Бақытжан Сағынтаев: Қыдырудан денсаулықтың маңызды екенін түсінетін уақыт жетті

Бақытжан Сағынтаев: Қыдырудан денсаулықтың маңызды екенін түсінетін уақыт жетті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Әлі күнге көз алдымызда туған-туыс, таныстың арасында соңы қайғыға апарып жатқан індеттің таралуына қарамастан, халық коронавирусқа жеңіл-желпі науқас сияқты қарап келеді.

 Тұрғындармен дәстүрлі онлайн жүздесуінде Алматының әкімі осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

 «Халқымыздың амандығы үшін полиция қызметкерлеріне мейрамхана, түнгі клубтарды күзеттіруге мәжбүр болып отырмыз. Олардың негізгі қызметі –тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау екенін білесіздер. Індеттің осынша асқынып тұрғанын біле тұра, қыдырмай қоя тұруға, шыдауға болмай ма? Бұдан артық қалай айтамын енді? Халық осы бетімен жүре берсе, тіпті бұдан да қатаң шаралар қолдануымыз керек шығар», - деді мегаполис басшысы.

 Сонымен қатар Бақытжан Әбдірұлы әркім өз денсаулығы үшін жауапты болсын дегенді қадап айтты.

 «Әлеуметтік желіде отырып алып, екпеге қарсы насихат айтатын антиваксер сіздің денсаулығыңыз үшін жауапты емес. Ол үшін тікелей өзіңіз жауаптысыз. Бұл оңай індет болса, әлдеқашан жеңіп шыққан болар едік, арпалысып келе жатқанымызға бір жарым жыл болды ғой. Вирус мутацияланып, әр түрлі штамдары пайда болып жатқанын білесіздер. «Дельта» штамының тіпті ауыр соғатыны, жылдам таралатыны белгілі болды. Бұл штамның өте тез жұғатыны сондай, ауруханаларға отбасымен түсіп жатқан науқастар бар. Індетті толастатудың жалғыз-ақ жолы бар, ол –екпе салдыру. Бүгінгі жағдайымызды жақсартамыз десек, екпенің қажеттілігін түсінетін уақыт келді. Санэпидемиологтардың айтқанына бағынайық», -деді қала әкімі.