Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастаған кәсіпкерлер – Мемлекет басшысы

Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастаған кәсіпкерлер – Мемлекет басшысы
Сурет: Inform.kz

Бүгін елордада өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің нағыз батырларын атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді. Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарханы ас-ауқат толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі волонтерлер ерекше құрметке ие екенін атап өтті.

«Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар. Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі», - деді Президент.