Бақытжан Сағынтаев: Бір-бірімізге жанашыр болайық!

Бақытжан Сағынтаев: Бір-бірімізге жанашыр болайық!
almaty-akshamy.kz

Бұл індетті жеңудің бірден-бір жолы – екпе алу!

 

Кеше «Almaty TV» телеарнасының тікелей эфирінде әр аптаның сәрсенбі күні өтетін дәстүрлі «Akimat LIVE» бағдарламасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі күрделі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, денсаулықтарын сақтау үшін алматылықтарды вакцина алуға шақырды. Одан кейін жарты сағат бойы шаһар басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Естеріңізге сала кетейік, Алматы өткен аптада қайтадан «қызыл аймаққа» кіріп кеткен болатын.

Қаладағы жағдай күрделі

 

–  Өздеріңіз де баспасөзден көріп-біліп отырғандай, қаладағы жағдай күрделі. Он күннің ішінде біз қайтадан «қызыл аймаққа» өтіп кеттік. Күнделікті көрсеткіш 300 науқасқа шығып тұр. Бұл «дельта» штамы бұрынғы британдық, бразилиялық штамдарға қарағанда өте жылдам жұғады. Мен клиникалық дәрігерлер мен мамандармен сөйлескенде, олар «дельта» штамы өкпені бірден 50 пайызға дейін зақымдап, қабындыратынын айтты. Күрделі, жағдайы ауыр науқастардың санының артуы да осыған байланысты. Дегенмен, алдын ала жасалған жұмыстардың нәтижесіне байланысты мамандар мен дәрі-дәрмек, төсек-орын тапшылығы бізде жоқ, – деді шаһар басшысы. Спикер пандемия басталғалы қалада 76 407 науқас тіркелсе, оның 94,3 пайызы айығып шыққанын айтты.

Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал ағымдағы жылдың 18 маусымында СЭБД мамандары тіркеген «дельта» штамының таралуына байланысты күрделене түсуде. Соған орай КВИ-дің мутацияланған штамдарын зерттеу жалғасуда. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі зерттеулер нәтижесінде КВИ науқастарынан алынған 88 сынаманың нұсқаларындағы 67 сынамада «дельта» (76%), 14-інде (16%) «альфа» (британдық), 2-еуінде неден пайда болғаны белгісіз, 3 нәтиже теріс (3,4%), 1-еуінде (1,1%) COVID-19 (уханьдық). Ағымдағы жылдың 3 шілдесінен бастап жүргізілген зерттеулер КВИ науқастарынан алынған 45 сынаманың нұсқалары мынаны көрсетті: 35-інде «дельта» (78%), 6-ыуында (13%) «альфа» (британдық) және тек 1-еуінде (2,2%) COVID-19 (уханьдық) штамдары анықталды.

Бұдан өзге, мамандар КВИ-дің симптомды науқастарының үлес салмағының арта түскенін айтуда. Соңғы 7 күнде, алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда, 1,5 есеге өсуде. Яғни «дельта» нұсқасының айналымы 46%-дан 73%-ға дейін жылдам болғандықтан, бұл КВИ-дің ауыр клиникалық көріністеріне апарады» дейді мамандар.

Соңғы 2 аптадағы жас құрылымын талдау балалар мен жастарға «дельта» штамының тез жұғатынын көрсетті. Мәселен, 1 жасқа дейінгі науқас балалардың үлесі салмағы 0,7% – 2,8% дейін өссе; 14 жасқа дейінгі балалар 0,4% – 15,0% дейін; 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдер 0,8% – 5,2% дейін және 40–59 жастағы азаматтар 1,5% – 24,7%.

 

Адамдар көп шоғырланған жерлерге бармаған  жөн

 

–  Қала тұрғындары балалар мен жасөспірімдердің жағдайына ерекше назар аударып, олардың адамдар көп шоғырланған жерлерге баруын шектеулері тиіс. Орта жастағы адамдар санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауды күшейткендері жөн, – деді Б.Сағынтаев.

Жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде КВИ ауруы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында – 35%, әртүрлі ЖШС жұмысшылары, жеке кәсіпкерлер, АҚ – 19%, зейнеткерлер – 17,4%, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында – 10,3% басым және мектеп жасына дейінгі балалар – 7%, бұл жалпы жағдайлардың 89%-ын құрайды.

Қаладағы эпидахуалға жүйрік оқырмандар мегаполис «жасыл аймаққа» өткен кезде ауруханадағы төсек-орындар саны айтарлықтай қысқартылғанын біледі. Бірақ қала басшысы сол төсек-орындар саны қайтадан 3700-ге көтерілгенін айтты.

