Бақытжан Сағынтаев мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

Бақытжан Сағынтаев мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қала әкімі білім беру мекемелерінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде сейсмикалық күшейту мен жаңа корпустардың құрылысы аяқталуы жақын қалған жаңарған мектептерді тексерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев И.В. Панфилов атындағы №54 қазақстандық-ресейлік мамандандырылған мектеп-лицейдің ғимаратын сейсмикалық күшейту барысымен танысты. Күрделі жөндеу кезінде 1938 жылы салынған ғимараттың тарихи қасбеті қалпына келтіріліп, ашық спорт алаңы жаңартылды. Бақытжан Сағынтаев жұмыстың тез аяқталуын және мектептің уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Орбита-1 шағын ауданындағы №60 мектеп-гимназияда 600 орынды жаңа корпус салынды. Бұл осы мектептегі оқушы орнының тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бұдан өзге, мектеп аумағында жаңарған спорт алаңы салынды. Сонымен, бұрыннан бар спорт залды ескерсек, енді жаңарған мектепте екі спорт зал мен ашық спорт алаңы пайда болды.

Айта кетерлігі, Алматыдағы 207 жалпы білім беретін мектептердің барлығы спорт залдармен 100% қамтамасыз етілген. Сондай-ақ биыл 33 мектеп стадионын модернизациялауға 1 млрд теңге бөлінді. Орта білім беру жүйесінде 110 мың баланы қамтитын 3 721 спорт секциясы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында білім беру мекемелерінің 8 спорт алаңы қайта жаңғыртылуда. Бұған дейін МЖӘ жобалары аясында екі мектеп аумағындағы спорт алаңдары жаңарған еді.

Қала әкімі Бақытжан  Сағынтаев оқушылар арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін мектептердің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық жағдайына байланысты емделетіндерді қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлері 100% вакциналанған.

Дәстүрлі білім беру форматына көшу үшін мектептерде, балабақшаларда, интернаттарда коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау шаралары жүргізілуде. Барлық ұйымдар жуғыш және дезинфекциялық құралдармен, сондай-ақ антисептиктермен жабдықталған.

Оқу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады, оның ішінде термометрия, визуалды тексеру, эфир, кварц. Оқушылар ағыны бастауыш, орта және жоғары буын болып бөлінеді.

Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар Қонаев көшесі, 127 мекенжайдағы 3 жасқа дейінгі балалардың ерте араласуына арналған оңалту орталығының ғимаратын реконструкциялау жобаларымен танысты. Мұнда туа біткеннен бастап бір жасқа дейін туа біткен және тұқым қуалайтын аурулары бар балалар бақыланып, оңалтудан өтеді. Жобаның басты мақсаты – балалар арасындағы аурушаңдық пен мүгедектікті төмендету.

Қала әкімі Қонаев көшесі, 122 мекенжайдағы ғимаратты да қарап шықты. Бұрын мұнда қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы орналасқан болатын, басқарма Әлеуметтік қызметтер үйіне көшкен еді. Енді нысан 18 жастан асқан мүгедектерге арналған көпсалалы оңалту орталығына және аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығына айналады. Жобаны қазан айында аяқтау жоспарланған.