келе жатқанына үш жыл уақыт өткен «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының, әсiресе, Алматы қаласы үшiн маңызы өте жоғары. Алайда, кәсiпкерлердi қолдауға бағытталған қаншама мемлекеттiк бағдарламалар жөнiнде қалың жұрттың әлi де толық ақпараттандырылмауы «БЖК – 2020» бағдарламасында да көрiнiс тауып отыр. Дегенмен, жүргiзiле бастаған бүгiнге дейiнгi үш жылдағы сатылы түрдегi сандық көрсеткiштер көздеген мақсатқа қарай өрiс алғанын байқатады. Осы жетiстiктерiмен бұқараны таныс етпек боп, жуырда баспасөз-турын ұйымдастырған «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қорының құнды деректерiне көз жеткiздiк.

Бәрiмiзге белгiлi, табиғи байлық өндiретiн iрi өндiрiс көздерi жоқ болғандықтан Алматы, негiзiнен, шағын кәсiпкерлiк, бизнес салаларына арқа сүйеп отыр. Дәл осы сала бойынша қаламызда бәсекелестiк орта елiмiздiң өзге аймақтарына қарағанда әлдеқайда нық қалыптасқан. Дейтұрғанмен, кемшiн тұстар кездеспейдi деу әсте қателiк болар, әсiресе, қызмет көрсету саласында.

Аталған бағдарлама арқылы шаруасын дөңгелеткен бiрнеше нысандарды журналистерге таныстыру мақсатында Қор өкiлдерi дайын дәрi-дәрмек өнiмдерiн шығаратын Медремзавод тобының құрамына кiретiн «МедАспапОптика» ЖШС зауытын, су-газ өткiзетiн болат құбырлар, көлемi шағын электрмен дәнекерлеу құбырларын өндiретiн «Алматы иiлген профильдер зауыты» ЖШС, сонымен қатар, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететiн «Пупченко» ЖК және «Dental center» ЖШС стоматологиялық клиникасын аралатты.

Келер жылғы субсидия төлемi 3,6 млрд. теңгеге артпақ

Ал, ендi «Даму» қорының бағдарлама аясындағы нақтылы көрсеткiштерiне тоқталайық. Қор таратқан мәлiметтерге сүйенсек, биылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша, 1-3 бағыттарда мақұлдаудан өткен жобалар саны – 193, ал, осы жылы бағдарламаға нақты қатысып жатқандары – 103. Сондай-ақ, тағы 139 жоба бойынша келiсiмдерге қол қойылған. Дөңгелектей келгенде, барлық 193 жобаға бөлiнген субсидиялы несие көлемi бүгiнде 83 880,5 млн. теңгенi құрап отыр. Мұнымен қатар, 2010 жылы 6,5 млн. теңге шамасында субсидия төленген болса, былтыр мемлекеттiк қолдау қаражатының көлемi 898,4 млн. теңгеге, ал, биыл 1 995 млн. теңгеге артқан. Қордың қалалық филиалының директоры Гүлзат Сымтықованың айтуынша, алдағы жылы төленетiн субсидия қаражатын 3,6 млрд. теңгеге дейiн жеткiзу көзделiп отыр. Бұның жыл сайынғы ұсынылатын һәм мақұлданатын жобалар санының өсуiмен тiкелей байланысты екенi белгiлi.

Бұл ретте, субсидияға ең көп ие болып отырғандары – өңдеу өнеркәсiбi (43?), көлiк және қойма (25?) салалары. Одан соң, орман шаруашылығы, денсаулық сақтау, бiлiм беру салалары айтарлықтай қаржылай көмек иеленген. Бағдарлама қатысушыларын саралай келгенде де осы көрсеткiштер өз нәтижесiн берiп отыр. Мәселен, жүзеге асып жатқан жобалардың басым көпшiлiгi өнеркәсiп саласына қатысты. Сондай-ақ, көлiк және қойма (20?) саласымен қатар, денсаулық саласына байланысты жобалардың (18?) белсендi қатысып отырғанын байқауға болады.

Жалпы, жобаларды мемлекет тарапынан қаржыландырудағы өзектi мәселе ретiнде олардың қаншалықты аяқтан тұрып, нәтижелi болып жатқанына мән беру керек. Себебi, тiрлiгiн ендi бастаған компаниялар немесе бизнес өкiлдерi үшiн бәсекелестiк мықтап қалыптасқан Алматыдай iрi қалада нарыққа дендеп ену өте қиын екенi белгiлi. Оған қоса, шетелдiк компаниялар өнiмдерiмен тайталасуға мүмкiншiлiк аз. Осы ретте бiр ескерерлiгi, мамандар Кедендiк Одаққа кiргелi берi елiмiздiң экспорты азайып, импорт саласы артып бара жатқанын айтуда. Мұндай жағдайда шетелдiк алып компаниялар бiздiң нарыққа ену үшiн ойланбастан демпингке бара алады. Себебi, бұған әлеуетi мүмкiндiк бередi. Ал, бастамашыл компаниялар үшiн бұндай қадам тағы да қосымша шығынға батыратындықтан, үлкен қиындық тудырады. Осы орайда, мемлекет басшысының барша қазақстандықтарды отандық өнiм тұтынуға шақыруы, сондай-ақ, жыл сайынғы мемлекеттiк сатып алу науқанында да отандық өнiмге басымдық беру жағы көп көмегiн тигiзуi тиiс.

