Білім саласының басты көрсеткіші –шәкірт

Рахат ШИМАШЕВА,

Алматы қаласы Бiлiм басқармасының бастығы, «Құрмет» орденiнiң иегерi:

Білім саласының басты көрсеткіші –шәкірт

– Жаңа басшының қай кезден жаңаша леп ала келетiнi белгiлi. Бұл ретте министр көтерiп жатқан бастамалар ойларыңыздан шығып жатыр ма?

– Әрине, ең алдымен Бақытжан Тұрсынұлы өзi математик болғандықтан осы пәндi де өзге пәндер сияқты екi топқа бөлiп оқытуды ұсынды және «осы мәселенi бастауыштан бастап қолға алып, сағаттар санын көбейтсек қайтедi» деген едi.

Математика пәнi өте күрделi пән екендiгi рас. Ғылымның кiлтiне айналғандықтан заман талабына сай келетiн пәндердi тереңдетiп оқыту қажет екендiгiн күнделiктi тәжiрибенiң өзi де дәлелдеп отыр ғой. Сондай-ақ, ол кiсi математика пәнi мұғалiмдерiнiң тұңғыш съезiн Алматы қаласында өткiзу туралы да ой бөлiстi. Бiз бұл ұсынысты қызу қолдадық. Министрдiң тағы бiр көтерген мәселесi – мұғалiмнен сапаны талап етпес бұрын олардың өздерiнiң бiлiмiнiң қаншалықты деңгейде екендiгiн тексерiп, осы тұрғыда оларға көмек көрсету болды. Ең алдымен мұғалiм бүгiнгi заманның талабына iлесiп кете ала ма? Қазiр әрине, ақпараттық технологиялар заманы, сағат сайын жаңа ақпарат ағынына куә болып жатасыз. Сондықтан балалардың да ой-өрiсi соншалықты дәрежеде өсiп, дамыған. Ендеше мұғалiм де сол ағымға iлесуi керек. Сол үшiн мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiру институттарының жұмысын жандандырып, жолға қою үшiн және институттардың базасын талапқа сай техникамен қамтамасыз ету үшiн республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлiнiп жатыр.

Тек Алматы қаласындағы институттарда ғана емес, республиканың басқа өңiрлерiнде де осы жұмыс қолға алынуда.

– Соңғы кезде мектепiшiлiк бақылау жайында көп айтылуда…

– Бiлiм саласының басты көрсеткiшi – шәкiрт. Бiлiм саласына осыдан жиырма жыл бұрын 541 мың қаржы бөлiнген болса, биыл тек Алматы қаласының өзiне 38 млрд. теңге бөлiнiп отыр. Осы көрсеткiштiң өзiнен-ақ бiлiм саласының басты назарда екенiн аңғаруға болады. Осыншама жағдай жасалып жатқанда бiздiң де басты мiндетiмiз – бiлiм сапасын арттыру болады емес пе?

Мектепiшiлiк бақылауды Алматы қаласы болып алғаш қолға алдық.

Мектепiшiлiк бақылау дегенiмiздiң өзi кiшiгiрiм мемлекеттiк бақылау iспеттi. Мәселен, математика пәнiнiң оқытылуын қолға алып, оқу iсiнiң меңгерушiсi мұғалiмнiң сабағына қатысады. Үй жұмысы қанша мөлшерде берiледi. Талапқа сай ма? Нелiктен оқушы үштiк баға алды? Неге бестiк аз деген сияқты. Екi айдан соң қайта тексерiледi. Мен қысқаша ғана айтып отырмын.

Мұғалiмнiң өз бiлiмiн көтеру деген осы жерден шығады. Мұғалiм әрбiр сабағына дайындықпен келедi. Бiлiмiн көтередi. Бұл, әрине, курстан бөлек. Әрбiр мектепте мектепiшiлiк бақылау жүйелi жүргiзiлсе, оның жоспары сауатты жасалса, оған мектептiң талабы дұрыс қойылатын болса, бұл мұғалiмнiң де, оқушының да бiлiмiн көтеруге зор септiгiн тигiзген болар едi. Бiз күнi ертең ҰБТ-да «ана баланың бiлiмi төмен, арнайы дайындау керек» деп емес, қайта бiлiмi жоғары балалармен қатар отырғызатын боламыз.

Осы мектепiшiлiк бақылау арқылы бiлiм сапасын бiр жыл iшiнде 11 пайызға көтердiк Бұрын бiзде сапа әр жылдары үш-төрт пайыз ғана көтерiлетiн едi.

