БАРЫП ҚАЙТ, БАЛАМ, АУЫЛҒА

9

Рая ЕСКЕНДIР

 

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында белгiлi композитор Темiрәлi Бақтыгереевтiң «Барып қайт, балам, ауылға» атты шығармашылық кешi өттi. Өнер көгiнде әсем әнi қалықтаған, халқының махаббатына бөленген жанның сұлу да сырлы, бойды алған әсем әнiмен тағы да сусындап, танымал композитордың өзiн көруге асыққан жандар бұл күнi Студенттер сарайының алдына лық толды.

10

Әсiресе, соңғы жылдары өзi де көрiнбей, әнi де естiлмей кеткен жанмен тiкелей кездесiп, амандығын бiлгiсi келген жандар кеш иесiн межелi уақыттан бұрын келiп тосып тұрды. Осыдан 11 жыл бұрын әл-Фараби мен Достық даңғылдарының қиылысында көлiк апатына ұшырап, қол арбаға таңылған сұлу саз иесi ұмыт болуға айналған едi. Тiптi, ұмытып кеттiк десек те болады.

Осы тұста «асыл кездiктiң қап түбiнде жатпайтынын» тағы бiр мәрте дәлелдеп, елдiгiмiздi таныттық. Қазақтың сандуғаш үндi әншi қыздарының бiрi – Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Сұлушаш Нұрмағамбетова жiгiтке бергiсiз ерлiк танытып, тәуекелге бел буған едi.

– Кезiнде бiздер, әншiлер қауымы, Темiрәлiнiң әнiн айтқымыз келетiн. «Тамаша әндерi кiмге бұйырар екен?» деп қызыға күтiп жүретiнбiз. Бiрде теледидардан көптен көрiнбей кеткен Темiрәлi туралы хабар көрсетiлiп, әлгi жерде өзiм қатты күйзелiп, жылап алдым. Содан, дереу Темiрәлiнi iздеудi бастадым. «Самалдағы» үйiне хабарласып, әйелi Жәмиләмен ссйлестiм. Неге бiз тасада тығылып отыруымыз керек, Темiрәлiнiң әндерiн жарыққа шығарайық. Шығармашылық кешiн өткiзейiк, – деген едiм. Мiне, сәтiн салып, өнердi, Темiрәлiнiң әндерiн құрметтейтiн өнерпаздар жұмыла көтерiп, осы кештiң өтуiне қолдау көрсеттi, – деген Сұлушаш Құлжабайқызы өзiнiң мұндай кештi алғаш рет ұйымдастырғанын, қатты толқып тұрғанын да жасырмады.

«Темiрәлiнiң өнерi үшiн продюсер болып кеткен де жәйiм бар», – дейдi әншi. Сонымен, көптiң сағына күткен кешi Темiрәлi Бақтыгереев туралы түсiрiлген кинофильмнен үзiндi көрсетiлуiмен басталды. Алғашқы орындалған әндердiң бiрiнiң тағдырына тоқтала кетейiк. Кезiнде 5-сынып оқып жүрген Темiрәлi Бақтыгереевтi әкесi Саратов облысына апарып, кiшкене гармонь сатып әперген екен.

Бала Темiрәлiнiң өнерге деген қызығушылығының бастауы болған ойыншық гармонь оның нағыз өнер жолын таңдауына ықпал етiптi. Кейiн досы Орынбай екеуi бiлiм iздеп жолға шыққалы тұрғанда әкесi ұлының қолына қомақты қаржы ұстатыпты да, «балам, ендi мына қаржыға нағыз гармонь алуыңа болады» деген екен. Сол жолы сатып алған гармонымен Темiрәлi талай әндi дүниеге әкеледi.