–  Төсек-орындар қазір артығымен дайын. Көпбейінді ауруханалардың ковидке қатысты бөлімдері қайта ашылып жатыр. Соған байланысты бүгінде төсек-орындардың 27,8 пайызы бос емес. 450 орын реанимациялық орын болса, оның 330-ы бос емес. Бүгінде мобильді АМСК топтарының және Телемедицина орталығының бақылауында 2306 науқас үйде жатыр, олардың 291-і симптомсыз, 1970-і жеңіл және 45-і орташа ауыр дәрежеде, – деді қала әкімі.

Одан бөлек, спикер КВИ-мен амбулаториялық ем алып жатқан қалалықтарды өзін оқшаулау ережесін сақтауға және адамдар көп шоғырланған жерлерге барудан аулақ болуға шақырды.

 

Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс

 

Қала әкімінің айтуынша, мұндай жауапсыздыққа жол беруге болмайды, өйткені, бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіреді. Адам симптомсыз ауруы мүмкін әрі ол вирустың тасымалдаушысы болып табылады. Б.Сағынтаев барлық қалалықтардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаулары тиіс екендіктерін атап өтті.

Хабарланғандай, ағымдағы жылдың 9 сәуірі мен 1 шілдесі аралығында «Ashyq» мобильді қосымшасының көмегімен QR-кодын сканерлеу нәтижелері бойынша 1449 тұрғынның «қызыл» мәртебесі расталды. Тағы 370 тұрғынның «сары» мәртебесі анықталды.

Айта кетерлігі, Алматының СЭБД мәліметтері бойынша, 28 маусым мен 1 шілде аралығында «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарына кіреберістегі сканерлеу нәтижесінде 28 тұрғынның «қызыл» мәртебесі, 9-ының «сары» мәртебесі расталды. Анықталғанындай, олар фитнес-орталықтарға, бассейндерге, кинотеатрларға, кафелер мен мейрамханаларға кіруге тырысқан.

Қалада «Ashyq» жобасына 2331 қатысушы бар. Айтпақшы, жобаға қатысу ережелерінің сақталуы тұрақты түрде бақыланады. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап жүргізілген рейдтер барысында мониторингтік топтар «Ashyq» жобасында жұмыс істейтін 125 кәсіпкерлік субъектілері бойынша шектеулі карантиндік талаптардың бұзылуын анықтады.

Өткен аптада КВИ дерті 1,7 есеге өскен, соңғы тәуліктерде КВИ-дің 299 жағдайы тіркелсе, тәуліктік өсім 0,3%-ды құрады.

7 шілдедегі жағдай бойынша қалада 76 407 жағдай тіркелді, оның 59 660-ы симптомды және 16 747-сі симптомсыз, анықталмаған пневмония – 2013. Алтыншы шілдеде коронавирусты жұқтырудың 299 жағдайы тіркелді, оның ішінде 259-ы симптомды, 40-ы симптомсыз. Тәуліктік өсім – 0,3%. Репродуктивтілік саны – 1,353.

Инфекциялық стационарларда 1131 адам (80 бала) емделуде, оның 33-і өте ауыр, 256-сы ауыр, 842-і орташа ауырлық дәрежесінде. Реанимация және интенсивті терапия бөлімдерінде барлығы 102 адам бар. ӨЖЖ аппаратында – 19, инвазивті емес ӨЖЖ – 34, High flow аппаратында – 22 науқас бар.

 

Тұрғындардың өтініштерін орындауға

барлық күш жұмылдырылуда

 

Алматы қаласы әкімі тікелей эфирде тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға да жан-жақты, тыңғылықты жауап берді.

Түрксіб ауданына қарасты «Нұршашқан» ықшамауданындағы Бердіқожа көшесі жолдарына асфальт салынып, жол жұмыстары жүргізілмек. Бақытжан Сағынтаев Бердіқожа көшесі жекеменшікке тиесілі өріс екенін,  көшеге жол салуға болмайтын айтты. «Алайда, қазір жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілді. Көше бойына жол салу үшін өрісті сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Жаңа Алматының кешенді жоспарлары аясында барлық қосылған аумақтар жұмыс істейді», – деді қала басшысы.