Алматының мектеп бiтiрушiлерi 1–10-маусым аралығында 7 жоғары оқу орнында тапсыратын болады

– Биыл мектеп бiтiрушi түлектер үшiн ҰБТ сынағында қандай да бiр өзгешелiктер бар ма?

– Жақында ғана биылғы жылғы Ұлттық бiрыңғай тестiлеудi өз деңгейiнде өткiзуге байланысты үлкен жиын өттi. Елiмiз бойынша ҰБТ тапсыратын 154 қосын болатын болса, Алматының мектеп бiтiрушiлерi 1–10-маусым аралығында 7 жоғары оқу орнында тапсыратын болады.

Сынақтың уақыты бұрынғы қалпында қалды. ҰБТ бес пән бойынша өткiзiледi. Қазақ мектебiн бiтiрушiлер қазақ тiлiнен (орыс мектебiн бiтiрушiлер орыс тiлiнен), Қазақстан тарихынан, математикадан, қазақ мектебiн бiтiретiндер орыс тiлiнен (орыс мектебiн бiтiретiндер қазақ тiлiнен), бесiншi пәндi таңдаған мамандығына қарай тапсырады.

– Алматы қаласында дәстүрге айналған «Жыл мұғалiмi» байқауы, сөз жоқ, үлкен мерекеге айналды…

– Аталмыш байқау биыл осымен жетiншi рет өткiзiлдi. Байқауға қатысушылар саны жыл сайын арта түссе, биылғы жылы олардың саны 78-ге жеттi. Олардың 65-i аудандық байқаулардан озып шыққандар да, 13-i өзiн-өзi ұсынғандар болды.

Үмiткерлердiң 53-i өз пәнiн ана тiлiнде, 25-i орыс тiлiнде бердi. Байқауға, әсiресе, Әуезов, Алмалы, Медеу аудандарының мектептерi аса белсендiлiкпен қатысса, нәтижесiнде Алмалы ауданындағы №18 гимназияның мұғалiмi Эльмира Сейiтханова «Жыл мұғалiмi» атанды.

Мұғалiм мамандығының қиындығы, жалақысының аздығы жайында жиi сөз болып жүр. Байқаудың мақсаты – мұғалiмнiң әлеуметтiк жағдайын сәл де болса көтерiп, мәртебесiнiң артуына жағдай жасау.

Ата-аналар тарапынан қарсы пiкiрлер айтылып жатқан болса, бұл мәселенi қайта қарастырамыз

– Соңғы кезде ата-аналар тарапынан қытай тiлiнiң енгiзiлуiне байланысты көптеген ой-пiкiрлер айтылып жатыр. Мектептерге қытай тiлiн енгiзу соншалықты қажет пе? Өз ана тiлiн бiле бермейтiн бала қытайдың тiлiн меңгерiп кете ала ма?

– Сауалыңыз дұрыс. Бiз қандай жағдайда да ата-аналардың қалауы бойынша талап-тiлегiн орындауға тырысамыз. Осы қытай тiлiн мектептерде ағылшын тiлiмен қатар оқыту туралы ұсынысты да министрге жеткiзген ата-аналар едi.

Бiз қаламыздағы №34, №105, №148 мектептерге қытай тiлiн сынақ ретiнде енгiздiк, онда да барлық сыныптарында емес және пән ретiнде емес, яғни, қосымша пән ретiнде едi. Ал ағылшын тiлi пәнi бекiтiлген стандартқа сай оқытылады.

Қытай тiлiнiң күрделi екенi рас. Бiз алғашында ата-аналар ұсынысына сай енгiзген болсақ, ендi ата-аналар тарапынан қарсы пiкiрлер айтылып жатқан болса, бұл мәселенi қайта қарастырамыз.

– Соңғы жылдары қаламызда балабақшалар көптеп салынуда. Соған қарамастан әлi күнге орын тапшылығы өзектi мәселеге айналуда. Нелiктен?

– Алматы қаласы халқының саны күрт өсiп жатқандықтан балабақша, мектеп қоғамдағы басты назарда тұрған мәселеге айналып отыр. Баланың тууы да жоғары деңгейде. Бұл, әрине, қуанышты жағдай.

Өздерiңiзде көрiп жүрсiздер соңғы 2-3 жылдың өзiнде қаламызда бiрнеше балабақша құрылысы қолға алынып, жаңа балабақшалар салынып бiтуде. Алматыда соңғы жылдары балабақша салу мүлдем тоқтап, тек жиырма жылдан соң қайта қолға алынғандықтан өте күрделi мәселеге айналғаны рас. Көктемнiң алғашқы апталарында қаламыздағы қанатын ендi кеңге жайып, көркейiп келе жатқан аудандардың бiрi – «Көкжиек» ықшамауданында жаңа балабақша құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берiлдi. Бұл ауданда және екi балабақша пайдаланылуға берiледi деп күтiлуде. Осы балабақшалар арқылы «көкжиектiктердiң» балабақшаға деген сұранысы толық қанағаттандырылады ғой деп ойлаймын.

