Биыл Түрксіб ауданында жаңа екі мектептің құрылысы аяқталады

Биыл  Түрксіб ауданында жаңа екі мектептің құрылысы аяқталады
Сурет: Topspb.tv

Осы арқылы осы аудандағы мектептердегі орын тапшылығы шешіледі. 

Үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейін алматылық құрылысшылар Түрксіб ауданындағы екі мектептің құрылысын аяқтайды.Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен өткен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Шаһар жетекшісінің сөзіне жүгінсек, бүгінгі таңда Алматының Түрксіб ауданында мектептер мен бала бақшалардағы орын тапшылығы жиынтықта 4,2 мың орынды құрайды (1,5 мың - мектеп, 2,7 мың – мектепке дейінгі ұйымдар). Орын тапшылығын азайту мақсатында білім беру ұйымдарын салу және жөндеу жобалары іске асырылып жатыр. 

«2022 жылдың желтоқсан айында «Қайрат» шағынауданындағы 1500 орындық мектеп пен Волочаевская көшесіндегі 300 орындық жеке меншік мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл қазіргі орын тапшылығын толығымен шешеді.Осы жылдың 3-ші тоқсанында № 59 мектеп-гимназияның жаңа ғимаратын салу басталады. 1939 жылы салынған ескі ғимарат бұзылады. Жылдың соңына дейін «Жас Қанат» шағын ауданында 280 орындық бала бақшаның құрылыс жұмыстары қайта басталады», - деді қала әкімі. 

Ерболат Досаевтың айтуынша, 2023 жылдың мамырында Стахановская көшесіндегі №70 арнайы бөбекжай бала бақшаның ғимаратын сейсмикалық күшейту және 2023 жылдың соңына дейін «Қайрат» шағынауданындағы 260 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталады.

«Бүгінгі күні №198 және №195 2 мектептердің 1050 орындық қосымша құрылыстарының және 480 орындық 2 бала бақшаның құрылысына, №50 мектепті сейсмикалық  күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», - деп айтты қала әкімі.