Былтыр Қазақстанға 3 трлн теңгеден аса шетел инвестициясы салынды

Былтыр Қазақстанға 3 трлн теңгеден аса шетел инвестициясы салынды
Сурет: Offshore-wealth.livejournal.com

Ең жоғары динамика Алматыда байқалды.

2022 жылы шетелдік инвестиция көлемі 3 трлн 171,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Өткен жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 258,4 млрд теңгеге өсті, бірақ әлі пандемияға дейінгі деңгейге (4 трлн 110,7 млрд теңге) жеткен жоқ.

Өсім 13 өңірде байқалды.  Ең жоғары динамика Алматы (+108 млрд теңге) және Батыс Қазақстан облыстарында (+91,6 млрд теңге) тіркелді. Қалған жеті облыста көрсеткіш төмендеген, оның ішінде тартылған инвестицияның азаюы Жамбыл (-60,4 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстарында (-57,7 млрд теңге) байқалды.

Атырау облысы бұрынғысынша шетелдік инвесторлар үшін ең тартымды өңір болып саналады. Мұны олардың жалпы инвестициясының 33,4%-ын немесе 1 трлн 058,8 млрд теңге құйғанынан (+52,4 млрд теңге) байқауға болады. Алайда бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен (1 трлн 875,6 млрд теңге) әлдеқайда аз. 

Екінші орында Қарағанды облысы тұр.  Оның үлесі 10,8% құрайды.

Шетелдік инвестицияның ең азы Шымкентке (18,6 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан облысына (18,8 млрд теңге) тартылды.

Жалпы, шетел инвестициясының үлесіне келетін болсақ, ол төртінші жыл қатарынан азайып келеді. Егер 2019 жылы олар жалпы көлемнің үштен бір бөлігін (32,8%) құраса, 2022 жылы - оның тек бестен бір бөлігі (21,1%) шамасында.