Қаладағы көп балабақшалар ғимараттарының салынғанына бiраз жылдар өткендiктен әбден ескiрген, әрi қалада балабақша құрылысы үшiн бос жатқан жер де жоқ. Бұл тығырықтан шығу және ескiнi жаңарту үшiн қазiр 6 ескi балабақша бұзылып, сүрiлген жерге жаңа, бүгiнгi заманға лайықталған балабақшалар бой көтеретiн болады. Бұл балабақшалардың қатарына Бостандық ауданындағы бiр балабақша, бiреуi Алмалы және Жетiсу, Түрксiб аудандарындағы 4 балабақша жатады. Сондай-ақ, «Қалқаман», «Құлагер», «Қарасу», «Көкжиек» ықшамаудандарында да балабақша құрылысы басталды. Мектеп аулаларында да жер көлемiнiң ыңғайына қарай 6 балабақша құрылысы жоспарланды. Жекеменшiк 15 балабақша ашылатын болды.

«Балапан» бағдарламасы аясында бүлдiршiндердiң балабақшаға орналасу кезегiн азайту әрi олардың ата-аналарының балалары үшiн төлейтiн төлемақыларын азайту мақсатында едәуiр қаржы бөлiндi. Бұл мақсатта былтыр 521 млн. теңге бөлiнсе, биыл бұл қаржының көлемi 586 млн.-ға артты.

Жалпы, былтырғы жылы 3 жас пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшаға орналастыру мәселесi 50 пайызды қамтыса, биылғы жылы бұл деңгейден асыратын шығармыз деп отырмыз.

– Дәл қазiр балабақша кезегiнде тұрған балалар саны азайған шығар…

– Былтырғы есеппен балабақшаға деген сұраныс 22 200 бала едi ғой. Биылғы жылы бүлдiршiндер саны 30 мыңға жетiп отыр. Өйткенi, қазiр ата-аналар балалары өмiрге келген күннен бастап, өз аудандарындағы бiлiм бөлiмдерiне барып кезекке тұрады. Бала үш жасқа келгенше кезектерi де алға жылжиды. Бұл да бүгiнгi күнгi өмiр жағдайының талабы. Ал нақты 3 жас пен 6 жас аралығындағы балабақша кезегiн күтiп отырған балалар саны 15 500.

Балабақша кезегiне ғаламтор арқылы қоюды қолға алдық

– Балабақша кезегiне ғаламтор арқылы да тұруға болатын болыпты деген ақпаратты естiп жатырмыз. Бұл қаншалықты тиiмдi?

– Өткенде жаңа жобаның тұсауын кестiк. Ендiгi жерде ата-аналар үйлерiнде отырып-ақ баласын балабақша кезегiне қоя алады. Бұл арада ата-аналардан келiп түскен арыз-шағымның денi осы балабақшаға қатысты болғандықтан да осылай етуiмiзге тура келiп отыр. Ата-аналар «қанша жыл болды кезегiмiз жылжымай-ақ қойды. Кәбiне тамыр-таныстықпен өтiп кетiп жатады» деген соң, балабақша кезегiне ғаламтор арқылы қоюды қолға алдық.

Қаламыздағы Жетiсу ауданы кезектiң осы түрiне толық көштi. Ендi қалған аудандарды да көшiрсек деп отырмыз. Бұдан былай ата-аналар өз кезегiнiң қашан екенiн үйiнде отырып-ақ бiлетiн болады. Ол үшiн көп уақыт та қажет емес. Бiздiң сайтқа кiрiп, қандай құжаттың қажет екенiн көрiп-бiлiп, кезекке тұруына болады.

– Жасыратыны жоқ, мұғалiмнiң айлық табысы мардымсыз деп жастар бұл мамандықты таңдай бермейдi. Ал нағыз мұғалiмдердiң денi зейнет жасына келiп қалған. Сондықтан маман тапшылығы сезiлетiн де шығар…

– Маманның тапшы екенi жасырын емес. Бұл мұғалiм жетiспейдi, яғни, сабақ өтiлмейдi деген сөз емес. Бар мұғалiмдер өз жүктемесiн артықтау алады. Артық жүктеме мұғалiмнiң шаршауына, көп күш жұмсауына әкелiп тiрейдi. Өйткенi, бiздегi тапшы мамандар көп жағдайда негiзгi пән мұғалiмдерi болып келедi. Мәселен, математиктер, физиктер, химиктер, ағылшын тiлi пәнi мұғалiмдерi мен денешынықтыру пәнi мұғалiмдерi мектепке ауадай қажет.

