Барлық байлық – кітапта

 

Бірде қолыма Дейл Карнегидің кітабы түсті. Алғашқы тарауын қалай оқи бастадым, бас көтере алмай қалдым. «Адам психологиясын түсінудің әліппесі» саналатын Карнегидің сол кітабы менің өмірімді өзгертіп қоймай, мінезіме де әсер еткені бар. Дәл солай, адамның болмысы мен ойының өзгеруіне әсер ететін кітаптар көп. Ол қандай кітап болуы мүмкін?

 

Жаңылай БАЗАРБАЙ,  журналист:

 Құнды кеңес

 Соңғы жылдары Орхан Памуктың кітабын оқып жүрмін. Одан бөлек, ойыма әсер еткен бір кітап бар, ол ұлыммен байланысты. Балам Асылхан үш жасқа толғанда, аулаға шыққанда ойнап жүрген көршінің балалары жер тепсе, ол да жер тебеді, жүгірсе жүгіріп, әйтеуір балалардың қылығын айнытпай қайталайды. Соған алаңдап, құрбыларымнан сұрасам: «Балаңды балабақшаға беру керек, ортаға араластыр», – деген кеңес берді. Ал Асылханның балабақшаға барғысы жоқ. Күнде таңертең бармаймын деп жылап қалады.

Бірде жолда келе жатып уақыт өткізу үшін Масару Ибуканың «После трех поздно» деген кітабын қолым алдым. Сөйтсем, онда менің баламның жағдайы жазылған екен. Үш жаста бала айналасын көшіріп, қайталай бастаса, оның шығармашылық қабілеті дамып жатыр деген сөз. Қорқатын ештеңе жоқ, ол табиғи құбылыс дейді. Жүрегім орнына түсіп, қуанып қалдым. Осыдан кейін қандай мәселе болсын, әркімнің айтқанына жүгірмей, кітаптан іздену керек екен деп ой түйдім. Содан кейін өзім де білмей тұрсам, ешкімге артық кеңес бермейтін болдым.

 

АҚЖОЛТАЙ, IT маманы:

Сенімділік оянды

 Дэвид Шварцтың «Искусство мыслить масштабно» атты кітабын оқығаннан кейін жұмысымды жақсы көріп істейтін болдым. Өзіме деген сенімділік пайда болды. Бір айдан кейін жұмыста айлығым өсті, екінші айда тағы көтерілді. Жұмыста белсенді бола бастадым. Өзімнің ойымды айтып, мен де бастама көтеруді  үйрендім.

 Закир ӘССӘТТІЛЛӘҰЛЫ,  күзетші:

 Үйге кітап жинамаймын…

 Мектепте мұғалімдер әлдебір кітапты оқуға тапсырма берсе, сабақтан қайтарда кітапханадан соны алып, үйге жеткенше оқып баратынмын. Отын бұтап, қой баққан кезде де оқып жүретінмін. Кітапты тез оқысам да, көрген, оқыған нәрселерді есімде жақсы сақтаймын. Атамыз молда кісі болған. Құран кітапты жиі парақтайтын. Соған қарап мен де Құран кітапты оқып, сүрелер жаттайтынмын. Айтқым келгені – жаттау арқылы жадыны жаттықтыруға болады. Туыстардың, таныстардың үйіне барғанда дұрыс кітап болса, сұрап аламын. Оқып болған соң апарып беремін. Бірақ үйге кітап жинамаймын. Сұрап алғанымды қайтарамын, ал сатып алғанымды оқысын деп жұртқа беремін. 250-300 беттік кітапты екі күнде аяқтаймын. Былтыр карантин кезінде бір айда 13 кітап оқыппын. Қазір Д.Қонаевтың еңбегін оқып жүрмін. Кітап оқымай өткізген уақытым есімде жоқ.

 

Алтынай МЕКЕМБАЙҚЫЗЫ,  мұғалім:

 Сырты жұқа, іші қалың

 Оқыған кітаптарымның ішінде ерекше әсер еткені әрі жолдасым екеуміз бірге оқыған кітаптың бірі – Сайдмурод Давлатовтың отбасы бақыты жайлы кітабы. Өзіміз аңғарып, кейде аңғармай жасаған қателіктердің бәріне осы кітапта талдау жасалады. Әйел адам мен ер адамның бір-бірін түсініп, бір-біріне ауыр сөз айтпай, жақсы көруі дегеніміз, бір-біріне қызмет етуі екенін түсіндім. Біздің елде қазір ажырасу деңгейі өте жоғары. Осы кітапты оқыса, ерлі-зайыптылар отбасында болатын ұрыс-керіс, түсініспеушіліктердің алдын алар еді. Кітаптың сырты жұқа болса да, іші «қалың».

 

Сауалнаманы жүргізген Әсел ДАҒЖАН.

 

 Тақырыпқа орай

 Сыйлыққа – кітап

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Яғни адамдар бір-біріне себепсіз-ақ кітап сыйлап, бір-бірін қуантады. Бұл мерекеге Америкадағы Delightful Children’s Books сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур себепкер болған. Балалар әдебиетімен айналысатын Эммиден ұлы бір күні: «Адамдар бір-біріне себепсіз кітап сыйлайтын атаулы күн неге жоқ?», – деп сұрайды. Бұл Эммиді шабыттандырып, әлеуметтік желілерде осы идеяны көтере бастайды және оны қолдаушылар өте көп болады. Адамдар бұл акция аясында балаларына, бір-біріне кітап сыйлап қана қоймай, өздерінің кітапқа  байланысты оқиғасын айтып, инстаграм, фейсбукте бөлісе бастайды. Осылайша бұл бастама әлемге таралып, бүгінде 14 ақпан – Кітап сыйлау күніне айналып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *