«БЕТПЕРДЕНІ КИМЕЙДІ, ТАҒАДЫ»

 

 

Жарнама-билбордтар туралы бір ауыз сөз

 

 

 

Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында келе жатыр едік, он жастағы қызым:

– Мен осы тәтенің түрінен қатты қорқамын-ау, тура маған қарап тұрған сияқты өзі! – деді. Әп дегенде нені айтып келе жатқанын түсінбедім. Сөйтсем, тура қарсы алдымызда «Бетперде киіңіз! Әлемді бірге қорғайық!» деген жазулары бар билбордтағы бетперде таққан бойжеткен бізге «қарап» тұр екен, соны меңзегені. Шынымен де, жүзі суық (беті жаман індеттен сақтандырғаны болар), бетпердесі де қыртыстанып, мыжылып тұр. Бала байқампаз келеді. Қызым, әйтеуір, бұл тәтенің бейнесін ұнатыңқырамайды екен. Оның үстіне, қазіргі пандемия жағдайына байланысты қаланың қай бұрышында да, қоғамдық көліктердің іші-сыртында да осы жарнамалық сурет. Бір бейнеден жалыққаны да болар.

Айтпақшы, дәл осы қыздың келбеті бар билбордтардың бірінде, байқаған болсаңыз, «бетперде тақ», енді бірінде «бетперде ки» деп «бұйырып» тұрады. Негізі, киімді киеміз, ал бетпердені тағамыз ғой. Жарнама беруге мүдделі және оны қадағалаушы тараптар оның сапасымен бірге, сауатына да мән бергені абзал. Себебі, өмірге енді ғана қадам басып, жан-жағындағы жылт еткен дүниені көруге, білуге, үйренуге асық кішкентай достарымыз осы жарнама-билбордтардағы жазу-сызулардан да үлгі алары сөзсіз. Өйткені, олар қоршаған ортаны әуелі көзімен қабылдайды. Сосын барып санаға салады.

Көз демекші, мәселен, жаяу жүргіншілер алдынан кезігетін жарнамаға орта есеппен 35 секундтай көз тоқтатады екен, ал көлік тізгіндеп келе жатқан жүргізуші 12 секундтай ғана көз тігетін көрінеді. Сондықтан сіз ұсынып отырған тауардың жарнамасы неғұрлым ұғынықты әрі қарапайым болуы тиіс. Мәтіні әрі кетсе сегіз сөзден аспауы керек және әріптер бірден көзге ұруы үшін неғұрлым ірі болғаны абзал дейді мамандар.

Иә, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімізді жарнамасыз елестету қиын. Тұтынушы мен өндіруші арасын жалғап тұрған жарнама күнделікті өміріміздің құрамдас бөлігіне, өзіндік заңдылықтары бар қоғамдық құбылысқа айналғалы қашан.

Елімізде «Жарнама туралы» Заң 2003 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған.  Ал жарнама өнімдерін өндіретін алғашқы мекеме Қазақстанда 1951 жылы өмірге келген. Ол «Жарнама және сауда жабдығы» деп аталған. Кейіннен «Қазақсаудажарнама» деген атауға ие болған. Бүгінде елімізде жарнамамен айналысатын агенттіктер мен кәсіпорындар саны өте көп.

Сауданы «жүргізетін» тетік болып табылатын жарнаманы берудің түрі көп. Солардың бірі – көшелердегі, аялдамалардағы билбордтар. Бұлар сыртқы жарнама деп аталады. Сыртқы жарнама да – кез келген кәсіпорынның табысқа жетуінің ең қысқа жолы.

Қазір уақытпен ілесіп, талап та, талғам да өскен. Алматы көшелерінен бұрынғыдай шалажансар, сауатсыз жарнама-билбордтар сәл де болса азайған. Бәсеке артқан соң, билбордтар да бірінен бірі өткісі келгендей жұтынып, менмұндалап тұрады.

Рас, бір жылдары ретсіз қойылған билбордтар қала ажарын бұзып қана қоймай, көлік қозғалысына да кедергі келтіргені бар. Немкетті орналастырылған жарнама тақтайшаларының кесірінен кейбір жол ережесі белгілері мен бағдаршамдар көрінбей қалған кездер де болған. Осындай бірнеше факторлар ескеріліп, қала билігі Алматы көшелеріне жарнамалық қондырғыларды орналастырудың тәртібі мен ретін бекітті. Өздерінің өнімдерін жарнамалайтын жекелеген кәсіпкерлер осы жүйеге бағынады.

Байқауымызша, пандемия салқыны осы жарнама-билбордтарға да тиген бе деп қаласыз. Себебі, шаһар көшелерінде жарығы да, әрбір сөзі мен әрібі де қып-қызыл ақша тұратын жарнамалардың қатары бұрынғыдай көп емес секілді. Көшелердің, әсіресе, кісі аяғы көп жүретін даңғылдардың бойында коронавирус індетінен сақтандыру, қорғану мәтініндегі жарнамалар жиірек орын тепкен. Дизайннан хабарымыз бар адам ретінде айтар болсақ, олардың өзі тегеурінді емес, ортанқол жасалған.

