Бекзатты ұмытпаймыз!

Бекзатты ұмытпаймыз!
almaty-akshamy.kz

Алматыда BEKZAT BOXING CLUB атындағы спорт кешені ашылды. Астана күні қарсаңында Медеу, Алатау аудандарының жасөспірімдері мен тұрғындарына жасалған игі іс болды. Осы орайда инициатива авторы Сырлыбаев Бағдатпен сұхбаттасқан едік.

- Армысыз, бокс залының ашылуы турасында толығырақ айтып берсеңіз?    

- Бұл - қаладағы 4-ші бокс залы. Ашылу салтанатына қатысқан Медеу ауданының әкімі Сайран Сайфеденов жас өрендерге сәттілік тіледі. Айта кетерлігі, ешқандай демеушісіз, өз қаражатыма салынды.     

- Спорт кешенінің сыйымдылығы қанша спортшыға есептелген?

Жалпы, 200 балаға негізделген. Одан бөлек, 2-ші қабатта би үйірмесі бар. Ол жерде шамамен 100-150 адам би, гимнастика, т.б жаттыға алады. Ал астында бірыңғай бокспен айналысады. Сонымен қатар, үйренем, көрем, өзім үшін қатысам деушілерге есігіміз ашық. Үлкендерге де былғары қолғаптың қыр-сырын үйретеміз.

- Бекзат есімін берудегі мақсат қандай?

- Сұрағыңыз орынды. Қазір көптеген бокс орталықтары бой көтерген. Әрқайсысына әртүрлі есім берілуде. Тіпті шетелдік атауларды да көрудеміз. Енді, біздер осы салада жүргеннен кейін өзгеше ныспы беру – сын болар. Бекзат Саттархандай батырымыз, даңқты боксшымыз, Олимпиада чемпионының аты өшпесін деген мақсатта қойылды. Бүгінгі жастардың көбісі оны біле бермейді. Өз қатарластарымыз ғана емес, көпшіліктің де кеңінен танығаны абзал. Бар ойымыз - қазақ халқының айбынды ұлдары ұмыт қалмауы тиіс.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Менің түпкі көздегенім - боксты өркендету. Балаларды спортқа баулу. Жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Әрние, жеңімпаздар шығару. Әрбір қызығушы талантқа барынша жақын болу. Оларға жағдай жасап, жол көрсету. Сонымен бірге еліміздің өзге өңірлеріннен де, спорт кешендері мен шаршы алаңдардың іргесін қалағымыз келеді. Ол іс ойда һәм жоспарда тұр.

- Әңгімеңізге рахмет!