Биыл Ереванда өтетін Junior Eurovision-2022 байқауына Қазақстаннан Давид Чарлин қатысады

Биыл Ереванда өтетін Junior Eurovision-2022 байқауына Қазақстаннан Давид Чарлин қатысады
almaty-akshamy.kz

11 желтоқсанда Армения астанасы Ереван қаласында Junior Eurovision 2022 халықаралық ән байқауы өтеді. Биыл бұл өнер бәйгесінде Қазақстан намысын «Baqytty Bala-2022» IV халықаралық байқауының финалисі Давид Чарлин қорғайды. Көрермендер байқаудың Гранд-финалын 11 желтоқсан күні сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Давид Чарлин бұл жобаға арнайы жазылған  «Жер – Ана» атты жаңа композицияны орындайды.

Қазақстан осынау әлемдік ән додасына осымен бесінші мәрте қатысады. Бұл жолы елімізден басқа еуропалық 15 мемлекеттің жас әншісі бақ сынайды.  Қазақстандық жас әншілердің жыл сайын Junior Eurovision байқауына қатысуы «Хабар» Агенттігінің 2016 жылы Еуропалық Хабар тарату одағына (ЕВU) мүшелікке қабылдануының арқасында мүмкін болып отыр. 

Ескеретін бір жайт, нәтижесі Ұлттық жюридің бағалауы және орталықтандырылған ғаламдық онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша шығарылады. Өнерпаздарымыз Ұлттық жюриден ең жоғарғы баға алғанымен онлайн-дауыс берудегі белсенділіктің төмендігінен бас жүлдені иелене алмай қалып жүр. Мәселен, 2019-2020 жылдары Ержан Максим мен Қарақат Башанованың елімізге жеңіс сыйлауына онлайн түрде берілетін санаулы ғана дауыс жетпей қалған болатын. Сондықтан ұйымдастырушылар отандық өнерпазымызға онлайн-дауыс беруде белсенді болуға шақырады. 

Давид Чарлинге дауыс беру үшін:

- https://junioreurovision.tv/  немесе https://jesc.tv/ сілтемелері арқылы сайтқа кіру;

- тізімнен Давид Чарлинді таңдау;

- «Дауыс беру» батырмасын басу.

Дауыс берудің алғашқы кезеңі Астана уақыты бойынша 10 желтоқсан күні сағат 01:00-ден басталып, 11 желтоқсан күні сағат 20:59-да аяқталады. Екінші кезеңде дауыс беру Астана уақыты бойынша 11 желтоқсан күні барлық қатысушылар өнер көрсетіп болғаннан кейін 15 минут ішінде ғана қолжетімді болады. ⠀⠀⠀⠀⠀

Еске салсақ, 2018 жылы бұл байқауға Қазақстан атынан алғаш болып жас әнші Данелия Тулешова қатысып, 6-орынды иемденген болатын. 2019 жылы жалпы дауыс беру нәтижесінде Ержан Максим 2-жүлделі орынға ие болды. 2020 жылы Junior Eurovision байқауында Қарақат Башанова да 2-орынды иемденді. Былтыр Қазақстаннан Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин қатысып, 19 елдің ішінен 8-орынға тұрақтаған.