«Даму» КДҚ төрайымының қоғаммен байланыс жөнiндегi кеңесшiсi Алмас Жұмағұловтың айтуына қарағанда, мемлекеттiң қолдауына ие болған барлық жобалар бойынша алғанда, олардың өз деңгейiнде iске асып кетуiнде кемшiлiк жоқ.

– Дегенмен, сәтсiздiкке ұшырайтын бiрлi-жарым жобалардың болып отыратынын жоққа шығара алмаймыз. Ондай жағдайда, бiз кәсiпкерлерге басқа сала бойынша өз бағын сынап көруге ұсыныс бiлдiремiз. Ол үшiн бiзде кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс iстейдi, – дейдi ол.

Қор төрайымы кеңесшiсiнiң айтуынша, қаржы бөлiнген кез-келген жоба қол қойылған өзара келiсiмге сәйкес, белгiлi бiр мерзiмге дейiн мемлекет бақылауына алады. Себебi, мемлекеттiң әрбiр тиыны мақсатты түрде жұмсалуы керек.

Төртiншi бағыт табысты жүруде

«Даму» қорының биылғы атап өтерлiк жаңалығы ретiнде Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылуын айтуға болады. Iске кiрiскен 1-қазаннан бастап қазiрге дейiн орталық тарапынан кәсiпкерлер үшiн 800-ге жуық қызмет көрсетiлген. Сондай-ақ, Қор өкiлдерi бағдарламаның «Кәсiпкерлiк әлеуеттi арттыру» атты төртiншi бағыты аясында да ауқымды шаралар атқарылғанын айтады. Айта кетейiк, төртiншi бағыттың ерекшелiгi – кәсiпкерлерге қаржылай емес, атап айтқанда, кәсiпкерлiктi бастау, қуатын арттыру секiлдi тетiктер бойынша кеңестер берiледi. Бұл ретте, төртiншi бағыт аясында өз кәсiбiн бастаушылар немесе оңалтушылар «Бизнес-кеңесшi», «Iскерлiк байланыстар» сияқты жобалар арқылы түрлi мәселелер бойынша толыққанды мағлұматтар ала алады. Қордың қалалық филиалының директоры Гүлзат Сымтықова төртiншi бағытта қарастырылған кеңес беру, әсiресе, кәсiпкерлердi оқытуда Назарбаев университетiнiң үлкен қызмет атқарып отырғанын айтады.

«Даму» қоры қалалық филиалының БАҚ өкiлдерi үшiн өткiзген брифингiнде осы аталған оқытулар бойынша бiлiктiлiгiн шыңдаған кәсiпкерлер – Айжан Тiленбекова мен Ермек Таңбаевтар өз жетiстiктерiн ортаға салды. Айжан Мерекенқызы – балалар аяқ киiмдерiн шығарумен айналысатын «Serif» ЖШС-нiң директоры болса, Ермек Уәлиғалиұлы «Тұлпар-такси» ЖШС-нiң директоры. Атап өтерлiгi, «Тұлпар-такси» компаниясының көлiктерi жанармаймен қатар, табиғи газбен де жүре алады. Әзiрге, газ құю үшiн көлiктер қалалық муниципалды автобус паркiне баруда. Ал, қалалық әкiмдiк пен «ҚазТрансГаз» компаниясы газ құю бекеттерiмен қаланы түгелдей қамсыздандыруды көздеп отырғанын ескерсек, алдағы уақытта аталған көлiктердiң қызметi жандана түсетiнi сөзсiз.

Айта кетейiк, жалпы, «БЖК – 2020» бағдарламасымен бiрге, өзге бағдарламалар жөнiнде де халықтың жеткiлiктi хабарландырылмауы әлi де өз ықпалын тигiзiп отыр. Бұны жергiлiктi әкiмдiктер де растайды. Мәселен, Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша 3 жыл iшiнде тек 20 жоба мақұлдаудан өткен. Оның iшiнде, 15-i – «БЖК – 2020»-ға тиесiлi. Ал, аудан басшылығы болса, аудандағы мемлекеттiк бағдарламаларға қатысушы жобалардың қатарын арттыру үшiн кәсiпкерлермен байланыстар орнатып, олар үшiн ұдайы семинар, тренингтер өткiзiп келедi.

Жалпы айтқанда, баспасөз-туры барысында «БЖК – 2020» бағдарламасының қарқын ала бастағанына куә болдық. Егер, алғашқы жылы небәрi 11 жоба қатысқан болса, былтыр – 43, ал, биыл – 103 жоба қатысушы ретiнде тiркелген. Қалалық филиал басшылары бұл меженi ендiгi жылы 200-ге дейiн жеткiземiз деп отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *