Биыл зейнетақы жинақтары 455 млрд теңгеге артқан

Биыл зейнетақы жинақтары  455 млрд теңгеге  артқан
Сурет: 24.kz

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары жыл басынан бері 455 млрд теңгеге көбейді

Жыл басынан бері инвестициялық табыс түскен жарналар сомасынан асып түсті. 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,4 триллион теңгеден астам зейнетақы жинақтары қалыптасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап

01.12.2020 - 01.12.2021 аралығындағы бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарының сомасы 648,8 миллиард теңгеге немесе 5%-ға өсті, ал 2021 жылдың қаңтар айынан бері 455 млрд теңгеге немесе 4 пайызға өсті.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 13,0 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 5%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 361,8 млрд теңге (өсім – 17%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,7 млрд теңгеге жетті. 2021 жылдың оны бір айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда көбірек қаражат салды. 2021 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 1,2 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 227,9 млрд теңгеге немесе 24% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 95,7% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды, ол 1,1 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім - 24%), МКЗЖ бойынша 50,4 млрд теңге (өсім 17%), 660 млн теңге (өсім 38%) ЕЗЖ бойынша аударылды.

Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2021 жылғы 1 қаңтар айынан 1 желтоқсанына дейін 1,3 триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді.

Бұл былтырғы көрсеткіштерден 210 млрд теңгеге немесе 19 пайызға асып түскен. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 11,0%, ал инфляция 7,8% құрады. Бұл ретте соңғы 12 айдағы кіріс – 11,77% , осы кезеңдегі инфляция – 8,7% көрсетті. БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 11,7 млн бірлікке тең.

Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған, олардың саны – 10 868 712 бірлік. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 542 397 бірлік. БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 59 217 бірлік болды. Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2,4 трлн теңге төленді, төлемдердің басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу ақысын төлеу мақсатында алынған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады, оның көлемі – 2,1 трлн теңге. Жасы бойынша төлемдер – 89,2 млрд теңге.

Сақтандыру ұйымдарына аударымдар 54,1 млрд теңгені құраса, мұрагерлік бойынша төлемдер – 52,5 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 37,5 млрд теңге, жерлеуге – 5,0 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 2,0 млрд теңге.

Айта кетерлік жайт, кесте бойынша БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 431 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 673 643 теңге болды.