Денешынықтыру пәнiнен ер азаматтар сабақ беретiн болса, көбiне олар отбасының асыраушысы, баскөтерерi ретiнде табысы көптеу басқа салаларға кетiп жатады. Сондықтан денешынықтыру пәнiнен де мұғалiмдер жетiсе бермейдi.

– Бiлiм бәсекесiнде көбiне дарынды балаларға арналған мектептердiң оқушылары олжалы келiп жатады. Дарындыларға арналған мектеп қатары қаншаға жетедi?

– Қаламызда бiр кезде дарынды балаларға арналған №134, №165, №173 мектептер ғана едi. Бұл күнi олардың қатары 15-ке жеттi. Бiр ғана Мәскеу қаласының өзiнде дарындыларға арналған мектептер саны 130-ден асса, бiздiң дарынды балаларға арналған мектептер санын әлi де арттыруымыз керек.

Былтыр №126, №107 мектептердi дарындыларды арнаулы тереңдетiп оқытатын мектеп етiп ашсақ, олардың қатарын жылма-жыл көбейтемiз деген ой да бар. Өйткенi, тәжiрибе көрсеткендей, бүгiнгi заманның талабына сай мектеп бiтiрушiлердiң денi техникалық саланы таңдайды. Әрi қазақ – математик халық қой. Оның үстiне математикаға деген сұраныс та жылма-жыл артып келедi.

Ұрпақ тәрбиесiне бәрiмiз жауаптымыз. Дегенмен, негiзгi тәрбие балаға отбасынан берiледi

– Қалалық Бiлiм басқармасы көтерген «Ұлттық ғашықтар күнi» мерекесiн қызу қолдаған оқырмандардың қуанышы шексiз…

– Қала мектептерiнде «Қыз – елдiң көркi» атты бағдарлама бар. Ондағы басты мақсат – елдiң ертеңi, мемлекеттiң тiрегi болатын болашақ жас ұрпақты әкелетiн ана – бүгiнгi қыз балалар. Сондықтан қыз баланың тәрбиесi, оған деген қамқорлық – бәрi бүгiнен басталады. Ертеңгi келiн, ертеңгi ана – бүгiн мектеп партасында отыр. Бiздiң қыздарымыз мектеп қабырғасынан жан-жақты тәрбие алып, бiлiмдi, ақылды болып шықса, ертең өмiрге де салауатты, ұлтжанды, көргенi көп ұрпақ әкеледi.

Бiлiм мен тәрбие – құстың қос қанатындай. Бiрiн-бiрi толықтырып тұрады. Тәрбие болған жерде бiлiм болады. Сондықтан қыз баланың тәрбиесiнен бастасақ, ертеңгi ұрпақ тәрбиесiн қолға алғанымыз деген мақсаттан туған ой едi бұл. Былтыр тұңғыш рет «Мегаорталығында» ұлттық нақыштағы «Қазақ аруы» арулар байқауын өткiзген едiк. Қыздың жүрiс-тұрысы, күлкiсi, сөйлеген сөзiнiң өзi сынға түсiп, нағыз қазақ қызының бейнесiн таныған едiк. Ұрпақ тәрбиесiне бәрiмiз жауаптымыз. Дегенмен, негiзгi тәрбие балаға отбасынан берiледi.

Ал бiздiң қолға алып жатқан бастамамызды қолдап жатқан оқырмандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өздерiңiз де бiлесiздер, бiр кезде мектептерде «Валентин күнiн» атап өтушiлер табылып, бiз өз тарапымыздан ақпан айы басталысымен бұл күндi атап өтпеу туралы хабарландырулар жiберiп, кәдiмгiдей у-шу болып қалатынбыз. Тiптi, бұл күндi атап өтпеу туралы бұйрық та шығарған едiм. Сенсеңiз, биыл бұл күндi атап өтпек түгiлi, қалай өтiп кеткенiн де бiлмей қалдық.

«Валентин күнiн» атап өту қалай лап етiп басталса, оның санадан өшуi де сондай тез болды. Бiздiң қолға алып жатқан «Ұлттық ғашықтар күнi» мерекесiнiң ерекшелiгi сол, Отанға деген махаббатын, жерге, елге, ата-анаға, екi адамның бiр-бiрiне деген махаббатын, ұлттық ерекшелiктi басты бағыт ете отырып, дұрыс тәрбие беру болмақ. Бұл күнi барлық мектептерде махаббат тақырыбында тәрбие сағаттары өтедi.

