Біз осы Таңжарықты білеміз бе?

Біз осы Таңжарықты білеміз бе?
qazaqstan.tv

Таңжарық ЖОЛДЫҰЛЫ – 120

Бар болғаны 44 жыл ғұмыр кешіп, оның 7 жылын түрмеде өткізген ақынның жырларында зар да бар, мұң да бар, сағыныш та бар, торығу да бар, үміт те бар. Ол - азаттық пен бостандықты, бейбіт қоғамды армандап өткен ақын. Аз уақыт Қазақстанда болып, Абай, Ыбырай, Мағжан жырларымен мол сусындаған.


Сөзімнің түбін ойла енді, елім...

Таңжарық Жолдыұлы - Алаш арыстарының арман-мүддесімен ұштасқан бағыт-бағдары шығармашылық жолын анықтап берсе де, сол жолда қытай өкіметінің түрме азабын молынан тартқан боздақ.

«Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,

Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз.

Кекпенен қолымызға құрал алып,

Желкеден гоминдаңды ұрмағымыз.

Келсеңдер Үрімжінің қаласына,

Көзің сал қалтарыс, сай-саласына.

Осыны өле-өлгенше ұмытпа деп,

Тапсырып кет балаңның баласына...

Көргенін атасының оқып көрсін,

Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін!

Бабамның тарихы деп табын танып,

Залымнан кегін алып, қолында өлсін!

Келеді түн орнына жарық сәуле,

Сенемін, емес мұным бекер әуре.

Сөзімнің түбін ойла енді, елім,

Қолыңа осы сөзім тисе зәуде», – деп ол болашақ ұрпаққа аманат жырларын қалдырған.

 

Жырымен тар қапасты талқандаған

Қазақ оқырмандарына Таңжарықтай ақын туралы, оның қамау-қапаста жазылған жырлары туралы алғашқы хабарды жеткізген қазақтың халық жазушысы Сәбит Мұқанов болатын. Ол 1956 жылы Қытай еліне іссапармен баруға сәті түскенде қатты қуанады. Көкейінде Шоқанның ізі қалған  Қашқарияға соғу, шекараның арғы жағындағы қазақтармен, қырғыздармен тілдесу, тұрмыс-тіршіліктерін өз көзімен көріп, ойға түйгендерін қағазға түсіріп, оқырмандарына жеткізу болғаны анық. Қытайлықтардың өмірінен кеңірек сыр шертуді де діттеді. Сол сапардан соң көп ұзамай, өзінің «Алыптың адымдары» деген жолжазбасын кітап қылып шығарды (1959). Осы кітапта ол Шыңжаң өлкесінде болғанда қасына еріп жүрген Бұқара Тышқанбаевтан Таңжарық туралы біраз мәлімет алғанын жазады. Бұқараның әйелі, Таңжарықтың туған қызы Сараны көреді. «Халық бостандығы үшін күрескен адамдардан қолына түскен кісіге Шың­Ши-цай бандаларының қандай азап көрсеткеніне Шыңжаң ақыны Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері куә», – деп, Талқының асуында тұрып тыңдаған Таңжарық өлеңдерін барлық бояуын сақтап жеткізген.

 

Ақын тағдыры немесе тағдырлы ақын

1993 жылы Таңжарық ақынның 90 жылдық тойы Алматыда, содан соң Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қақпақ ауылында аталып өткені есімізде. Академик Зейнолла Қабдолов бастап барған бір топ ақындар мен жазушылар, ғалымдар алдымен Қарасазға соғып, Мұқағалидың музейін аралап көріп, одан соң Қақпаққа аттанғанбыз. Қақпақта өткен үлкен жиында З.Қабдоловтың тебірене де толғана Таңжарық туралы баяндама жасағаны жадымызда. Ол сонда: «Ақын лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, өлең роман, қисса, айтыс өлеңдерден халқына отыз мың жолдай мұра қалдырған. Осы туындылары арқылы ол Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлар арасынан көктеген рухани жалғасы, салалы бұтағы екендігін танытты. Қытайдағы қазақтардың жазба әдебиетінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі болды. Әлеуметтік, қоғамдық, өзге де өнегелі жұмыстарының нәтижесінде олардың бүгінгі дамыған баспасөзінің, оқу-ағартуының да негізін қаласты. Таңжарық ақын, қоғам қайраткері ғана емес, әнші, композитор, халықтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы», – деген еді. Ақын тағдыры немесе тағдырлы ақын туралы әңгіме тиегі ағытылғанда, Қабдеш Жұмаділов, Рымғали Нұрғалиев, Марфуға Айтқожина, Құрманбай Толыбаев, Сейдәлім Тәнекеев, Оразақын Асқар, Еркін Ібітанов, Шәймерген Әлдибеков қатарлы сөз тізгінін ұстаған азаматтар алғаусыз көңілден ақтарыла ой бөліскен, сыр бөліскен болатын. Қысқа өмірінің екі жылын Таңжарық осы Қақпақта өткізіпті. Қойдым қызбен айтысқаны, Нұриламен айтысқаны сол тұс.