Дамыған елдердің мен деген компаниялары мен фирмалары, кәсіпорындары мен қаржы-несие мекемелері жарнамадан қаржы аямайды. Мәселен, АҚШ-та бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат қарулануға бөлінетін қаржының тең жарымына жуығын құрайтын көрінеді.

Негізі, үлкен билбордтар жарық беруші металл тіректерде орналастырылады. Ірі компаниялардың жарнамалары көше бойындағы LED-экрандардан көрсетіледі. Жарықдиодты экран қала орталығында, адам көп шоғырланған жерлерден орын тебеді. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, жарықдиодты экранның аудиториясы айына шамамен 270 мың адамды құрайды екен. Ондай экран 500 метр қашықтықтан-ақ назар аударта бастайды, осылайша көрермендердің барынша көп қамтылуына кепілдік береді.

Алматы көшелерінен байқағанымыз, энергетикалық сусындардың пайдасынан гөрі зиянының орасан екенін ауызбен айтып жүргенімізбен, жарнамасы жер жарады. Әсіресе, осындай сусындардың суреті, мәтініндегі еліктірер, желіктірер  сөздері аялдамаларды бермей тұр.

Айтпақшы, үлкен көшелердің бірінен елге танымал бір әншінің бейнесі бар көлемді билбордты көзіміз шалды. Әдемі жұлдызымыз екі бүйірін таянып тұр екен. Қазақ бүйірін таянбайды, жаман ырымға балаған. Сондықтан қазақ еліндегі жарнамалар тәрбие құралы да болуы тиіс. Сондай-ақ, қазақы нақыштағы билбордтарды жиірек көргіміз келеді. Мәселен, міне, мына аялдамадағы «ақ сәлделі әже» немесе «қолына қыранын қондырған атбегі» секілді билбордтар кім екеніңді еске салып тұрғандай.

Қырағы көзімізге іліккен тағы бір мәселе – қаланың қақ ортасында жарнама-билбордтар көбірек орналастырылған. Ал шет аудандарда аялдаманың өзі жұтаң, ештеңе ілінбеген. Тіпті, көше бойлай өскен ірі емен ағаштарының діңіне «Продам металл, не дорого» деген сынды қолдан жасалған жарнамалық тақтайшалар қағылып тұр. Ал қала әкімінің Алматыны шетсіз қалаға айналдыру бағдарламасының қолға алынғанын ескерсек, бұл мәселе де назардан тыс қалмауы керек. Яғни шаһардың барлық ауданы теңдей дамуы тиіс.

Иә, әйнектер ішінен орын тепкен қызылды-жасылды түрлі жарнама-билбордтардың өзі қала көркіне өзіндік үлесін қосып тұр. Ал кейбір аялдамалардағы жазғы мезгілді, мәселен, жайқалған алқызыл гүлдерді бейнелейтін жарнама қондырғылары бүгінгідей қыс мезгілінде көзге оғаштау көрінгендей ме, қалай?.. Біз көктем не жазда құндыз жағалы тон кимейміз ғой, сол секілді, жарнама-билбордтар жылдың төрт мезгіліне сай ілінгені дұрыс па екен, кім білсін.

Сөзіміздің соңын мына бір тосын пікірмен түйіндейік.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Бір пікір

 

Маржан ӘЛИХАН,  Алматы қаласының тұрғыны, ұстаз:

 Ғұмырлы өсиетті қолданысқа енгізу керек

 – Сыйбайлас жемқорлық туралы «Пара берме» деген жарнамаға қарап есіме түскені…  «Іргелес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлап едім, бірақ иелері ізін қуалап келіп, бәрін айдап әкетті», – деп сырын ашыпты бір ұры Бөлтірік шешенге. «Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен…», – дейді сонда шешен. «Түк те қалған жоқ». «Ұры-қары деген екі ат қалыпты», – деген екен ділмар шешен. Сол айтпақшы, халқымыздың теңдесі жоқ осындай тапқырлықпен айтылған шешендік сөздерін том-том кітаптарда ғана тұншықтырып қоймай, бүгінгі өмірдің «айғайшысы», адым сайын алдыңнан кезігетін алып жарнама мәтіндеріне де жайнатып жазып қойсақ, әбден жарасымды болмай ма?! Ғасырлар бойы жасаған ғұмырлы өсиетті бүгінгі өмір қолданысына енгізу керек. Өйткені, шешендік өнерде өлмес ой, танымдық мән, тәрбиелік маңыз бар. Қала көшелеріне ілінген әртүрлі тақырыптағы алып жарнамалардың тұсынан өткен сайын осы ой санамда сан мәрте жаңғырады да тұрады. Жамандықтың жолын кесіп, жақсылыққа үндейтін жарнама мәтіндерін ресми сөздермен сірестіргенше, халқымыздың ғажап тапқырлық шешендік сөздерімен, мақал-мәтел мәйегімен түрлентіп берсек, жарнамаға жан кірер еді-ау…

 

 Суреттерді түсірген автор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *