Биыл Қазақстанда 42 мың тоннадан астам балық ауланды

Биыл Қазақстанда 42 мың тоннадан астам балық ауланды
Сурет: Inform.kz

Балық шаруашылығы саласының даму нүктесі - балық өсіру.

Биыл Қазақстанда 42 мың тоннадан астам балық ауланды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Балық өсіру - экономика өсімі мен жұмыспен қамтуда маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығында негізгі екі бағыттағы қызмет бар – балық аулау және балық өсіру. Биыл 10 айдағы балық шаруашылығының құрылымы мынадай: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна. Балық шаруашылығы саласының даму нүктесі - балық өсіру. Былтыр сәуірде Үкімет Балық саласын дамыту бағдарламасын қабылдады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, аталған бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2030 жылға дейін балық өсіруді 270 мың тоннаға, балық өнімдерін ішкі тұтынуды 134 мың тоннаға ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.

«Көрсетілген индикаторларға қол жеткізу үшін бизнесқа қолайлы жағдай жасалып отыр. Бірінші, өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді. Екінші, су айдындарын балық аулау шаруашылығынан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді. Үшінші, балық өсіру шаруашылығы үшін су қорғау белдеуінде жер берудің шектеулері алынып тасталды. Төртінші, жобалау-сметалық құжат, мемлекеттік сараптама сияқты кедергілер алынып тасталып, тек эскиздік жоба негізінде балық өсіру тоғандарын салуға мүмкіндік берілді», - деді Серікқали Брекешев.