Бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы талқыланды

Бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы талқыланды
Almaty-akshamy.kz

Алматыда отандық өндірушілерді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға тартатын болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Е. Әбдіқадыровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңес барысында «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасының, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерінің, Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының, құрылыс салушы компаниялар мен бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы талқыланды, оның аясында қалада 37,1 мың оқушы орынды 22 мектептің құрылысы жоспарлануда. Қатысушылар болашақта салынатын мектептерді жиһазбен және құрылғылармен жабдықтау, салу және жарақтандыру мәселелерін талқылады, сапасы жағынан әлемдік баламалардан кем түспейтін қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілердің өнімдерімен (құрғақ құрылыс қоспалары, шатыр, әрлеу және лак-бояу материалдары, терезелерге арналған металл профильдер, есіктер, жиһаз және т.б.) танысты. 

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі қаладағы басым салалардың бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 657,6 млрд.теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 123,1%– ды құрайды (ҚР бойынша-103,5%). Ең жоғары өсім көлемі дайын металл бұйымдары мен машина жасау өндірісінде.

 «Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, мектептердің құрылысы күзде басталады. Мектептер салу бойынша белгіленген тәсілдерге сәйкес оларды жарақтандыру негізінен отандық өндірістің тауарларымен жүзеге асырылады. Әкімдік өз тарапынан осы жобаны іске асыруда жергілікті өндірушілерге барынша қолдау көрсетуге дайын», - деді Әлішер Әбдіқадыров.

Кеңес барысында мәслихат депутаты Игорь Проценко жайлы мектептер мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салудың арқасында өңдеуші өнеркәсіпті кең ауқымға дейін дамытуға нақты мүмкіндік бар екенін айтты. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Алматы қаласы бойынша жобалар жетекшісі Алмаз Үндігенов бүгінде қаладағы сегіз мектеп бойынша құрылыс салушылармен келісімдер жасалғанын айтты.

Айта кетерлігі, соңғы онжылдықта Алматы қаласы бойынша оқушылар саны жыл сайын халықтың табиғи өсуі мен ішкі көші-қон есебінен орта есеппен 12-14 мың балаға артуда. Осы кезеңде бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан екі есе көп болды. Бұл ретте қолданыстағы инфрақұрылым мектептердегі өсіп келе жатқан қажеттіліктерден айтарлықтай кейін қалды. Жаңа мектептер заманауи стандарттарды, қажетті инфрақұрылымды, жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз ете отырып, салынатын болады.