Инженерлік инфрақұрылым, жолдар, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша қабылданған бағдарламалар аясында жұмыстар жасалып жатыр.  Қала әкімі жол жөндеу мәселесінің талқыланып жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыстар біраз уақытты талап етеді. Тұрғындардың өтініштерін орындауға  барлық күш жұмылдырылуда, аумақтарға  су, электр, кәріз жүйелері жүргізілуде, балабақшалар, мектептер, емханалар тұрғызылып жатыр. Бақытжан Сағынтаев бұл оңай жұмыс емес екенін ескертті.

Онлайн жиында хабарласқан тұрғындардың мәселесі бойынша Түрксіб, Алатау аудандарының әкімдері тікелей эфирге қосылып, сұрақтарға жауап берді.

Тұрғындар, сондай-ақ, қоғамдық көліктердегі салқындатқыштың жұмыс істемеуіне, интервалдарының ұзақтығына наразылықтарын білдірді. Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе бойынша «АлматыЭлектрТранс» басшысы Талғат Әбдірахмановқа ескерту жасады. «АлматыЭлектрТранс» басшысы аталмыш мәселе бойынша жұмыс істейтінін жеткізді:

«Қазіргі таңда 2441 автобустың 1198-інде  кондиционер бар. 1243 автобуста кондиционер орналастырылмаған. Олар 2017–2019 жылдары алынған ескі автобустар. Ал салқындатқышы бар автобустардың 62-сінің кондиционері бұзылған. 10 күн ішінде Қытай мен Ресейден құрал-саймандары келу керек. 10 күн уақыт ішінде кондицинері бұзылған автобустарды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 77 нөмірлі автобустардың 14-і қатынауда. Интервалдары 21 минутты құрайды. Оны қысқарту бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деді Талғат Әбдірахманов.

 

Жаңа автобустарды сатып алу қарастырылуда

 

Бақытжан Сағынтаев автобус мәселесі бойынша қалада 1000 автобус жеткіліксіз екенін айтты: «Субсидия бойынша автобустардың 50 пайызын жекеменшік компаниялар қамтиды. 50 пайызын «АлматыЭлектрТранс» қамтып отыр. Әкімдік қоғамдық көлік шығындарының көп бөлігін игерсе, жекеменшік компаниялар аз бөлігін қамтиды. Алдыңғы жылы пандемияға байланысты салық төлейтін жағдайлары жоқ екенін, жаңа автобустар алуға қаржылары жетпейтінін айтқан. Алайда, қазір осы мәселелер  бойынша жұмыстар қолға алынып, жаңа автобустарды сатып алу қарастырылуда. Қазірдің өзінде «АлматыЭлектрТранс» арқылы 150 автобус сатып алуға тапсырыс берілген. Жылдың соңына дейін тағы да 150 автобусқа тапсырыс береміз. Сонда әкімдік 300 автобус сатып алады. Бұл 50 пайызы десек, ендігі 50 пайызын жеке меншік компаниялар сатып алуы керек».

 

Тұрғындар тарапынан қолдау мен түсінік керек

 

СҰРАҚ: Қоғамдық көлікпен жүруге қорқамын. Себебі, жолаушылардың тең жартысы бетперде тақпайды. Мүмкін жолаушыларды бақылау үшін автобус жүргізушісіне қосымша ақы төлеу керек шығар? Бұл мәселені шешу үшін талапты күшейту қажеттігі туып тұр.

ЖАУАП: – Былтырдан бері рейдтер тоқтаусыз жасалып, бетпердесіз жолаушыларды автобустан түсуін талап еткені бәріне мәлім.  Мұндай шараларға жолаушылар ашуланып, ескертуге қарсы шығып жатты. Ал автобус жүргізушісіне қосымша ақы төлеу қаншалықты мәселенің шешілуіне әсер ететінін ойлау керек. Бірақ әрбір адам өзіне жауапкершілік алмаса, тәртіпке бағынбайтындар сол күйі бетпердесіз жүре береді. Сондықтан мұндағы басты мәселе – әрбір азаматтың саналы түрде әрекет етіп, өзіне жауап бере алуы. Өйткені, талаптың қатаңдығы да көп нәтиже бермейді. Мысалы, былтыр бетпердесіз жүргендерге айыппұл саламыз деп тәртіпті күшейтпекші болғанда, тұрғындар наразылық танытқан. Билік тарапынан көптеген мүмкіншіліктер жасалып жатыр. Науқас санының көп болмауы, төсек-орындар жеткілікті, дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Біз шектеу шараларын қанша күшейтсек те, тұрғындар тарапынан қолдау мен түсінік керек. Кез келген азаматтың қоғам алдында жауапкершілігі бар. Өзіңізді ғана емес, өзгені де ойлаған дұрыс. Басқалардың ауру жұқтыруына себепші болмаған абзал.

