Басқа әлем...

Басқа әлем...
Сурет: YouTube

ХХІ ғасыр. Жаһан. Болашақ культі.

Басқа әлем, басқа заман, басқаша адамзат. Бұл өткен мен бүгін және болашақтың концепциясы. Көз алдымызда әлем өзгеріп барады. Соңғы 2 жыл пандемия жағдайында өтуде. Бұрын мүлдем ойламаған жаңаша кезеңге қадам бастық. Жаңалық көп. Дүниенің бір шетінде Илон Маск ғаламды таңдандыруда. Дүниедегі ең бай адам Amazon компаниясының игесі Джеф Беззос болды. Біздер көретін жаңашылдық әлі алда болмақ. Біздер осы бағытта біршама ой тербеп, зерделеп, жүйелеп, пайым-парасатты түрде ой-талқылауды жөн санадық.

Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
– Қызыққа тоймас адамзат! - депті Бұхар жырау бабамыз. Тауып айтылған сөз. Арадан жылдар жылжып, сағат судай ағып, тағатсыз минуттар өтсе де өзекті болуда.

Тарихта талай данышпан өтті. Сонау ежелгі Рим империясы жарты әлемге атағы шықса да, оның да дәрмені түгесілді. Еуразия континентін түгелдей уысында ұстаған Ғұн, Сақ берісі Түркі патшалықтары да өз орнын тарих сахнасынан босатты. Шыңғысхан күллі дүниені дүр сілкіндірді. Әмір Темір оның ізін жалғады. Әлемдік өркениетте өз қолтаңбасымен Осман империясы билік құрды. Осы аталғандардың бәрі бір-бір дүлей дауылдай есім. Бірегей тұлға. Арысын әркім өз қиялының шарықтау шегінше ойлар. Бәлкім сынар. Мүмкін мадақтар!!!

Жер планетасы адамзат пен табиғаттың үйлесімінен тұрады. Мұны сақтау, қастерлеу парыз. Мұнсыз тіршілік жоқ. Табиғат адамға, адам баласы табиғатқа зарар бермегені хақ. Бірінші табиғи құбылыс болуы ықтимал. Десе де, шөптің басын жел қимылдатпаса, шөп қозғалып несі бар?!

ХХІ ғасыр

Біздер мүлде басқаша жағдайда ғұмыр кешудеміз. Ал ХХІ ғасырды арпалыс дәуірі дер едім. Неге? Себебі адамзаттың бір уақытта мұншалықты басқа арнаға бұрылуы күтпеген сенсация. Пандемия бізді өзгертті. Басқалай өмір сүру дағдысын көрсетті. Көлік-логистика, сату, сатып алу, маркетинг, менеджементтің не екендігін үйретті. Ең негізгісі «онлайн» терминіне жан бітірді. Бұрынғыдай жұмысқа жегіліп, таңнан кешке дейін отырудың аса қажет еместігін ұғындырды. Бір адам бір мезетте өзінің қолындағы смартфон, компьютер арқылы жұмыс атқара алатынын түсінді. Тіпті үйде отырып, сервистік қызметтердің оңай әрі тез алынатынын білді. Соған бейімделіп қалды. Бұрынғыдай мекеме, кеңсе жағалаудың қажеті шамалы. Бастысы интернетті тиімді пайдалана алсаңыз болғаны. Аржағында бәрі қолжетімді. Әсіресе, банктегі есеп шотты білу үшін банкомат, терминал іздемейсіз. Бәрі «онлайн» байланыспен жүзеге асады. Бір сәтте бірнеше іспен айналысуға мүмкіншілік туды. Бұл бір басқа әлем, басқа заман.

АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай әлемнің алдында шыққалы қай заман. Десе де, енді дүниежүзілік қаржы, бизнес, экономика саласына жаңа атаулар қосылуда. Бүгінде  Жерорта теңізі жағалауындағы  Араб Әмірліктері, Түркияның қарқыны айрықша. Құтты дамудың даңғыл жолына түскендей әсер қалдырады. Ол солай да. Біртіндеп посткеңестік елдерге таман қарыштап өркендеудің лебі келіп жатқандай. Яғни біздерге ойысты. Соның ілгерісінде Қазақ елі бар. Күн өткен сайын өркениет көшінің ығын бағып, қаржының қай саладан өндіріліп жатқанын бағамдауда және сол бағытта оңтайлы жұмыс атқаруда. Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған алтын көпір. Ең негізгісі осыны әрмен қарай жалғай беру керек. Біздер арқылы жүк тасымалы жасалады. Батыс Еуропа, Батыс Қытай автодәлізі өтіп жатыр. Осы мегажобаның едәуір бөлігі біздің тарапқа тиесілі. Сондықтан осының бәрін ұдайы ойластырып, қаржы түсіру жайын пысықтай берген жөн. Солай жасалып та жатыр. Қарап бағамдар болсаңыз, мұның барлығы елдің әлеуетін көтеретін өте тиімді дүниелер саналады.

Болашақ культі

Болашақ – басы істегеннің қолында. Сол адам күллі адамзатты басқарады. Билейді. Әмірін жүргізеді. Бұл – шындық! Ауыспалы мағынада ой тербегенде – осылай. Нобель сыйлығының лауреаты Митео Каку болашақтағы әлемнің алдында бірқатар өзгеріс болатынын айтуда. Жапон тегінен шыққан футурологтың айтуынша, осы күнгі қолданыста жүрген бірқатар мамандықтар маңыздылығын жоймақ. Мәселен, жақында шетелдік журналдардың бірінен «ковид-кеңесші», «медицина менеджері», «нанотехнолог» т.б кәсіптердің пайда болатынын көзіміз шалды.

Біздің ойымызша, келешекте белгілі бір мекемеге барып, онда 8-9 сағат жоғалтудың қажеті болмайды. Компьютермен атқарылатын істердің бәрі қолжетімді әрі онлайн форматта болмақ. Әсіресе, ақша аударым, қызметке тұруда үлкен өзгеріс орын алады. Бухгалтерия, кадр, т.б құжаттармен жұмыс түгелдей компьютерлік жүйеге ауысады. Тиражбен шығатын баспасөз орындарының орнын электронды медиа басады. Мемлекеттік қызметтер тек электронды түрде алынады. Қажетті құжатты үйде отырып ала беретін жағдайға жетесіз.

Осының екінші жағы бар. Енді қозғалыс азаймақ. Физикалық іс-әрекеттерді адамдар тек фитнес-жаттығу, т.с.с. залдарында жасауы бек мүмкін. Есесіне, уақыт молырақ болады. Дегенмен смарт құрылғыға байланған уақыт болмақ. Мұны нағыз жаһандану кезеңі дейміз.

Түйін

Әлгінде  әдейі әріден тамыр алып бастадық. Біршама тарихты қозғадық. Қысқа да нұсқа айтып өттік. Әрбірі том-том романның бастауы десек те, артық емес. Бүгінгі ХХІ ғасырға тоқталдық. Бұл ғасыр әлемді өзгерткен ғасыр болып тарихта қалады. Бұған дейінгі дәстүрлі өмір сүрудің кезеңі аяқталып, жаңа заманға қадам басқан уақыттың басталған жол айрығы ретінде адамзат есінде мәңгі қалады. Ал болашақ біздер экшн фильмдерден көрген шытырман оқиғаға толы болары анық. Аспанда адамдар неше түрлі құрылғы, смарт транспорт, машинаның көмегімен ұшу дәрежесіне жетеді. 100 жыл уақыт, 10 жылдың, тіпті, одан да аз уақыт көлемінде өтуі ғажап емес.

Адамзат үшін өткен тарих. Бүгінім тіршілік жасамақ мақсатта. Болашақ - арман және үлкен мүмкіндік. Біздер үш кезеңді зерделей келе топтадық. Келелі ойларды ортаға салдық. Аз-кем болашаққа көз жібердік. Меніңше, болжам айттық десек те, артық емес шығар.