Бильярдтан бас бәйге – бізде!

Бильярдтан бас бәйге – бізде!
Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ

Қазақстандық бильярдшы Ернар Шымбаев «Еркін пирамида» бойынша әлем чемпионы атанды.

Бильярд турнирі 28 тамыз күні Ханты-Манскийде өтті. Жартылай финалда жерлесіміз беларусь елінің спортшысы Владиславты 7:5 есебімен жеңіп, ал шешуші кезеңде үш дүркін әлем чемпионы, ресейлік Никита Ливадтан басым түсті. Дүбірлі додада әлемнің 19 елінен 58 ер мен 16 әйел бақ сынаған.

Ернар Шымбаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Карьерасын 2007 жылы бастаған спортшы 2010 жылы әлем чемпионы атанған. Кейінгі жылдары Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпиондығын жеңіп алды. Ернар Шымбаев спортқа алғаш қадам басқан күндерін былай еске алды:

– Бала кезімізден бильярдқа қызығып өстім. Кейін үлкен спортқа қадам бастым. Тренер іздей бастадым. Бірінші рет Қазақстан чемпионатына Шымкент қаласына бардым және сол жақтан тренер таптым. Бірінші тренерім Александар Садырин деген кісі болды. Сол кісіден 3 ай сабақ алдым, ойынның ережесін үйрендім. Бұл енді өте жұқа спорт, қыры көп, оның бәрін білу мүмкін емес. Біз білмейтін неше түрлі нәрсе бар, – дейді Ернар.

Осы жолғы чемпионатқа ұлттық құрамамен бірге аттана алмаған спортшы жарысқа өз қаржысымен барып, тек жеңістен үміттенгенін айтады:

– Бірінші рет 2010 жылы бірден әлем чемпионатында жеңіске жеттім. 2013 жылы Қазақстанда жеңімпаз болдым. Қазір жасым 33-ке келді. Негізі, бұл жас бильярдқа ардагер жас болып саналады. 35 жасқа дейін ойнауға болады.

24–28 тамыз аралығында өткен әлем чемпионатында ұтып келдік. Ұлттық құрамаға жолдама ала алмағаным маған үлкен мотивация болды. Чемпионатта бар ойым ойында емес, жеңіске жетуде, жеңілсем, жақындарыма не айтам деген ойда болдым. Бұл маған жеңіске жетуіме үлкен көмек болды. Қазақстан бильярд федерациясына да алғысымды білдіремін, – дейді чемпион.

Ернар Шымбаев бильярдтың да өзге де спорт түрлері сынды өз қиындықтары мен қызықтары бар дейді. Айтуынша, бұл спорт түрі де белгілі бір дайындықты қажет етеді:

– Бильярдты бәрі құмар ойын деп ойлайды. Ақшаға ойнайды деген сынды. Барлық спортта ондай нәрсе бар. Бильярд – бұл да спорт. Бұл жерде де адам терлейді, шаршайды деген сынды. Оған да өзіндік дайындықтар керек. Мен көбіне жүзуді бильярд ойындарына жақсы көмектеседі деп ойлаймын. Себебі, бильярдта 5-6 сағаттап бір тұрыспен ойнаймыз. Бұған дене дайын болу керек. Сондай-ақ, сайыстың алдында демалыс қажет. Кем дегенде 8 сағаттық толық ұйқы керек. Себебі, бильярд шахмат ойындары сынды мимен жұмыс істейтін ойын. Ең бастысы, геометрияны жақсы білген абзал. Жалпы айтқанда, бильярд адамды тәрбиелейді десек те болады, – дейді Шымбаев.

Ресей төрінде еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшы болашақта балаларға арналған тегін бильярд мектебін ашуды көздейді. Жас буынға өзімнің ұстанымдарым мен бильярд ойындарының қыр-сырын үйретсем дейді.

– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында спорт түрі дамымай жатыр. Ол үшін арнайы мектептер ашып, әке-шешелеріне түсіндіріп, жасөспірімдерді тарту ойда бар. Халықтың бильярдқа деген оң көзқарасын қалыптастырып, шәкірт тәрбиелесем деймін. Болашақта үлкен бильярд мектебін ашқым келеді. Және мүмкіндігінше тегін етіп ашсам ба деймін, – дейді спортшы. Бильярд спорт федерациясы Ернар Шымбаевты әлем чемпионы атануымен арнайы құттықтап, спортшының кеткен шығындарын толық өтеп беретінін жеткізді:

– Ернар чемпионатқа аттанар алдына өзіне жеңіске жететінін баса айттым. Өйткені, жеңісіне сенімді болдым. Жарысқа аттанар алдында жеңетініе жоритын түс көрген едім. Ернар – мақтан тұтатын мықты, жігерлі спортшымыз. Ұлттық құрамаға ене алмаса да, тайсалмай өзі аттанған болатын. Міне, бүгін әлем чемпионы атанып отыр. Шын жүректен құттықтаймыз, – деді Қазақстан бильярд федерациясының төрағасы Аңсары Қаранеев.