BATYR.GÜL: Алматыда Батырхан Шүкеновты еске алуға арналған концерт жаңа форматта өтеді

BATYR.GÜL: Алматыда Батырхан Шүкеновты еске алуға арналған концерт жаңа форматта өтеді
Сурет: Vecher.kz

Жаңа форматтағы концерт Батырдың шығармашылығына табынушыларды барынша көбірек қамтуға мүмкіндік береді

Әнші, композитор Батырхан Шүкеновтың 60 жылдық мерейтойына орайластырылған концертті бастапқыда Абай алаңында өткізу жоспарланған. Бірақ жауынды-шашынды ауа райы болу ықтималдығына байланысты, іс-шараны Республика сарайында өткізу шешімі қабылданды. Бұл туралы "Батырхан Шүкенов" атындағы ҚҚ директоры Наргиз Шүкенова журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Республика сарайының алдында концертті онлайн-трансляциялау үшін LED-экрандар және дыбыстық аппарат орнатылады. 

«Осындай форматтың арқасында концертті көретін көрермендер аудиториясы кеңінен қамтылады деген сенімдемін. Заманауи технологиялар көрерменге концертті  алаңда тұрып тамашалағандай әсер етеді деп ойлаймын», – деді Наргиз Шүкенова.

Концерттің көркемдік жетекшісі ҚР халық әртісі  Жәния Әубәкірова концерт бағдараламасына түрлі музыкалық бағыттар бойынша түрлі жас өкілдері қатысады деп мәлімдеді.

Концертте Батырхан Шүкеновтың көпшілікке жақсы танымал «Отан Ана» альбомынан сүйікті әндер орындалады. Сонымен қатар, әншінің "Арай" тобы құрамында орындаған әндері, сондай-ақ, халық әндері шырқалмақ. Әншінің хит туындыларын танымал қазақстандық әртістер мен Рүстем Нұржігіт,  Марсель, Jeltoksan, dudeontheguitar, Шаба, Nasiafromasia, SoulNote, Makvin, Qazyna вокалды тобы ұжымдары орындайды. 

Естеріңізге сала кетейік, залға кіргісі келетіндердің барлығына Ticketon-да тіркеу ашылды, билеттер тегін таратылды. Концертті ауыстыру туралы хабарланғаннан кейін бір тәуліктен аз уақыт ішінде 2000-нан астам билет брондалды.

Концерт 20 мамыр күні 19:30-да өтеді.