Ең алғашқы «Мектебiм» әнiн танымал әншi Мейрамгүл Орашева «Виват» ансамблiмен бiрге орындады. Осыдан соң, Қайрат пен Жұлдыз есiмдi жас әншiлер «Алматым деп ән салам» деп аталатын әндi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Сүлеймен Ибрагимов «Перiште қыз» әнiн, әншi Бибiгүл Қилымхан ссзiн де, әнiн де Темiрәлi Бақтыгереев жазған «Ауылым менiң» әнiн, әншi Әдiл Сламхан ақын Дәуiтәлi Стамбековтiң сөзiне жазылған «Сәулетайым», ал, Юрий Копунов «Еркем менiң» деп аталатын туындыларды орындап, көптiң көңiлiн тербедi.

Сонау Атыраудан осы кешке арнайы келген әншi Гүлмайдан Сүндетова «Әнiм Шәмшi» әнiн, Медеу Арынбаев ақын Абдрахман Асылбектiң сөзiне жазылған «Қазақтың палуандары» әнiн, «Аққуымды сағындым» деп аталатын М.Құл-Мұхамедтiң сөзiне жазылған әндi Саят Медеуов, «Жан аға» әнiн Гүлнар Сиқымбаева, ал талай ғашықты табыстырып, махаббатының куәсi болған, диалог негiзiнде жазылған «Ғашықтар сенiмi» әнiн жұлдызды жұп – Мирас пен Құралай құлақ құрышын қандыра шырқап бердi.

Тау етегiндегi сұлу әуен тұнған кеш нағыз ауылын сағынған, бауырын, туған жерiн сағынған жандарға арналған кеш болды десе де болғандай.

Кезiнде кинорежиссер Қалила Омар түсiрген «Мұстафа» фильмiн әуенмен әрлеген Темiрәлiнiң «Барып қайт, балам, ауылға» деп аталатын әнiне марқұм Мұстафа қатты тебiренiп, көзiне жас алған екен. Әрi осы әннiң фильмнiң басынан соңына дейiн тербеле ойнап тұруын өтiнiптi.

Сахнаға шыққан ҚР Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов орындаған «Барып қайт, балам, ауылға» әнiн көрермендер зор ықыласпен, ду қошеметпен қарсы алды.

– Әннiң құдыретi сол, әнмен – наз, әнмен – сыр айтуға болады. Кез келген қазақтың әншi болып кететiнi де сондықтан. Қазақта талант көп, сол көп жүйрiктiң бiрi – орталарыңызда отырған Темiрәлi Бақтыгереев. «Барып қайт, балам, ауылға» әнi қазақтың мұңын, шерiн тарқатқан ән болды. Осы ән арқылы дүниенiң төрт бұрышына тарыдай шашылған бауырларымыз туған топырағына ағылды. Жерге тiзерлеп, тәу еткен талай қандастарымыздың көзiнен тамған жасты көрдiк. Бұл ән Айсұлу Қадырбаева мен Темiрәлi Бақтыгереев сынды ерекше сыршыл жандардың жүректерiнен бұлқынып шыққан, жан тебiренiстерiнен туған дүние едi. Шетте жүрген бауырларымыздың басын қостырған да осы шығарма болды.

Өнер жолы аумалы-төкпелi. Өнерпаздың да тағдыры солай болып келедi. Жығыласың, тұрасың, жеңiлесiң, жеңесiң. Темiрәлiдей тума таланттың басына салған бұл да бiр сынақ шығар. Мойымаңыз, – деген Тұңғышбай Жаманқұлов осы кешке шашу ретiнде «Өнер адамдары» деп аталатын тамаша әндi орындап бердi. Қандай да бiр кеш өткiзу оңай шаруа емес. Той өткiзгенмен бiрдей. Соған қарамастан  нерпаз әрiптесiне қолұшын берiп, осы кештiң өтуiне бар күшiн салған Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Сұлушаш Нұрмағамбетова ақын Фариза Оңғарсынованың сөзiне жазылған Темiрәлiнiң «Кешiр менi» және «Қайырлы кеш, Алматы» әндерiн нақышына келтiре шырқады. Көрерменi көптен берi көз жазып қалған әншi Нұрлан Өнербаевты жұртшылық зор құрметпен қарсы алды.

