Бір ай бұрын жоғалған келіншекке халықаралық іздеу жарияланды

Бір ай бұрын  жоғалған келіншекке халықаралық іздеу жарияланды
Cурет: Inform.kz

1 ай бұрын жоғалған Саурандық келіншекке халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Түркістан облысы, Сауран аудандық полиция бөліміне арызданған тұрғын 22 наурыз күні 13:30 шамасында ауруханаға кеткен қызы Назым Алдаштың қайта оралмағанын көрсеткен. Үйден шыққанда оның үстінде ашық қызғыш түсті күртеше, ақ түсті спорттық шалбар, аяғында қара түсті аяқ-киім болған. Жас келіншектің жеке басы мен түр-тұлғасы бойынша мәліметтер суретімен бірге барлық аумаққа жолданған. Түркістандық полицейлер оның баруы мүмкін аймақтарды, әрбір орынды жіті тексеріп, іздеу жұмыстарын күшейтті. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары келіп түскен ақпараттар бойынша Жаңақорған ауданы, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына іссапармен шығып, іздестіруде. Сондай-ақ, халықаралық іздеу жарияланды. Бүгінде бұл жұмыстарға еріктілер де тартылып отыр. «Назым Бағдатқызын аман-есен тауып, оны отбасына қайтару үшін танитын, не болмаса көрген-білген адамдар болса тез арада полицияға хабарласуларын сұраймыз. Арнайы белгілері: бойы 165-168 см, орта денелі, мойын тұсында қалы бар. Іздеу жарияланған келіншек туралы қандай да бір ақпарат болса, Сауран АПБ-ның кезекші бөліміне 8 725 33 5 86 50, 8 747 008 74 80 немесе полицияның 102 нөміріне хабарласыңыздар»,- делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.