Берлин тұрғындары қазақ оркестрінің өнеріне тәнті болды

Берлин тұрғындары қазақ оркестрінің өнеріне тәнті болды
Сурет: Egemen.kz

Германия астанасында Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық халық аспаптары оркестрінің концерті өтті.

Мәдени шара Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынастар орнауының 30 жылдығына арналды. Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық халық аспаптар оркестрі осыған дейін Франция, Австрия және Сербияда өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Оркестр Концертхаус сахнасында өнер көрсетті. Қазақ оркестрін тыңдау үшін саясаткерлер, дипломаттар, кәсіпкерлер мен өнерсүйер қауым келді. Қазақстан мен Германия арасындағы достықтың 30 жылдығына арналған концертті Берлиндегі елшіміз Нұрлан Оңжанов пен Германия Сыртқы істер министрлігінің уәкілі Маттиас Люттенберг ашты. Өнерпаздар Берлинге «Еуропадағы Ұлы дала әуендері» деп аталатын ерекше бағдарлама әкелді. Ұжым көрерменнің назарына қазақ халық музыкасының туындыларын ұсынды.

Мерекелік кешті Түркештің «Көңілашар» күйі ашты. Осыдан кейін бас дирижер Болат Долдашев басқарған оркестр Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың әйгілі күйлерін орындап берді.   

«Концерт маған өте ұнады. Қазақ ұлттық аспаптарының музыкалық палитрасына тәнті болып, халық музыкаларыңызбен таныстым. Оркестр өте жоғары деңгейде орындады. Айта кету керек, Радецкий маршын естіп, таң қалдым. Бейімдеуі өте қызық болды», - дейді ГФР СІМ Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөнінде уәкілі Маттиас Люттенберг.

Домбыра, қылқобыз бен шертердің бірегей әуені көрерменді баурап алды. Сондай-ақ олар солистердің әншілік шеберлігін жоғары бағалады. Ал неміс классигі Гетемен байланысты ұлы Абайдың музыкасы тосын сый болды.  

«Шетелдік композиторлардан Штраустың шығармасын ойнадық. Сосын «Қараңғы түнде тау қалғып» - Гетенің «Песня ночного странника» деп аталатын өлеңін әуелі Лермонтов орыс тіліне, одан ары қарай Абай Құнанбаев қазақ тіліне аударған болатын. Міне, осы әнді бүгін тарту ретінде ала келдік», - дейді Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы Сағынтай Көпжасаров.

Көрерменге жиырмадан аса туынды ұсынылды. Концертті күй тартысын шебер орындаған домбырашылар аяқтады. Көремендер көшемет көрсетіп, әрітстерімізді жібергісі келген жоқ. Сондықтан олар сахнада қалып, тағы үш шығарманы орындап берді.

Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасы шығыс комитетінің өңірлік директоры: - Берлинде қазақтың дәстүрлі музыкасын тыңдауға мүмкіндік туындағанда, мен үнемі қуана барамын. Әсіресе, ол осындай керемет залда орындалса. Концертке тәнті болдым. Әсіресе, домбырашылар триосы ұнады.

Атыраулық әртістер Берлин тұрғындарына ұмытылмас кеш сыйлады. Енді өнерпаздарымызды Төменгі Саксонияның орталығы - Ганновер қаласында күтіп отыр.