Былтыр Қазақстанда өндірісте жарақат алған 176 адам көз жұмды

Былтыр Қазақстанда өндірісте жарақат алған 176 адам көз жұмды
Сурет: Bussinesman.ru

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендер саны өткен жылы 2 133 адамды құрады, оның ішінде 389 адам (18,2%) – әйелдер, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зардап шеккендердің жалпы санынан қаза тапқандар саны 176 адамды құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 27 адамға кем. Жарақаттанудың ең жоғары көрсеткіші Қарағанды облысында сақталып отыр. 2021 жылы онда 537 жағдай тіркелді, бұл жалпы жағдайлардың 25,2% құрайды. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы, онда өндірісте 320 адам жарақат алды (жалпы санының 15%). Топтық жазатайым оқиғаларда 240 адам, кәсіби ауру салдарынан – 351 адам, 47 адам уланудан зардап шекті.

Сондай-ақ мас күйінде 24 адам, есірткі әсерінде болған 8 адам қызметте жарақат алған. Психикалық ауытқу салдарынан өндірісте 9 адам зардап шеккен. Өңдеу өнеркәсібі жарақат алу қаупі жоғары сала болып отыр, өткен жылғы жазатайым оқиғалардың 26,8% осы салада тіркелді. Екінші орында тау-кен өндіру өнеркәсібі, онда зардап шеккендердің 20,8%-ы жұмыс істеген. Жазатайым оқиғалар саны ең аз сала – ауыл, орман және балық шаруашылығы, жарақат алғандардың үлесі – 2,9%-ы. Зардап шеккендердің ауыр дәрежеде жарақат алғандар үлесі – 44,6%, орташа дәрежеде – 13%, жеңіл дәрежеде 32,5% құрады. Зардап шеккендердің 9,9% қайтыс болды.

Өткен жылы ең көп таралған кәсіби аурулар: дорсальгия – спецификалық емес арқадағы ауырсыну (200 адам); радикулопатия – неврологиялық синдром (196 адам) және дірілдің және басқа да сыртқы себептердің әсері (146 адам).