Биыл 30 оқулық аударылып, оқырманға жол тартады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес «Ұлттық аударма бюросын құру керек» дей келе, нақты тапсырмалар жоспарын бекітті. Сөйтіп, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске қосылды.
Бүгінгі сұхбатымызда Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асу барысын баяндап, бюроның алдағы жұмыс жоспары мен мақсаттары жайында айтып берді.
«ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ»
– Рауан Кенжеханұлы, ауқымды жұмысты қолға алдыңыздар. Бір жылда неше кітап аударылды?
– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Рухани жаңғыру» идеясы аясында жүзеге аса бастаған тың жобалардың бірі. 100 жаңа оқулықтың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше болмақ. Бүгінгі таңда алғашқы 18 кітап аударылып болды. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, дінтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік бағыттарды қамтыды.
– «100 жаңа оқулықтың» алғашқы аудармасы оқырман қауымның қолына қашан тиеді?
– 10 мың данамен шығатын алғашқы 18 оқулық сәуір айының ортасына қарай баспадан шығады. Барлық оқулықтар еліміздегі мемлекеттік жоғары оқу орындарына тегін беріледі. Осылайша жаңа оқу жылы басталмай тұрып, оқытушылар жаңа оқу құралдарымен танысуға мүмкіндік алады. Артынша қыркүйек айынан бастап жаңа оқулықтарды біртіндеп сабақ кестесіне қосады. Оқулықтардың электронды нұсқасы Ұлттық аударма бюросының сайтына орналастырылады.
– Ал биыл қанша кітап аудару жоспарда бар?
– Жыл соңына дейін 30 оқулық тәржімаланып, оқырманға жол тартпақ. Кітаптар батыс философиясының тарихы, тіл білімі, семиотика, жаңа педагогика, ғаламтор психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихы сынды бағыттарды қамтиды. Бұдан бөлек, экономика мен кәсіпкерлік туралы аударылатын алты оқулық еліміздегі бизнес-мектептерге МВА бағдарламасын қазақ тілінде жасап, оқытуға мүмкіндік бермек.
– Бұл жобада гуманитарлық бағыттағы оқулықтардың аударылуына басымдық берілген. Мұның сыры неде?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат етеді. Ал қоғамдық сананы қалыптастыратын – гуманитарлық ғылымдар. Бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың бәрі экономиканы, әлеуметтік және саяси салаларды дамытуға негізделсе, «Рухани жаңғыру» тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, болмысын, салт-дәстүрін жаңғыртпақ. Бұл жоба – рухани жаңғыру деген ауқымды бағдарламаның құрамдас бөлігі.
Оның үстіне елімізде негізгі іргелі ғылымдарға арналған оқулықтар біртіндеп аударылып жатыр. Мәселен, индустриалды-инновациялық даму бағыты жобасы аясында отандық техникалық жоғары оқу орындарының студенттері 400—500 жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілген еді.
– Аударылатын кітаптар қалай іріктеліп алынды? Бұл кітаптар оқулықтар ма, әлде жекелеген авторлардың зерттеу еңбектері ме?
– Әрине, кітаптар белгілі бір іріктеуден өтті. Іріктеудің басы оқу орындарынан басталды. Біз оларға өтініш жіберіп, өздеріне қажет деген оқулықтар тізімін сұраттық. 800-ден аса оқулықтың тізімдері келді. Оның ішінде оқулықтар да, жекелеген зерттеу еңбектері де болды. Бірақ барлығы да алдыңғы қатарлы оқу орындарында гуманитарлық бағыттағы оқу бағдарламасында бар кітаптар. Сондай-ақ, Ұлттық аударма бюросының қойып отырған талабына сәйкес, әрбір оқулық әлемдегі ең мықты оқу орнында шыққан болуға тиіс. Кем дегенде, баспада үш рет басылғаны жөн. Әрі таралымы да жоғары болуы керек. Осы талаптар ескерілген жағдайда ғана оқулықты аудару процесі басталады. Бұл талаптар оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін, оның мазмұн тұрғысынан өзектілігін растайды.
– Рауан Кенжеханұлы, аударма жасау деген оңай шаруа емес. Бюроның аударма жұмысы қалай ұйымдастырылып жатыр?
– Елдегі аударма ісіне айтылып жүрген сын белгілі. Бұл күрделі, жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселе. Аударма кітап шығарып, оны таратудың коммерциялық арнаға түскен индустриясы болмағаннан кейін, аударма ісі де қажетті кәсіби биікке шыға алмай жатыр. Аударма мектебі әлсіз, соның ішінде, әсіресе ғылыми аударма саласы кенжелеп қалған, өзі сала маманы, өзі аудармашы бола алатын ғалымдар өте аз, отырып сапалы жұмыс істеуден гөрі наз бен сын айтуға әуес тіл жанашырлары өте көп. Ғылыми аударма болғаннан кейін, аударманы тіл білетін сала мамандары жасауы шарт. Сондықтан алғашқы аударма мәтіні негізінен ұлттық жоғары оқу орындарының тиісті кафедра мамандарының қолынан шығып жатыр. Осыдан кейін аударма тобында болмаған сала маманы ғылыми редакция жасайды. Оның міндеті – мәтіннің ғылыми дәлдігін тексеріп, растау. Осыдан кейін әдеби редакция жүреді. Оны тіл мамандарынан құралған, кәсіби редакторлар жасайды. Олардың міндеті – мәтіннің сауаттылығын, тіл нормаларына сәйкестігін қарап, оның ұғынықты, жатық болуын қамтамасыз ету. Қажет болса, осы сатылар бір емес, бірнеше мәрте жасалады. Осыдан кейін кітап беттеліп, корректордың қарауына өтеді. Оның міндеті – әріп қателерін жөндеп, үтір-нүктенің, тыныс белгілерінің дұрыстығын қарау.
«ОҚУЛЫҚТЫҢ БІР БЕТІНІҢ АУДАРМАСЫ – 7 МЫҢ ТЕҢГЕ»
– Оқулықтар қазақ тіліне қай тілден аударылып жатыр?
– Оқулықтардың дені негізінен ағылшын тілінен аударылуда. Дәлірек айтқанда, түпнұсқадан аударылған 18 оқулықтың 16 кітабы ағылшын тілінде жазылған. Бір кітап француз тілінен, тағы біреуі орыс тілінен аударылды. Жалпы, аударуға іріктеліп алынған оқулықтардың 40 пайызы орыс тіліндегі кітаптар болды. Дегенмен, біздің бюро оқулықтарды түпнұсқадан алып, аударуды талап етті.
– Қазақстанда ағылшын тілін жетік меңгерген оқытушылар бар ма?
– Философия, әлеуметтану, психология мен экономикадан сабақ беретін оқытушылардың ішінде ағылшын тілін білетін мамандар бар. Дегенмен, ағылшын тілін білмейтін мұғалімдер де жоқ емес. Тағы бір мәселе, ағылшын тілін білетін маман қазақ тілін еркін білмейді. Керісінше, қазақшаны еркін білетін маманға ағылшын тілі қиындау тиеді. Сондықтан бастапқыда аударма жұмысы кезінде пәнді білетін адам, ағылшын тілі мен қазақ тілін меңгерген үш адам отырды. Осылайша үшеуі бір-біріне мәселенің мән-жайын түсіндіре отырып, аударма жасады.
– Оқулықтарды аудару кезінде ғылыми термин мәселесінде қандай қиындықтар болды?
– Әрине, термин мәселесінде бізді тұйыққа тіреген тұстар болды. Мәселен, 18 оқулықты аударған кезде қазақ тіліне енгізуді қажет еткен 3 мың дефинициялық ғылыми түсінік кездесті. Аударма кезінде кейбір терминдер бұрыннан бар болса, енді бірін аудару керек болды. Сонымен қатар, халықаралық қолданыстағы терминдерді де кәдемізге жараттық.
Біз әр сөзді, әр ұғымды ақылдасып қолдануға тырыстық. Мамандар бір-бірінен кеңес алып отырды. Соңында ортақ шешім қабылдады. Терминді қазақшалаған кезде ортақ түсінік қалыптастыруды мақсат тұттық. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көпшілікке ұғынықты болуын қамтамасыз етуіміз керек болды. Қазақ тілінде терминдер болмаса, орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыруға тырыстық. Орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліндегі ұғымға сәйкес келмейтін болса, онда түпнұсқадан көп айнымайтындай еттік. Оқулық шыққаннан кейін тіл мамандары тарапынан сын пікірлер туындауы мүмкін. Біз ол сынға дайынбыз.
– Елімізде оқулықтарды аудара алатын ғылыми институттар бар. Бұл ретте мемлекеттік жобаны үйлестіру үшін үкіметтік емес ұйым құру қаншалықты қажет еді?
– Гуманитарлық сала бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, оқырмандардың игілігіне ұсыну – аса жауапты әрі сауапты іс деп білемін. Қандай ғажап оқулық болса да, сапасыз аудармамен ол алысқа бармайды. Сол себепті, бұл жұмысқа талантты, тілге бай белгілі қаламгерлерді іске тартып, тәржімаға қатыстырып отырмыз. Бұл ретте аударма ісіне жаңадан үкіметтік емес ұйымды ашудың қажеті болмады. Өйткені, «WіkіBіlіm» қоғамдық қоры ғаламтордағы қазақ тіліндегі білім беруге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында 2011 жылы құрылған болатын. Бұл ұйым атын өзгертуіне байланысты қайта тіркеуден ғана өтті. Бар болғаны сол. Қордың құрамында 40 адам (көбі редакторлар) жұмыс істейді. Сонымен қатар, біздің бюромен аутсорсингтің жүйе бойынша жұмыс істейтін тағы 200 маман бар.
– Рауан Кенжаханұлы, құпия болмаса, бір оқулықтың аудармасы қанша тұрады?
– Оқулықтың бір бетінің аудармасы – 7 мың теңге. Соның ішінде 3 мың теңгесі аудармашыға, 1,5 мың теңге ғылыми редакторға, келесі 1,5 теңге әдеби редакторға, қалған сомасы дизайн мен беттеуге тиесілі. Мысалы, Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітабы 496 беттен тұрады. Яғни бұл кітаптың аудармасы бюджетке 3,5 млн.теңгеге түсті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мәншүк БЕКБОСЫН.