Барлық үйге жылу берілді – Екібастұздағы жедел штаб

Барлық үйге жылу берілді – Екібастұздағы жедел штаб
Сурет: Ашық дереккөз

Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Екібастұз қаласындағы апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб 7 желтоқсанның таңына дейін атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің Telegram-каналына сілтеме жасап.

Жедел штаб басшысы – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 7 желтоқсан сағат 08:00-дегі жағдай бойынша, зардап шеккен барлық үйге жылу берілді. Желілік судың параметрлері: қысымы 8,8 кг/см2, түзу бағытта 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градусты құрайды.

«Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылуды қалпына келтіру бойынша қажетті барлық жұмысты атқарып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың салдарынан болған гидравликалық режимнің баланстан ауытқуы, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатып отыр.
Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз», - делінген жедел штаб мәліметінде.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр апат салдарын жою жұмыстары аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.