Бірнеше өңірде мектеп оқушылары онлайн оқу форматына көшті

Бірнеше өңірде мектеп оқушылары онлайн оқу форматына көшті
Сурет: Ашық дереккөзі

Еліміздің бірқатар өңірінде ақ түтек боран әлі басылған жоқ.

Еліміздің бірқатар өңірінде ақ түтек боран әлі басылған жоқ. Қолайсыз ауа райы салдарынан тас жолдардың 61 учаскесінде қатынау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Төтеншеліктер жолды қалыпқа келтіруге күш салғанымен, қыс қаһары қатты болып тұр. Мамандар соңғы бір тәулікте ескертуге қарамастан, жолға шығып кеткен 40-қа жуық адамды аман алып қалған. Олардың қатарында бала да бар.

Төтеншеліктердің ақ түтек боранмен арпалысқалы төртінші тәулік. Қазір елдегі республикалық автожолдардың 21  учаскесінде көлік қозғалыс шектетілген. Шығыста жағдай соңғы тәулікте қиындай түскен. Ұлытау мен Қостанай, Жезқазған мен Петропавл арасын жалғаған автожолда көліктің барлық түрімен қатынау тоқтатылды.

«Осы бір жетінің ішінде бірыңғай 1403 колл-орталығы 40 мыңнан астам қоңырауды қабылдады. Оның барлығы жолда қалып қойған көліктер, көмек сұрағандар, республикалық маңызы бар жолдар туралы ақпарат алғысы келетін тұрғындардан келіп түсті», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.

Күн райы қолайсыздығын жолаушыларға ғана емес, мектеп оқушыларына да тигізді. Бүгін үшінші тоқсанды бірқатар өңірде балалар онлайн оқып бастады. Қатты аяз салдарынан Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Семей, Астанада 1 мен 9 сынып оқушылары қашықтан білім беру форматына ауыстырылған. Бұл тағы 2-3 күнге созылуы мүмкін. Себебі «Қазгидромет» мамандары алдағы күндері барлық өңірде қалың қар жауып, күн күрт суытады деп болжап отыр.

«Ауа температурасы еліміздің батысында түнде 27-33, күндіз 15-25 градус аяз, оңтүстік-батысында түнде 12-23, күндіз 5-15-ке дейін аяз және солтүстік-батысында 32-40-қа дейін аяздан 20-30 аязға дейін төмендеуі күтіледі», – деді инженер-синоптик Алтынзер  Есбусинова.

«Бізге хабарлама таңертен келеді. Бірінші және екінші ауысымға ауа райы қолайсыздығына байланысты сабақты онлайн өтуге дайынбыз», – деді Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің мұғалімі Сандуғаш Қуанышбекқызы.

Төтеншеліктердің ақпарынша, күн райына қарамай жолға шығып кететіндер көбейген. Соңғы тәулікте құтқару қызметі аязда тоңып, жолда қалған 37 адамды аман алып қалыпты. Арасында кәмелетке толмаған тоғыз бала бар. «Мұнымен қоса, қазір республикалық маңызы бар жолдар бойында діттеген жеріне жете алмай ұзын-сонар кезекте тұрған көліктер де аз емес», - дейді мамандар. Абай облысында 80, Көкпекті – Қалбатау бағытында 39, Ақтөбеде 40-қа жуық көлік жиналып қалған.

«Өткен тәулікте Астанада 78 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Астана қалалық ПД ауа райы жағдайына байланысты жол қозғалысының барлық қатысушысына барынша мұқият болуын ескертеді. Жүргізушілерге көлікті жол бойына қоймауға, қоғамдық көліктер қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырамыз», – деді ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Ержан Әдiлбеков.

Мамандар бүгін-ертең халықты аяз бен боранда алыс жолға шықпауға шақырады. Бүгін Астанадан барлық бағытқа шығатын тасжолдар жабылған.