Бес қыз дара шықты

Бокс

 

 Сербияда жыл сайын өтетін «Ұлттар кубогі» биыл да жалғасты. Коронавирус кесірінен бірнеше ай бойы Қазақстан әйелдер құрамасы халықаралық сындарға қатыса алмаған еді. Сондықтан жаңа жылдағы алғашқы ресми турнирге ұлттық құраманың бас бапкері Ерік Алғабек үздік боксшыларды бастап барды. Турнирге 12 елдің боксшылары келді. Ұлттар кубогі осымен онышы рет ұйымдастырылды.

Қазақстандық боксшы қыздар бұл сында 5 алтын жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте де отандастарымыз бірінші орынды ешкімге бермеді. Е.Алғабек турнирдің ең үздік бапкері атанды.

Арайлым Марат (48 келі) Кристина Надж Варганы (Сербия, 5:0), Алена Артемованы (Ресей, 4:1), Николе Дурикованы (Словакия, 5:0) жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.

Дина Жоламан да (54 келі) бұл сында қарсыласының бәрін жеңді. Ол Кристина Оржагованы (Словакия, 5:0), Валерия Родионованы (Ресей, 5:0), Елена Зекичті (Сербия, 4:1) ұтып, ең биік тұғырға көтерілді.

Владислава Кухта (57 келі) Хатиже Ақбашты (Түркия, 5:0), Ленка Бернардованы (Чехия, 5:0), Айжан Гүлдағыны (Түркия, 5:0) жеңіп, барлық кездесуде төрешілердің ортақ шешіміне ие болды.

Римма Волосенко (60 келі) Есра Өзйол (Түркия, 5:0) мен Ленка Волейниковадан (5:0) басым түсіп, өз салмағының мықтысы атанды.

Ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаева Барбара Сучанкованы (Чехия, 5:0), Анна Иванованы (Ресей, 4:1) ұтып, Қазақстан қоржынына бесінші алтын жүлдені салды.

Жансая Балтабекова (64 келі) алғашқы кездесуде чехиялық Вендула Седлачковадан жеңіліп қалды. Одан кейін сербиялық Нина Гаичке есе жіберді. 69 келіде сынға түскен Валентина Хальзова түрік қызы Серменели Бүсеназға жол бергенмен (1:4), екінші кездесуде Валентина Шморанзованвы (Чехия) айқын жеңді. Сөйтіп, ол қола жүлдегер атанды. Ал Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Мария Вольнова (75 келі) бұл турнирді сәтсіз өткізді. Ол Беларусь спортшысы Валерия Кебиковаға 1:4 есебімен есе жіберді. Дегенмен, қатысушылар санының аз болу себебінен Вольнова қола жүлдеге қол жеткізді. Гүлсая Ержанның (81 келі) салмағында небары екі боксшы болды. Милена Матовичтен (Сербия) жеңілген соң, Гүлсая турнирдің күміс жүлдесін иеленді.

Әзірге Қазақстан әйелдер құрамасының еншісінде бір ғана олимпиада жолдамасы бар. Надежда Рябец (75 келі) бұл жолдаманы былтыр Иордания астанасы Амманда өткен лицензиялық турнирде жеңіп алған еді.

Естен САБАЛАҚ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *