«Біткен іске сыншы көп»

«Біткен іске сыншы көп»
almaty-akshamy.kz

Мәжіліс спикері ЕҚЫҰ-ның Президент сайлауы туралы қорытындысына пікір білдірді

«Біріншіден, мұны ұйымның сыны емес, ұсынымы деп түсіну керек. Екіншіден, "біткен іске сыншы көп" деген сөз бар. Сондықтан, біз өзіміз үшін кімнің пікірі маңызды екенін айқындап алуымыз керек. Меніңше, бізге Қазақстан халқының пікірі маңызды. Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлына басым көпшілікпен өзінің сенімін, қолдауын көрсетті. Әділ әрі таза сайлау өтті. Бұған ешкімнің ешқандай күмәні жоқ шығар деп мен ойлаймын», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, ол сайлаудың алдында ел аралап, халықтың қазіргі Президенттің саясатына деген ұстанымы қандай екенін көріп қайтқанын еске салды.

«Біз базарларға барып, жұмыссыз жүрген жастармен кездестік. Шахталарға дейін түстік. Бүкіл жерге барсақ та, қолдау болды. Қоғамдық ұйымдармен, әртүрлі пікірі бар азаматтармен кездестік. Иә, сын бар. Иә, кейбір мәселелерге байланысты әркімнің өз пікірі бар. Бірақ түптеп келгенде, Қазақстанға бірінші кезекте тұрақтылық, алмағайып заманда аумағымыздың, тұтастығымыздың сақталғаны керек. Сыртта болып жатқандарды ішімізге кіргізіп алмауымыз керек. Осыны сіздер дұрыс түсінулеріңіз керек», - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы кезектен тыс өткен президент сайлауына 35-ке жуық елдің өкілдері келіп, оның көбі оң бағасын бергенін айтты.

«Ал егер сын-пікірлер болса, оған Сыртқы істер министрлігі өзінің пікірін, жауабын айтты. СІМ өзінің келіспейтінін айтты. Бәсекелестік болды. Бес азаматты қалайша бәсекеге лайық емес деп, оларды төмендетуге, құқығын шектеуге болады? Солай бола ма? ЕҚЫҰ-ның бұған дейін берген трафаретті ұсынымдарының көбі ескерілді. Кейбір жерінде психикалық ауытқуы бар азаматтардың да дауысын есептеу керек дейді. Осы бойынша сынайды. Оны қабылдау керек пе, жоқ па? Өз ұстанымымыз, көзқарасымыз бар. Біз егеменді елміз ғой», - деді спикер.