Бір түнде 3 көлік ұрлаған алматылық қолға түсті

Бір түнде 3 көлік ұрлаған алматылық қолға түсті
Сурет: Рroprikol.ru

Күдікті ұрлаған көліктерімен жол апатына ұшыраған.

Алматыда өткен түнде екі жеңіл автомашинасы мен "жедел жәрдем" көлігін ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Құлжа трактісіндегі тұрғын үй кешенінің аумағынан BMW маркалы автокөлікті айдап әкету туралы алғашқы хабарлама полицияға 21.45-те түскен. Ауладан шыққан ұры Audi-мен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Ол ұрланған көлікпен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласына жетіп, қарсы бағытқа шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Алайда ұры оқиға орнынан ізін суытқан. Содан кейін ол 28 жастағы қыздан Nissan көлігін күшпен тартып алып, тас жолда аударылған. Куәгерлер "жедел жәрдем" шақырған кезде, ер адам "жедел жәрдемнің" көлігін де айдап кеткен.

«Куәгерлер "жедел жәрдем" шақырды. Ал ұры медициналық бригада көлігін де айдап кетті. Ол облыстық "жедел жәрдем" станциясына тиесілі Jac Sunray-мен қалаға кіргенде, бірден патрульдік полиция экипажы ұстады», - деп нақтылады Алматы полициясы.

Медициналық куәландыру 1994 жылы туған күдіктінің есірткі қабылдағанын көрсетті. Қазір ол қамауда отыр. Полиция ұрлық фактісі бойынша бірден үш қылмыстық іс қозғады.