Бэби-бокс

Тастанды сәбилер тағдыры барған сайын алаңдатарлық жайтқа айналып барады

 Соңғы уақытта шараналарды далаға тастап кету оқиғасы жиілеп барады. Осыдан екі-үш ай бұрын Қызылорда қаласында тұрғын үйдің ауласындағы дәретханадан жаңа туған шақалақтың мәйіті табылды. Оның алдында Жаңаөзендегі көшелердің бірінен кіндігі кесілмеген шарана табылған. Абырой болғанда, нәресте аман-есен дәрігерлер қолына тапсырылды. Көрші Ресей шараналарды көшеде қалдырып кетудің алдын алу үшін тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашты. Сондай орталықтарды бізде де көптеп ашу керек пе? Бүгін осы тақырыпты көтергенді жөн санадық.  

2019 жылы Алматы облысы, Түрген ауылының тұрғындары жеке үйдің дуалына ілінген сөмкеден жаңа туған нәрестені тапқан. Салмағы 2,5 келі сәби жұқа шарфқа оралған. Күннің суығынан дене температурасы 34 градусқа дейін төмендеген. Нәресте ауыр халде Есік қаласының Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Осы жағдайдан кейін дәрігерлер ауруханада нәрестелер қабылдайтын орын ашуды мәселе етіп көтеріп, аталмыш ауруханаға бэби-бокс орнатылды.

Жасыратыны жоқ, уақыт өткен сайын адамдар азғындап, ар-ұяттан айырылып барады. Бұған көз жеткізу үшін жан-жағыңызға зер сала қарасаңыз жүздеген, мыңдаған мысалдарды көресіз. Сондықтан елімізде нәрестелер қабылдайтын орындар ашу заман талабы секілді. Бэби-бокстың перзентханадан және балалар үйінен ашылғаны жөн. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес. Жағдайдың алдын алу үшін жастар арасында көптеген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Некесіз қосылған жағдайда бала көтеріп қалмау үшін не істеу керек, одан сақтанудың жолдары қандай, осы төңіректе жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізген абзал. Әйтпесе, қазір үлкен қалаларда оқып жүрген ауыл қыздары алданып қалып, не істерін білмей, өмірден түңіліп жатады. Үйіне қайтайын десе, ата-анасынан қорқады, сосын амалсыздан шарананы далаға тастап кетеді.

Тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орын ашу – шетелдік тәжірибеде бар нәрсе. Ол үшін перзентханаларда нәресте сыятындай арнайы терезелер ашылып қойылған. Бала терезе ойығына түскенде автоматты түрде дыбыс шығып, іштегі дәрігерлерге естіледі. Осылайша дәрігерлер сәбиді қабылдайды. Тастанды сәбилер болашағын ойласақ, бізге де осындай қадамға бару аса қажет.

Ал мұндай сұмдықтың алдын алу үшін ұлттық тәрбиені көтеру керек. Өйткені, бұл – рухани құлдыраудың бірден-бір көрінісі. Жастар арасында түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізіп, тіпті, абайсызда бала көтеріп қалған жағдайда да жалғызбасты аналарға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетілетінін ұғындырған абзал. Сондай-ақ, жас босанған анаға берілетін бірреттік жәрдемақы мөлшерін мүмкіндігінше көбейткен дұрыс. Өйткені, қолдаудың аздығы онсыз да жаза басып, ары қарайғы өмірінің қалай боларынан бейхабар болып тұрған бейбақты баладан бас тартуға итермелейтіні – белгілі жайт. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір жас ана мемлекетке сене алатындығын білсе, балаға қиянат жасамайды деп ойлаймын.

 

Сіз не дейсіз?

 Ұлдана СЕРІКҚЫЗЫ, мұғалім:

 Жыныстық тәрбие қажет

 – Бізде, өкінішке қарай, мектептерде жыныстық тәрбие туралы сөз қозғалмайды. 9-сыныпқа арналған биология курсына енгізілген репродуктивті денсаулық бойынша жеке тақырыптар жеткіліксіз. Биология пәнінің оқу бағдарламасында «көбею, тұқым қуалаушылық, өзгергіштік, эволюциялық даму» бөлімі бар. Онда тірі организмдердің көбею түрлері, тұқым қуалаушылық пен өзгергіштік заңдылықтары, жабайы табиғаттың тарихи дамуы зерттеледі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бұрын мектеп бағдарламасына «Валеология» пәні енгізілген және жасөспірімнің ағзасы қалай өзгереді, еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек, ерте жыныстық қатынастар қандай қауіп-қатерге душар етеді, ерте жүктіліктің және жыныстық жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары  айтылатын. Алайда, кейінірек бұл қосымша пән бағдарламадан алынып қалды. Біз бәрібір мектептерге жыныстық тәрбие бағдарламасын енгізуге тиіспіз. Онсыз болмайды. Онда мәдени дәстүрлер, менталитет, рухани, моральдық аспектілер ескерілуі керек.

Шетелдік тәжірибе қандай?

 Тастанды нәрестелерді қабылдайтын жәшікті ең алғаш 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тауыпты. Ол кезде баласын асырай алмайтын аналар перзентін өзенге ағызып жіберетін болған екен. Бұл Рим Папасының жүрегін ауыртады. Сондықтан да ол шіркеу жанына арнайы жәшік орнатуға тапсырма берген. Кейін шіркеудің бұл әдісін басқа мемлекеттер де пайдалана бастады. Бүгінгі таңда мұндай орындар Чехия, Венгрия, Литва, Италия, Австрия, Бельгия, Мальта, Канада, АҚШ, Нидерланды, Пәкістан, Филиппин, Малайзия, Жапония және басқа елдерде әртүрлі формада және әртүрлі атаулармен жұмыс істейді. 2011 жылы бұл тәжірибе Ресей аумағында да енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл елдер жағдайды басқаруға және бақылауға алуға мүмкіндік алды. Ең бастысы, қоғамға қажет көптеген адам өмірін сақтап қалды. Атап айтқанда, соңғы жылдары Ресейде 115 бала құтқарылды, ал 15-і биологиялық отбасыларға қайтарылды, Словакияда тек 2004 жылы бэби-бокстың арқасында жиырмадан астам нәресте аман қалды. Оңтүстік Африкада 10 жыл ішінде 96 нәресте тірі қалған. Ал 2010 жылы неміс Гамбургінде 38 бала құтқарылды.

 

Дерек:

– Кәмелетке толмаған 2777 қыз жүктілік бойынша есепте тұр;

– 397 қыз түсік тастады;

– 1910 жасөспірім дүниеге сәби әкелді;

– Жасөспірімдердің 91 пайызы ВИЧ-инфекциясының берілу жолдары туралы білмейді;

– Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы босану дамыған елдерге қарағанда 5-6 есе жоғары.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *