Байланыс сапасын арттыру үшін елімізде жыл сайын «базалық стансалар» саны көбейіп келеді

Байланыс сапасын арттыру үшін елімізде жыл сайын «базалық стансалар» саны көбейіп келеді
Сурет: Aikyn.kz

Бүгінде елімізде осындай 41 мыңнан астам станция бар. 

Халқы 200 мыңнан асатын 1432 ауыл әлі кеңжолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Елімізде 6 406 елді мекен бар, оның 4 974-і, яғни 77 пайызы мобильді интернетке қосылған. Оның ішінде 2 928 елді мекен 4G-ге қосылған, қалғаны 2 046 3G технологиясымен қамтамасыз етілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қосымша 241 АЕМ интернетке қосылды және 1 059 АЕМ-де сапа жақсартылды», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында.

Ведомство басшысының айтуынша, байланыс сапасын арттыру мақсатында жыл сайын «базалық стансалар» саны көбейіп жатыр.

«Бүгінде елімізде 41 мыңнан астам «базалық станция» орнаттық. Бұл жыл сайын жаңа станциялардың 3 мыңға өсетінін білдіреді. Барлық елді мекендердің 25 пайызы ADSL технологиясымен, яғни мыс сыммен және 33 пайызы ғана оптикамен қосылған. Сонымен қатар, халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетпен қамтылмаған», - дейді ол.