Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Қаланы жап-жасыл етіп ұстап тұру техникалық тұрғыдан да қиын

Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Қаланы жап-жасыл етіп ұстап тұру техникалық тұрғыдан да қиын
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы «Akimat LIVE» бағдарламасының кезекті тікелей эфирінде мегаполистегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі және КВИ дертінің асқынуы туралы хабарлады. Вирустың таралуына қарсы тұру үшін қалалықтарды белсенді түрде екпе алуға шақырды. 

Сонымен қатар шаһар тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

 

Чемпиондар әлі де шығады

Тұрсынғали ЕДІЛОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Қайырлы кеш, Бақытжан Әбдірұлы! Баршаға белгілі, қазіргі таңда Токио төрінде дүбірлі Олимпиада өтіп жатыр. Жалпы, мегаполисте болашақ чемпиондарды баулу, спортты дамыту тұрғысында қандай жұмыстар атқарылуда?

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Жанкүйер ретінде мен де Олимпиада ойындарын қадағалап отырамын. Барлық спортшыға тілекшімін. Алматыда болашақ чемпиондарды дайындау үшін спорттық нысандардың қолжетімділігі мен ашықтығына баса назар аударылады әрі кешенді іс-шаралар қабылдануда. Осы мақсатта 6 спорттық-сауықтыру кешенінің, сондай-ақ үлкен теннис пен үстел теннисі орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешенінде спорт кешенінің құрылысы аяқталуда. 

Тегін қадамдық қолжетімді ашық алаңдарда, жекпе-жек орталықтарында 40-тан астам жаттықтырушы сабақ беруде. Осылайша бір жарым мыңнан астам бала мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануда. Сонымен қатар, жан басына шаққанда қаржыландыру арқасында 3 мыңнан астам бала спорт секцияларына ақысыз барып жүр. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде біздің қаладан да болашақта олимпиадаларды бағындыратын чемпиондар шығады деп сенемін.

 

БАҒЛАН,

шаһар тұрғыны:

– Мен мүмкіндігі шектеулі балаға қараушы адам ретінде қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығын беретін «Оңай» картасын ала алмай жүргеніме бірнеше ай болды. Қаланың мобильділік басқармасы мен «Транспортхолдинг» өкілдерінен әлі күнге жауап ала алмай жүрген жайым бар.

«Орбита» шағынауданындағы №4 қалалық емханада дәрігерлер жетіспейді. Осы мәселелерге назар аударсаңыз екен.

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Әріптестерімізге аты-жөніңізді, мекенжайыңызды толық қалдырыңыз, мәселеңізді шешеміз. Сіз айтып отырған №4 емхана қаладағы ең үлкен медициналық мекемелердің бірі, екі-ақ дәрігер бар деген мүмкін емес жағдай ғой. Ертең мән-жайды тексеріп, өздеріңізге жауабы айтылатын болады.

 

 Арнайы штаб құрылады

 ЕРБОЛАТ,

Алатау ауданының тұрғыны:

– Бақытжан Әбдірұлы, алдымен Сіздің басшылығыңызбен қолға алынған «Жаңа Алматы» бағдарламасы аясындағы атқарылып жатқан шаруалар көп. Бүгінде қаланың төменгі бөлігі жақсы дамып, өзгеріп келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін алғыс білдіремін. Десек те, мені мазалайтын бірқатар сауалдар бар: біріншісі – ауданымызда көгалдандыру жұмыстарына байланысты ағаштарды суару жұмыстары мүлде жүргізілмейді. КСК-ға қанша айтсақ та, ешқандай нәтиже жоқ. Екінші мәселе – біз 14 қабатты үйде тұрамыз. Бірақ үйдің кіреберісіне дүкендер орналасқан. Сол себепті біз төрт жылдан бері эвакуациялық есіктерден кіріп-шығамыз. Бұл қаншалықты заңды? Содан кейін, өзіңіз білесіз, «Алматы Аренаның» артында үлкен стадион салынған. Соның артқы жағында үлкен гир лақтыратын арена бар. Сол жер бүгінге дейін еш қолданыссыз тұр. Осы жерлерге балаларға арналған спорт алаңдарын ашса қалай болар екен?

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Бірінші сауал – кіреберістер бойынша мәселе неде екенін тексеру керек. Бұл сауалдың түйінін шешу үшін сала басшысына тапсырма бердім. Ал екінші мәселе бойынша, иә, бір барғанымызда не істесек болады деп ойланғанымыз бар. Егер ол жерге балаларға арнап спорт алаңын салатын болсақ, оны кәсіби түрде спортпен айналысатын жақсы орталық жасау керек. Қазір спорт басқармасы әкімдікпен бірге не орналастыру керектігін ойластырып жатыр. 

Жалпы, көгалдандыру жұмыстары бойынша қалалық әкімдік тарапынан  арнайы штаб құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер біле білсеңіздер, қала бойынша жасыл алаң 12 мың гектардан асады. Оның 800 гектары мердігер компаниялардың қарауында. Дейтұрғанмен оның барлығын бір ғана әкімшіліктің күшімен суғару мүмкін емес.

Сондықтан қаланы жап-жасыл етіп ұстап тұру техникалық тұрғыдан да қиын. Ал халық көп жүретін орындардағы суару жұмыстары үнемі әрі міндетті түрде жүргізілуге тиіс. 

 ФАРХАТ,

Түрксіб ауданының тұрғыны:

– Қайырлы кеш, Бақытжан Әбдірұлы! Сіз басшылыққа келген жылы Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу өткізгенде көшемізде жаңбырлы күндері су жиналып, ары-бері жүру мүмкін болмай қалатындығын айтқан болатынбыз. Аудан басшылығы бұл мәселені әлі шешпей отыр. Екінші сауалым – Кассин көшесінде №49 мектеп орналасқан. Мектепте оқушы көп. Сол маңға «Сергек» бейнебақылау камерасын орнатып, оқушылардың өтуіне ыңғайлы болуы үшін тротуарлар орнатылса деген өтінішіміз бар.

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Арнайы жол жүру белгілерін қою соншалықты қиын шаруа емес. Түрксіб ауданының әкіміне тапсырма берілді. Ертең өтініш иесімен бірге қажетті мекенжайға тротуар қою мәселесін шешіп береді.

 

«Бюджетке қатысу» – халық мүддесі

Димаш ДАУЫЛБАЕВ,

қала тұрғыны:

– Мен «Зерделі» ықшамауданынан хабарласып отырмын. «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша жобамызды ұсынып едік. Бірақ ешқандай жұмыс жүргізілмей отыр. Бұл бойынша жұмыс істейтін компаниямен байланысқа шығып едік. Олар бұған мүлдем басқа бюджет қарастырылғанын айтып отыр. Өкінішке қарай, бұл бойынша бізге әкімдіктен немесе компания өкілдерінен ешкім келіп түсіндірген жоқ.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Қазір аудан әкімін қосайық. Бұл ретте кейбіреулердің тек конкурстық жұмыстары ғана өтті. Мүмкін осыған байланысты шығар...

 

Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ,

Алатау ауданының әкімі:

– Иә, өткен аптада Amanat Cleaning компаниясы бекітілген болатын. Бұл ретте «Зерделі» шағынауданында «Бюджетке қатысу» бойынша үш жоба қарастырылған. Тротуарлар төсеу жобасын эксперттер бекітті. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті техника мен жұмыс күші жұмылдыруда. Бұйырса, осы аптада жұмыстар басталады.

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– «Бюджетке қатысу» бағдарламасы туралы айтатын болсақ, «біз басқа бюджет ұсынып едік, олар басқа бюджет қарастырып отыр» дегеннің бәрі, бұл – конкурстық шаралар. Бұл жерде кім аз береді, сол ұтады. Мәселен, ол жұмыс он миллионға бағаланса, дегенмен, мердігер оны 5 миллионға жасаймын десе, біз оған ештеңе істей алмаймыз. Тек сол бекітілген қаражатты беремін. Мен мұны жұртшылық түсінсін деп айтып отырмын.

 ТҮЙІН.

«Akimat LIVE» бағдарламасында көтерілген мәселелердің барлығы жауапсыз қалмайды. Тұрғындар шағымы заң негізінде шешілетін болады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қазіргі эпидахуалға байланысты тұрғындарды сақтық шараларын барынша сақтауға шақырды.

 Әзірлеген Нұржамал ӘЛІШЕВА,

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ,

Серік ЖҰМАБАЙ.