– «Құрметiңiз» құтты болсын. Бұл атақты алған сәтте қандай күйде болдыңыз?

– Марапат маған үлкен сенiм жүктедi. Елбасының бiзге деген сенiмiн ақтау үшiн бiлiм сапасын көтеруiмiз керек. Ол кiсi «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жас ұрпақтың қолында» деп үнемi жас буынның ертеңiне зор сенiм бiлдiрiп отырады. Сондықтан бiз де осы сенiмге лайық болуымыз керек деп ойлаймын.

– Сiздiң мұғалiм мамандығын таңдауыңызға кiм ықпал еттi?

– Бiздiң балалық шағымыз мұғалiм мамандығының нағыз мәртебелi кезiне тұспа-тұс келдi. Ең озат оқыған оқушы ғана мұғалiм мамандығын таңдайтын. Ең сауатты бала ғана мұғалiм болуға лайықты деп саналатын. Бiздiң сыныптың да жартысынан көбi мұғалiмдiктi таңдады. Мұғалiм болу – менiң де iзгi арманым едi. Қазiр сыныптастарым елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде өз мiндеттерiн абыроймен атқарып жүр. Бүгiнгi мектеп оқушыларының денi заңгер, экономист, банкир болғысы келедi.

– Көбiне сұхбатымыз жұмыс төңiрегiнде ғана өрбидi. Отбасыңызда қанша ағайындысыз?

– Бiз үш ағайынды едiк. Үлкен апайым қайтыс болды. Бауырым қазiр Жамбылда тұрады. Балалы-шағалы.

Анам өте салмақты, жер қозғалса қозғалмайтын, ақылды кiсi едi

– Өткенде үлкен бiр басқосуда сiздiң анаңыз жайында өте жоғары пiкiрлер естiдiм. Сондай беделдi кiсiнiң баласы, асылдың сынығы деп сiз жайында да жақсы пiкiрлер айтқан едi…

– Менiң әкем өте ерте қайтыс болды. Ол кезде мен бiр жасқа да толмаған сәби екенмiн. Сондықтан, әкемдi көрiп, оған еркелей алмадым. Отбасындағы үш баланы анам ержеткiзiп, азамат етiп өсiрдi. Барлығымыздың жоғары бiлiм алуымызға, жақсы оқып, тәрбиелi болуымызға көп еңбек сiңiрдi. Анам Бәтима Шимашева – Социалистiк Еңбек Ерi болған, қос Ленин ордендi, екi кеудесi орден-медальға толы едi. Ұзақ жыл колхоз басқарды. Әйел кiсiге ер азаматтың шаруасын атқару оңай болушы ма едi? Соған қарамастан үйде бiздiң, түзде колхоздың шаруасын ұршықша үйiретiн. Анам өте салмақты, жер қозғалса қозғалмайтын, ақылды кiсi едi. (Осы арада Рахат Сейдахметқызы ұзақ ойланып, үнсiз отырып қалды). Анам кезiнде талай рет Жоғарғы Кеңеске шақырылды. Бiр ғана Жамбыл облысында ғана емес, республикаға танымал кiсi болды. Ол кiсi 86 жасқа келiп дүние салды.

Мен анамды әрқашан мақтан тұтамын. Сол кiсiге ұқсауға тырысамын. Бiрақ, мiнезiм сәл шапшаңдау. Ауылға барған сайын кезiнде анам салдырған клубты көрiп, көңiлiм босайды. Аудан орталығында анамның бюстi бар.

– Рахат Сейдахметқызы, өткендi ойға салып, көңiлiңiздi бұзып жiбердiм бе? Алматыға көктем келдi. Әрiптестерiңiзге қандай тiлегiңiз бар?

– Тiршiлiктiң өзi көктемнен бастау алмай ма? Көктемдi жақсы көрмейтiн жан жоқ шығар. Шығармашылықпен айналысатын жандардың небiр керемет туындыларының талайы көктемде дүниеге келсе, адамға ерекше шабыт беретiн қасиет осы көктем айларында екен.

Онсыз да ару Алматы көктемде ерекше құлпырып кетедi. Елбасымыздың жақында ғана Тәуелсiз Қазақстанның қыз-келiншектерiнiң, әйел-азаматтарының Арқа төсiнде өткен тұңғыш съезiн көктеммен байланыстыруы да тегiн емес шығар. Олай болса, қиын да қызық бiлiм саласын таңдаған барлық әрiптестерiме көктемдей көңiл-күй, шығармашылық шабыт тiлеймiн. Қоғамымыз көркейе берсiн!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан – Рая ЕСКЕНДIР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *