Баршаға бірдей мүмкіндік

Баршаға бірдей мүмкіндік
omsk.bezformata.com

Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында «Еліміздің бас­ты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты» деген болатын. Яғни Прези­дентіміз халық әлеуетін көтеруге баса назар аударып отыр. Осы орайда, еліміздегі кедейшілік деңгейі 20 жылда 9 есе төмендегенін айта кеткен жөн.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің дерегінше, халықты әлеу­меттік қолдау жөніндегі белсенді шаралар­дың арқасында 2001–2021 жылдар кезеңінде Қазақстанда кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық­тың үлесі 46,7%-дан 5,2%-ға дейін төменде­ген.

Әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті және оның тиімділігінің басты өлшемі – Қа­зақстан халқының әл-ауқатын ұдайы артты­ру. Елдегі кедейлік деңгейінің серпінді тө­мендеу үрдісі 2000–2005 жылдар кезеңінде қолданыста болған республикалық бағдарла­маларды іске асырудың нәтижесі болды. Бұл үдерісте 2002 жылы күшіне енген «Мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Бұл құжатта қандай да бір объективті себеп­терге (жасына, уақытша еңбекке жарамсыз­дығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз тыныс-тіршілігі үшін жағдайларды қамтамасыз етуде қиындық көріп отырған табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету көзделді.

Елдің индустриялық дамудың жаңа ке­зеңіне өтуі жағдайында қолданыстағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қа­рау, АӘК күшейту, енжар көмектен өмірлік қиын жағдайды еңсеру үшін отбасылардың еңбек белсенділігі мен күш-жігерін ынталан­дыратын белсенді саясатқа көшу қажеттілігі қалыптасты. Осыған байланысты 2020 жыл­дан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсе­тудің қолданыстағы жүйесі түзетілді. Негізгі бағдар еңбекке ынталандыру, табысы аз аза­маттардың табыстары мен мемлекеттік қол­дау мөлшерлерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету бол­ды.

Министрлік мәліметінше, бүгінгі күні белгіленген әлеуметтік көмек қоғамның осал топтарына уақытылы берілуде. 2022 жылдың 1 қазанына әлеуметтік топтама алушылар саны 343 мың баланы құрады, оның ішінде азық-түлік пакетін 1 жастан 6 жасқа дейінгі 178,4 мың бала, «Жаппай оқыту» қоры шең­берінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі 164,6 мың бала көмек алды. Жалпы республика бойын­ша 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 43 млрд теңге төленді.

Дегенмен, Мемлекет басшысы өткен Жолдауында әлеуметтік қамсыздандыру жү­йесіне өзгеріс енгізу керектігін де айтты: «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жа­рым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Бала­лардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады».

Президентіміз белгілеген бағытты назар­ға ала отырып, билік тарапы еңбекке ынта­ландыруға және табысы төмен отбасылар­дың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне тиісті деңгейде көмек көрсетеді, әлеуметтік төлем­дердің ашықтығын және әділдігін қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді деп сенеміз.