– Қазақ өнерiне сүбелi үлес қосқан Темiрәлi ағаның «Сағыныш» деп аталған әнi менiң сахнада әншi ретiндегi тұсауымды кескен туынды болды. Осы ән арқылы менiң гитара аспабына да қызығушылығым артты. Осы «Сағыныш» әнi композитордың папкасында 10 жыл бойы жатыпты. «Бағын ашқан өзiң болдың», – деушi едi.

Содан кейiн де бiрнеше әндерiн орындадым. Күйтабақ та шығардық. Мынадай үлкен сахна болмаса да, кiшiгiрiм залдарда кездесулер өткiзген едiк, – деген әншi ақын Фаризаның сөзiне жазылған «Сағыныш» пен Д.Стамбектiң сөзiне жазылған «Таңғы тiлек» деп аталатын әндердi орындады. Кеш тiзгiнiн қолға алған жүргiзушiлер де осал жандар емес. Олардың бiрi – Қазақ радиосының «Ақ тiлек» құттықтау бағдарламасының жүргiзушiсi, сөзi де, өзi де әдемi әрiптесiмiз Гүлмира Нәлiбай мен көпшiлiктiң ыстық ықыласына бөленген «Айтуға оңай» ток-шоуының жүргiзушiсi, белгiлi журналист Бейсен Құранбек кештiң мазмұнды, әсерлi өтуiнде өз шеберлiктерiн көрсеттi.

– Сұлушаш болмаса, бұл кеш бәлкiм өтпес пе едi, – деп ағынан жарылған композитордың жұбайы Жәмилә апай барлық тiлектес жандарға деген ризашылығын бiлдiрумен болды.

Ал, композитордың бала күнiнен бiрге өскен досы Жоламан Аманғалиев «Бiз Темiрәлi екеумiз бiр ауылда, бiр мектепте оқыдық. Орал облысының, Казталовка ауданындағы Ленин атындағы колхоздың Березин деген ауылында өстiк. Мектепте жүргенде өнерге бейiм болды. Мектептен соң музыка училищесiн бiтiрдi. Әуезов театрында, Құрманғазы атындағы оркестрде қызмет еттi. Кейiн еркiн шығармашылықпен айналысты. Кезiнде «Алатау» деп аталатын арна болған едi. Сол арна жұмысын бастағанда Темiрәлiнiң «Қайырлы кеш, Алматы» әнi тербелiп тұратын. Кейiн бұл арна жабылып қалды да, Темiрәлi де көрiнбей кеттi. Кезiнде Темiрәлiнiң әнiн Серiк деген бiреудiң әнi екен деп шатастырған да кез болды. Сол кезде Темiрәлi анда барып, мұнда барып жүрiп, өзiнiң сәбиiндей болған әнiн «ақтап» алған едi.

«Барып қайт, балам, ауылға» әнiнiң сөзiн жазған ақын Айсұлу Қадырбаеваның өзi ән Темiрәлiнiкi екенiне куә ғой, – десе, атақты ақын Айсұлу Қадырбаева таланттың басына күн туғанда елдiктiң үлесiн танытқан өнерсүйер қауымға деген ризашылығын бiлдiрiп, Темiрәлi Бақтыгереевке «Мойыма, ғұмыр бойы майданның шебiндемiз, жарты қадам кейiнге шегiнбеңiз» деп басталатын отты өлеңiмен кештi аяқтады.

Темiрәлi Бақтыгереевке бұл күнi мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамедтiң бұйрығымен «Мәдениет саласының үздiгi» деп аталатын атақ пен төсбелгi табыс етiлдi. Батыс Қазақстан облысының әкiмi атынан, «Қадыр Мырза-Әлi» қоры атынан сый-сияпаттарды әншi Донедiл Қажым табыс етiп, Темiрәлiнiң әндер жинағын шығаруға уәде еттi. Ал, кеш иесi өз ризашылығын бас бармағын көрсетiп, қолын жүрек тұсына қойып, көрсетумен болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *