Биылғы халық санағында 87 сұраққа жауап беру қажет

Биылғы халық санағында 87 сұраққа жауап беру қажет
Сурет: Alcaldesdemexico.com/

Статистика департаменті мегаполис тұрғындарын санақ науқанына түсіністікпен қарауға шақырды.

2 маусым күні Алматы қаласы бойынша Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков Халық санағының тәртібін және санаққа 2 мыңнан астам интервьюер қажеттігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Almty-akshamy.kz.   

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков 2021 жылғы санақ науқаны туралы айтып берді.

 «Санақ парақтарына енгізілген сұрақтар тізбесі өткен санаққа қарағанда кеңейтіліп,67 негізгі сұрақ пен 20 жанама сұрақтан тұрады. Сұрақтар Еуропалық статисттердің ұсыныстарына сәйкес жасалды», - деді Айдар Әбілдабеков.

Халық санағын өткізуге білім деңгейіне қарамастан Қазақстан Республикасының кез келген ниет білдірген азаматы қатыса алады.

Статистика департаменті санақ қызметкерлерін толық емес жұмысқа қабылдауға дайын. Ниет білдірушілер Абай көшесі, 125 мекенжайы бойынша кадр қызметіне жүгіне алады.

«Әзірге біз бастапқы санақ қызметкерлерін таңдадық. Қазан айында бізге 2 мыңнан астам интервьюер қажет болады, сондай-ақ бізге резервшілер қажет. Барлық тартылған санақ қызметкерлері Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі», - деді Айдар Әбілдабеков.

Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша Статистика департаменті мегаполис тұрғындарын санақ науқанына түсіністікпен қарауға шақырды. Ыңғайлы болу үшін санақ парақтарын онлайн режимде толтыруға болады.