Биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 бала баспаналы болды

Биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 бала баспаналы болды
Сурет: Admnvrsk.ru

Мұндай балаларға берілетін тұрғын үй саны 38 пайызға өсті. 

 2022 жылдың 9 айында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұл жайында Сенат депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден үй алуға бірінші кезектегі құқығы бар. Заңға сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жылына берілетін тұрғын үй саны 38 пайызға өсті. Осы жылдың 9 айында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 5 165 азамат, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 534 балалар тұрғын үймен қамтамасыз етілді», - делінген Сенат депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың берген жауабында.

Оның дерегінше, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде осы санаттағы балаларды қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді.

«Онда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен, сондай-ақ патронаттық ұйымдардың қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген. Бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттар ашылды, олар асыраушысынан айрылу, мүгедектік, алимент бойынша алатын жәрдемақылары есебінен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестердің, бизнес-құрылымдардың қаражат аударуы жолымен толықтырылады», - деді Үкімет басшысы.