Биыл Қазақстан 69 млн тонна мұнайды экспортқа шығарады

Биыл Қазақстан 69 млн тонна мұнайды экспортқа шығарады
Сурет: Ria.ru

2022 жылы 87,5 млн тонна мұнай өндіріледі.

Қазақстан Үкіметі үстіміздегі жылы 69 млн тонна мұнайды экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,9 млн тоннаны, мұнай экспорты 67,6 млн тоннаны құрады. Мұнай өндірудің 2022 жылға арналған жоспары - 87,5 млн тонна, экспорт бойынша - 69 млн тонна. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған үш ірі мұнай-газ жобасы еліміздің мұнай өндіру көшбасшылары болып қалуда», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, Теңіз жобасында 2021 жылы мұнай өндіру 26,5 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 14,5 млрд текше метрді құрады.

«Кен орнында құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын, келешекте кеңейту жобасы іске асырылуда. Бұл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 89 пайызды, 2022 жылға арналған жоспар 97,4 пайызды құрады. Жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді министр.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысында Қашағанда мұнай өндіру көлемі 16,2 млн тонна, ал газ өндіру көлемі 9,8 млрд текше метр болды.

«Өткен жылы қуаты 1 млрд текше болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. 2022 жылы осы газ өңдеу зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстарында 40 пайыз прогреске қол жеткізу жоспарланып отыр. Толық қуатқа шыққан кезде зауыт 800 млн текше көлемінде тауарлық газ, 119 мың тонна көлемінде сұйытылған газ өндіретін болады. Сонымен қатар қуаты жылына 2 млрд текше метр Қашаған газ өңдеу зауыты жобасын іске асыру жоспарлануда», - деген ол.

Осы орайда министр бірінші вице-министр Мұрат Жөребековке осы жылы базалық жобалауды бастау жөнінде тапсырма берді.

«Қарашығанақта 11,5 млн тонна көлемінде мұнай, 18,9 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Бүгінгі күні кен орнында сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 11-12 млн тонна шегінде ұстап тұру бойынша жобалар іске асырылуда. Біріншіден, 2021 жылы құны 1,1 млрд АҚШ долларына газ өңдеу қуатын арттыру жобасы іске қосылды. Екіншіден, құны 578 млн АҚШ долларына газды кері айдау 4-ші компрессорын пайдалануға беру үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үшіншіден, шикі газды кері айдаудың 5-ші компрессорын салу жұмыстары басталды. Жобаның бюджеті - 970 млн АҚШ доллары. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл», - деді Болат Ақшолақов.