 Алматының шеткі шағынаудандарында

 жолдарды салу мен жөндеу – ерекше бақылауда

 

СҰРАҚ: – Мен Медеу ауданының Таиров көшесінде тұрамын. Таиров, Сырымбет, Лисаковск көшелерінің беткейін нығайту жұмыстары мәселесімен хабарласып тұрмын. Аудан әкіміне байланысу мүмкін болмады. 2017 жылдан бері қалпына келтіруге сөз бергенімен, жөндеу жұмыстары әлі жүргізілмеді. Жауын-шашынның себебінен үйлердің көпшілігі қазір апатты жағдайда тұр.

ЖАУАП: – Бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары Түрксіб, Бостандық және Медеу аудандарында жүргізіліп жатыр. Біз жұмысты бастамас бұрын қай аумақтың қауіпті жағдайда екенін анықтап, қалғандарын кейінгі жылға қалдырып отырамыз.  Сондықтан дәл сіз айтқан мекен-жайдың қаншалықты аппатты жағдайда екенін біліп алу керек. Әрі аудан әкіміне ертең арнайы тексеріс жасап, тиісті шараларды қолға алуын тапсырамын.

СҰРАҚ:  – Мен «Тастыбұлақ» ықшамауданының тұрғынымын. Былтыр біздің ауданда су жүргізіліп, кәріз жүйесі жөнделеді деп еді. Қазіргі не жол дұрыс емес, су да жоқ, интернет те жоқ. Осы орайда қандай жұмыстар жасалып жатыр? Әлде біздің ақпарат сізге дұрыс жетпей жатыр ма?

ЖАУАП: – Дұрыс ақпарат жеткізілмейді деуге келіспеймін. Өйткені, «Тастыбұлақ» ықшамауданына мен өзім арнайы барып, тұрғындарымен жиі кездесіп тұрамын. Яғни, «Тастыбұлақ» біздің күнделікті бақылауымызда тұр. Алматының шеткі шағынаудандарында жолдарды салу мен жөндеу – ерекше бақылауда деп айта аламын. Айта кету керек, ағымдағы жылы 100 шақырымнан асатын жаңа жолдарды салу жоспарланған. Белгілісі, көптеген жылдар бойы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымсыз қалған Алматы облысының елдімекендердің қосылуына байланысты қала аумағы бірнеше рет ұлғайды. Жолдарды, сумен жабдықтау және судан бұру желілерін, балабақшаларды, мектептер мен емханаларды салуға барлық күш жұмылдырылды.

2021 жылы Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы сегіз шағын ауданында жаңа жолдар салу жоспарлануда. Бұлар – «Өжет», «Шаңырақ-5», «Самғау», «Нұршашқан», «Құрамыс», «Әлмерек», «Қайрат», «Алғабас» шағынаудандары. Осы шағынаудандардағы 415 көшеде ұзындығы 108 шақырым жаңа жолдар салынатын болады. Сонымен бірге, «Думан» шағынауданындағы ұзындығы 30,5 шақырым болатын 53 көшеде жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 5,6 шақырым болатын 11 көшеде жұмыс аяқталды. Қалған 42 көшені аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін жоспарланған.

Бұдан өзге, ұзындығы 227,5 шақырым болатын 225 көшеде жол жабынын жөндеу жоспарлануда. Қазіргі кезде 66 көшеде, оның ішінде 12 магистральды және 54 жергілікті маңызы бар көшелерде  жұмыстар жүріп жатыр.

Ал интернет мәселесі осыған дейін де көтерілген болатын. Интернет орнату үшін тұрғындар өзара келісу керек. Төлем құнын қымбатсынып, бас тартқан тұрғындар да болған. Жеке инвестордың қаржысының есебінен болғандықтан тегін интернет деген болмайтынын да ескеру керек. Оған келіспейтін болса, мобильді интернетті қолдануға тура келеді.

***

Бір сағатқа созылған эфир барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарын мазалаған көптеген сауалдарға жауап берді.  Шаһар басшысы алматылықтарды денсаулықтарына немқұрайлы қарамауға, бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтап, қол тазалығын мұқият қадағалап, пандемия кезінде бір-бірімізге жанашыр болуға үндеп, барша тұрғындарды індетті жеңудің бірден-бір жолы – екпе алуға шақырды.

 

Дайындағандар Әсел ДАҒЖАН, Айым НҰРМАН,  Айжан БҮРКІТБАЕВА.