 

Таңжарықты тану – жырлары түрменің тас қабырғаларын

талқандап жарып шыққан ақынды тану деген сөз.

 

«Қазақ поэзиясына құйып жатқан ұлы арна»

 Таңжарық шығармашылығын көп жылдар бойы зерттеп, зерделеп жүрген ауыл мұғалімі, ақын Тілеужан Сақалов сол айтыстарды жатқа соғатынының куәсі болып, қол соққанбыз. Одан бері де зымырап отыз жыл өтіпті! Бұл жылдар босқа өткен жоқ. Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжарық» романы жарық көрді. Ақынның жыр кітаптары баспадан шықты. Естеліктер мен зерттеу мақалалар жазылды. Тұрсынбек Кәкішұлының «Таңжарықты бастан-аяқ түгел оқыған адам оның қазақ поэзиясына құйып жатқан ұлы арналардың бірі екеніне еш шүбә келтірмейді. Таңжарық түрме туралы жырларында тек өз қасіретін ғана айтып қоймай, өзімен тағдыр-талайы бір Ахмет пен Міржақыптың, Мағжан мен Ілиястың, Сәкен мен Бейімбеттің де сыртқа шығара алмай кеткен кекті ашуын қоса жырлағандай әсер қалдырады», – деген пікірі де ойландырады.

Ақынның «Түрме халі» дейтін толғауын бейжай оқу мүмкін емес.  Көзіңе жас, көмейіңе өксік тығылады.

«...Дөңгелек бір тақтай бар қалың шапқан,

Бетіне қанмен сырлап, бояу жаққан.

«Жалаңаш құйрық қойып отыр» – дейді,

Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,

Қан деген май құйрықтан судай ағып.

Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,

Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып?!

Адамның жаны кетіп денесінен,

Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.

Тәңірге дауысың жетіп зарланасың,

Тырнақтың ине сұқса көбесінен».

 

Тор ішінде аласұрған арыстан

 Осы орайда ойыңа атақты Мәди Бапиұлының орыс отаршылдарынан тартқан қорлығы оралады. «Абақты қатар-қатар болады екен // Ішіне жақсы, жаман толады екен // Ішіне абақтының кіріп барсаң // Көңілің су сепкендей болады екен!», – дейтін еді ғой ол. Таңжарықтың көрген азабы мен тартқан тозағы қаншалықты ауыр болғанын салыстыра қарап-ақ ұғынасыз. Түрменің аты – түрме. Таңжарық өзін ғана емес, соңында қалған туыстарын ойлай қамығып отырып, елінің ертеңі не боларын уайымдайды.

 «Баспана – жыртылған қос, сауын жалғыз,

Не болар кемпір менен шалым менің.

Аударып феодалдық өктемдікті,

Қай уақытта атар екен таңым менің.

Қапаста шырылдаған бозторғаймын,

Бұлбұлдай естілер ме әнім менің.

Еске алса езілгендер зұлымдардан,

Түрленер еді сонда сәнім менің.

Көксеген арманыма жетіп өлсем,

Шірімес қабырда да тәнім менің».

 Ойымызға фашистердің Моабит түрмесінде жатып, рухты жырлар жазған татардың қайсар ақыны Мұса Жәлел оралады. Таңжарық та тор ішінде аласұрған арыстан еді ғой. Арыз-арманын жырларымен жеткізіп кетті:

 

«Дүние әлеміне созамын қол,

 Адасқан мен бір ғаріп таба алмай жол.

Торланып біздің басқа түсті тұман,

Айықсын алдағы күн, тілегім сол»,  –  деді ол.

Таңжарықты тану – заман мен қоғам қысастығынан жазықсыз жапа шеккен қазақты тану деген сөз, болашақ ұрпаққа аманат жырлары түрменің тас қабырғаларын талқандап жарып шыққан ақынды тану деген сөз.

 Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің

 әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, филология ғылымының кандидаты