Бақытжан Сағынтаев Digital Ustaz Almaty байқауының жеңімпаздарын құттықтады

Бақытжан Сағынтаев Digital Ustaz Almaty байқауының жеңімпаздарын құттықтады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Биыл Алматыда «Алматы мектептері» білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамытудың үш жылдық бағдарламасы басталды. Бағдарлама қаланың 150 мектебінде сапалы жаңа білім беру ортасын құруға бағытталған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мектепте оқытуды цифрландыруды танымал етуге бағытталған бірінші конкурсқа қатысқан үздік мұғалімдерді марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бағдарлама аясында 50 мектептің басқару командаларын қайта даярлау, 3000-нан астам педагогтің біліктілігін арттыру жүргізіледі. 1000-нан астам жоғары сынып оқушылары АТ және креативті индустрия мамандықтарына оқытылады, қала мектептеріне цифрлық симуляторлар мен ресурстарға қол жетімділік берілген. Осы қатарда Digital Ustaz Almaty сандық құзыреттер саласындағы кәсіби шеберлік байқауы да бар.

«Мұның бәрі педагог мәртебесін арттыруға, мұғалім мамандығын жастар үшін тартымды етуге және білім беру ұйымдарындағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылым мен материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері секілді білім беру мазмұнын да жаңарту мен дамыту мәселелерінің маңызы зор деп есептеймін. Сондықтан да, біз прогрессивті және жаңалыққа жаны құмар мұғалімдерді қолдауды жалғастырамыз», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Байқау финалистеріне сөйлеген сөзінде Алматы әкімі байқаудың телерадио тәжірибесінің үздік педагогикалық әдістерінің алаңына айналып, әрі қарай кәсіби өсу үшін ынталандыру болатынына сенім білдірді.

«Сіздер одан әрі жетіле түсіп, әріптестеріңізге шабыт беретін тұлғаларға айналасыздар, сабақ өту барысында өздеріңіздің педагогикалық шеберліктеріңізбен бөлісіп, әрбір оқушының өзін-өзі тануы үшін жаңа ынталандырушы орта құратын боласыздар деген үміттемін. Бірінші кезекте сіздер өз істеріңізге деген адалдық пен сүйіспеншіліктің арқасында финалға өттіңіздер. Болашақта да осылайша еңбек етулеріңізге тілектеспін», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі байқаудың тең ұйымдастырушылары – Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры мен EdCrunch Academy заманауи білім беруді дамыту институтына, бас әріптеске алғысын білдірді.

«Алматы Кітап» баспасы, сондай-ақ мұғалімдерді оқыту кезеңіне белсенді қатысқан сарапшылар мен мамандар бірлескен жемісті еңбектері үшін марапатталды.

Хабарланғандай, байқау жеңімпазы тарих пәнінің мұғалімі, Galaxy International School гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Сағынғали Қалиев болды. Ол ағылшын білім беру ұйымдарының бірінде тәжірибе өту үшін Лондонға барады.

Екінші орынды «Білім-Инновация» лицейінен Ерлан Нұғман мен Нұрбек Серікұлы бөлісті, үшінші орынды №31 мектептен Ерлан Керімбай иеленді.