Бақытжан Сағынтаев ірі көлік жолайрықтарының құрылыс барысымен танысты

Бақытжан Сағынтаев ірі көлік жолайрықтарының құрылыс барысымен танысты
almaty-akshamy.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында үш жол айрығының құрылыс қарқынын, метрополитеннің инфрақұрылымын және Абай даңғылын қала шекарасына дейін тесу жұмыстарын тексерді.


Мегаполис әкімі Алматының «шығыс қақпасындағы», Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысындағы жолайрығында болды. Құлжа тракті арқылы өтетін эстакаданың ұзындығы – 784 м, Бұқтырма көшесі бойындағы туннельдің ұзындығы – 570 м. Жыл соңына дейін жекелеген бағыттар бойынша көлік қозғалысын ашу жоспарлануда. Нысанды толық пайдалануға беру келесі жылға жоспарланған, бұл Бұқтырма көшесіндегі көлік ағынын – 30%-ға, Құлжа трактісінде өткізу қабілетін 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Б. Сағынтаев Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы туннель түріндегі жолайрықтың жұмыс барысымен танысты. Жоба бойынша Сейфуллин даңғылы бойымен көліктің кедергісіз қозғалысы үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі туннель салу қарастырылған. Көліктердің жүруі Жансүгіров көшесіндегі, сондай-ақ өзге көлік қозғалыстары жердің бетімен өтеді. Төрт жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін, тротуарларды салу, аумақты абаттандыру және көгалдандыру қарастырылған.
Жобаны 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

Қала әкімі Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысындағы жолайрығы құрылысының қарқынын тексерді. Эстакаданың ұзындығы 186 м, Рысқұлов даңғылында – 8, ал Емцов көшесінің бойында 4 жолақ қарастырылған.

Бұдан басқа, Б. Сағынтаев әрлеу жұмыстары жүріп жатқан Сарыарқа және Достық бекеттеріндегі метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші іске қосу кешенінің құрылыс барысымен танысты. Екі бекетті техникалық іске қосу жыл соңына жоспарланған.

Сондай-ақ, Алматы әкіміне Қалқаман бекетіндегі  метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің үшінші іске қосу кешенін салудың жұмыс барысы туралы баяндалды. Жобада Достық бекетінен Қалқаман бекетіне дейін ұзындығы 2,48 шақырым болатын Әшімов көшесінен төмен салынатын қума тоннельдің құрылысы қарастырылған.

Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Абай даңғылын Қалқаман шағын ауданындағы Момышұлы көшесінен Әуезов көшесіне дейін үңгілеу жұмысының барысын тексерді. Оның жалпы ұзындығы 4,8 км. Шұғыла шағын ауданындағы Яссауи көшесінен Береке көшесіне дейінгі учаскенің ұзындығы 3 км, мұндағы жұмыстар аяқталып қалды. Жоба бойынша 6 жолақты жол, тротуарлар, веложолдар салу қарастырылған. Құрылыс аймағында орналасқан учаскелер уақтылы сатып алынса, онда жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Осының арқасында Абай даңғылы Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін ұзаратын болады.

Б. Сағынтаев жолайрықтары мен көшелерді үңгілеудің барлық нысандары бойынша жұмыс күші мен техниканы кеңінен жұмылдыруды, жұмыстың сапасы мен уақтылы атқарылуын бақылауды тапсырды. Бұдан өзге, тиісті ведомстволардың басшылары жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешулері қажет.