«Барлық күш-жігерім, тәжірибем, ақыл-ойым Қазақстан халқына қызмет етуге арналады»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

«Барлық күш-жігерім, тәжірибем, ақыл-ойым Қазақстан халқына қызмет етуге арналады»

Астанада Елбасының қолдаушылары дүбірлі форум өткізді

Кеше Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде республиканың барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлерінің және жастар өкілдерінің  қатысуымен «Елбасымен бірге, алға!» форумы өтті.

Аталған дүбірлі форумға келген мемлекет басшысы 3-сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында халық берген мандат еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға, әлеуметтік жаңғыруға пайдаланылатындығын жеткізді.

«Халық берген мандатты біздер мен сіздер келешектегі бірлескен күрделі жұмыстарды істеуге, еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға, әлеуметтік жаңғыруға, ауылшаруашылығын, білім саласы мен денсаулық сақтау саласын көтеруге және еліміздегі азаматтарға көмек көрсетуге пайдаланатын боламыз. Ауылды елдімекендердегі біздер шағын несиелер беретін боламыз. Жұмыссыздарды оқытып, оларды мамандыққа баулып, жұмысқа орналастыратын боламыз. Жаңа индустриялық кәсіпорындарда жұмыс істеулері үшін жастарды оқытатын боламыз. Бұл мүлдем басқа сапа, басқа жұмыс, басқа өмір болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөйлеген сөзінде.

Елбасы жастардың ең үздік білім алулары үшін мемлекеттің барлық жағдайды жасап жатқанын, бұрынғы буынға ондай білім алу арман болғандығын атап көрсетті. «Біздің жастар тек шетелдік жоғары оқу орындарында ғана білім алып жатқан жоқ, елімізде университеттер, зияткерлік мектептер құрудамыз. Осының барлығы еліміздің келешегі, жастардың келешегі үшін жасалып отыр», – деді бұл орайда мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы өзінің болашағына негізделген ел ішіндегі бірлікті сақтайтынын дүние жүзіне өркениетті мемлекет екенін тағы да бір дәлелдеп көрсеткенін атап өтті.

Осы орайда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына 1 мыңнан астам шетелдік байқаушылар қатысқанын, сондай-ақ, олар ауқымды шара барысында ешқандайда кемшіліктерді байқамағанын және сайлауды заңды деп танығанын атап өтті.

«Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында үлкен сайлау өткізіп, төрткүл дүниенің назарын Қазақстанға аудардық. Ашық әрі нағыз әділ болған сайлаудың нәтижесінде, жаңа хабарлаған мәлімет бойынша Қазақстан сайлаушыларының 90 пайыздан астамы мені қолдап дауыс берді. Бұл жеңіс – баршамыздың жеңісіміз. Яғни, Қазақстан халқының жеңісі», – деді Президент.

«Сіздерге, сіздер арқылы барлық қазақстандықтарға сайлауда маған көрсеткен жоғары сенімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Менің барлық күш-жігерім, менің тәжірибем, менің ақыл-ойым Қазақстан халқына қызмет етуге арналатын болады. Әрқашан осылай болған және солай бола береді де», – деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар: «Сайлаушылардың 90 пайыздайының сайлауға қатысуы және 90 пайыздан астамының мені қолдағандары Батыс елдері үшін – сенсация. Әдетте, Президент сайлауы халықты, елді әртүрлі партиялық блоктарға бөлетін болса, біз біріге алатынымызды көрсеттік. Әлемнің әр түпкірінде қантөгістер, ұлттар арасындағы жанжалдар болып жатыр. Біз, Қазақстанның барлық ұлттары мен ұлыстары, барлық діндері біртұтаспыз. Кейбір елдерде жұмыс орындары қысқартылып, зауыттар тоқтатылуда,  ал біз зауыттарды тұрғызып, жаңа жұмыс орындарын құрудамыз. Кейбір елдерде зейнетақылар қысқартылып жатса, біз оны ұлғайтудамыз. Кейбір елдерде айлық жалақы қысқартылуда, біз оны ұлғайтудамыз», – деп атап өтті.

Елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде мемлекет басшысын қолдаған ауқымды форум еліміздің зиялы қауымнан құралған тобының құттықтауларымен, танымал әншілердің концертімен жалғасты.

«Ақшам-ақпарат»

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *